«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Шеңберге де сыймаймын, қалыпқа да…

Мұғалжарлық ақын Нұрбол ИБРАЕВ 1991 жылы 17 сәуірде дүниеге келді. Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қалалық №2 орта мектебінде 1998-2009 жылдар аралығында білім алды. 2009 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына қабылданып, аталмыш оқу орнын 2013 жылы тәмамдап шықты. 2013- 2014 жылдары Қандыағаш қалалық №5 орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі және ұйымдастырушы педагог, 2014-2017 жылдары аудандық білім бөлімінің әдіскері, 2017- 2019 жылдары Н.Крупская атындағы негізгі орта мектебінің директоры, қазіргі таңда Жұрын ауылындағы Қ.Жұбанов атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің директоры қызметін атқарады. 2003, 2004 жылдары «Ақын болғым келеді», «Болашақтың бастауы» атты өлең кітапшалары, 2010 жылы «Қанаты жоқ періште» атты жыр жинағы жарық көрді.

Шер

-1-

Ниетіндей сұмпайы, сұмырайдың,

Кейде лай боп кетеді өмір-айдын.

Шимайланған тағдырдың дәптеріне,

Не жазамын енді мен, не құраймын?

Ерлер қайда кешегі маған үлгі,

Мұңға бояп қойдым ба қабағымды?

Неге менің көңілім аш жүреді,

Жарым жасап қойса да тамағымды.

Бәлкім мен де ұлы ақын бола алмадым,

Қаламадым жанымның тоналғанын.

Балағына уақыттың кетті оралып,

Баспалдақ боп құрылған бала арманым.

Мен де бір күн біреуге кектенермін,

Мен де бір күн біреуді жек көрермін.

Еркелігі болмайды ешкімге де,

Туған жердің төсінен кеткен ұлдың.

Бірі алдымнан шығады алғыс айтып,

Бірі артымда тұрады қарғыс айтып.

«Елге керек жансың» деп өзеурейді,

Аламаннан жүрмейін жалғыз қайтып.

Өмір — бәйге, олкүндіөткерермін,

Ақтаймын ба сенімін күткен елдің?

Басындағы бағы мен соры қанша,

Қазақтың маңдайына біткен ұлдың? …

Әлихандар — қадірсіз, сыйлы — мыстан,

Тышқан аулап жүрмейді күйлі арыстан.

Мең-зең болып шақшадай басымменің,

Шығып бара жатырмын жиналыстан…

(22 мамыр, 2018 жыл)

-2-

Сетінеу керек осы неге сенім?

Ала жіпті аттаған емес едім.

Жер үсті, күн астында өмір сүрдім,

Елемей жұрт пікірін, ел өсегін.

Шеңберге де сыймаймын, қалыпқа да,

Бар сосын айтар сөзім халыққа да.

Ең бірінші көз алмай бақылаңдар,

Ең соңынан берілсін анық баға!

Жалынан ұстап алып жорға күнді,

Қайтейін бәйге қылып құрғанымды!?

Атбегі-өмір тұсаулап қоймаса екен,

Құлагердей тепсініп тұрған ұлды…

Көңіл сандық ішінен сыр аштым да,

Ұлы күннің көшіне ұластым ба?

Құлагерді құлатар құба түзде,

Батыраштар бар шығар қыр астында. Батыраштар!

Айналдым Батыраштан, Жалғыз сендер емес қой ақылы асқан.

Сенің де дәл астыңда топырақ тұр,

Менің де дәл төбемде жатыр аспан…

(25 қараша, 2018 жыл)

Ұлыма

-1-

Сен жоқ кезде… күйіп тындым,

Жырым да көп өшірген.

Құрсағынан сүйіктімнің,

Жарып шыққан көшірмем!

Сен жоқ кезде… кім едім мен?

Не мән ұқтым өмірден?

Сені дұға-тілегіммен,

Сұрап алғам Тәңірден.

Саған, ұлым, тілегім мың,

Жоқ сезімнің өлшемі.

Жұдырықтай жүрегімнің,

Кіп-кішкентай бөлшегі…

(Байтақ жерге, құсым, мынау, Ұл болмаса… кім еге?) …

Мен әкемді түсіндім-ау,

Сен келген соң дүниеге.

Сен туғанда… толқып жүрек,

Жырға сыймас тылсым көп.

Жылады әкең ең соңғы рет,

Сен жыламай жүрсін деп…

(16 сәуір, 2017 жыл)

-2-

Құдайдың маған бергені

— Әкеңнің сені көргені.

Шаттығым менің ойдағы,

Бақытым менің жердегі!

Өрісім менің өркенді,

Еркін өс ботам, ерке үнді.

Жұбаныш болған бүгінгі

— Үмітім менің ертеңгі!

(30 қараша, 2019 жыл)

-3-

Ұлтты ойлаған ұлтандарда сор қалың,

Аяғымды аңдап басып жортамын.

Сенің аппақ жүрегіңе жұғар деп,

Мен арымды кірлетуге қорқамын.

Саған ұлым, әлі айтатын сөзім көп,

Жұрт алдында төмендеген кезім жоқ.

Мен өлеңді өмірім деп ойлаймын,

Ал өмірді елестетем өзің деп.

Саған ұлым, әлі айтылар сөзім мың,

Өзіңсің ғой қарашығы көзімнің.

Басқан ізге үңілемін зер салып,

Көшірмесі болар-ау деп өзімнің…

(19 шілде, 2020 жыл)

-4-

Өмір бізге берілген бір-ақ рет,

Жаның нені қалайды, сұра жүрек!

Кепілдік жоқ дүниеде, айта алмаймын

— Күн мәңгілік күлімдеп тұрады деп.

Өмір бізге берілген бір-ақ рет,

Шыда жүрек бәріне, шыда жүрек!

Әкең емес бұл өмір, тәттілермен жұбататын құлыным жылады деп…

Өмір бізге берілген бір-ақ рет,

Өлмей тұрып біреуге ұна, жүрек!

Сен жауапсыз қалдырма ештеңені,

Себебі бұл өмірдің сұрағы көп.

(24 шілде, 2020 жыл)

Жағасында өзеннің өспедім мен,

Тас қаланың төрінде көшке ілінгем.

Содан болар, даладай кең болғанмен,

Ауыл иісі шықпайды ескегімнен…

Өзен-көлге бала боп шомылмадым,

Жыңғыл әнін білмеймін, тобылғы әнін.

Тай-құлынның соңындажүгірмедім,

Тағдырымнан көрем бе соның бәрін!?

Күнге арқасын күйдіріп өспеген ем,

Күн сәулесі маңдайдан иіскемеген.

Маған куә болған жоқ көшкен құмдар,

Маған куә болған жоқ өскен емен.

Көршінің де қарбызын ұрламағам,

Бір көрмеген қызықтай бұл да маған.

Тілім-тілім табанмен өскенім жоқ, …ал жүректі қайтемін жұлмалаған?

Қайтем бақты қолын да бұлғамаған!? …малын бағып барады жолдағы адам.

Балалықты сағынып кетем кейде,

Ауыл жайлы бір әнін жолдамаған…

(9 тамыз, 2020 жыл)

Балалықты еске алам деп шат күліп,

Жүрегімде буырқанып жатты үміт.

Асқақ-асқақ ойларыммен асығып,

Аңғал бала көңіліммен аптығып.

Қанат қаққан жылы ұяма беттедім…

Мен осында ой түзедім, көктедім.

Сол кекілді, қара торы баланың,

Арманына арқау болған мектебім!

Осы ұяда Абай жырын жаттадым,

Осы ұяда қызға арнадым хат қалың.

Құрқылтайдай кіп-кішкене жүрекпен,

Осы ұяда жазылды алғаш тақпағым.

Осы ұяда қалды менен көп белгі,

Сағынышпен жүрекке орап көктемді,

Балалармен жолығуды жөн көрдім,

Көз алдымнан жүгіртем деп өткенді…

(Сол бір қызға өшпегендей әлі өкпем,)

Теңіз-теңіз ойлар кештімсебеппен. …

Бір балақай қол көтерді именіп,

«Өлең оқып берейін…» деп кенеттен.

Бала көңіл бітіргендей жырға құт,

Жүрегімді сипап өтті бір бақыт.

Қолын сермеп, жанарынан нұр шашып,

Менің жазған өлеңімді тұрды оқып.

Өлеңім-ай, өлеңім-ай, өлеңім…

Жүрегімді басу керек неге мұң?

Жалғыз ғана оқырманым қалсада,

Ажалыма тіке қарап өлемін!

Астаң-кестең бола берсін дүлей күн,

Өзіне тән биігі бар сүлеймін!

Мен өлгенше шыға алмайтын шың болса,

Сол балақай шықса екен деп тілеймін…

 (17 мамыр, 2014 жыл)

Енді нені көрсетеді бұл өмір,

Уақыт нені ұсынады тағы да?

Жүректегі бар шерімді біле жүр,

Бірақ, бірге налыма!

Жан жарасы өлеңіммен емделер,

Өсек-аяң айтылады бәрібір.

Арым биік деп айтады пенделер,

Жартысының ары — кір.

Менешкімді жөнге сала алмаймын,

Мыңды жөнге салған болар Абайлар.

Қасқыр сынды өз жарамды жалаймын,

Талағанда талайлар. Маңдайынан сипадымба Өлеңнің?

Кез болды ма жұрттың жолын кесе өткен?

Мен халықтың пейілінен төменмін,

Жоғарымын өсектен!

Жығылғанның қолтығынан демеп пе ем!?

Құдайға аян жүрген жолым, әр күнім.

Маған ешкім сенбей кетсе кенеттен,

Сен сеніп жүр, жарқыным!..

(15 желтоқсан, 2019 жыл)

Жетпедім бе, жоқ әлде жеттім, көкем,

Өлең жазған бір күнім көп күнге тең.

Қайран менің арманшыл балалығым,

Арманымнан алыстап кеттім бе екен!?

Асандайын айырылған Желмаядан,

Жалғыз жортқан жан едім елді аяған.

Тәуір ақын едім ғой бұрындары,

Қандай адам болдым мен, қандай адам!?

Ақындық пен адамдық бөлек-бөлек,

Аспан назын айта ма, жер өкпелеп?

Тасқа соғам басымды, тауға да ұрам,

Бұл қазаққа Ыбраев керек пе деп!?

Досым ренжіп жүр ма екен, жауым күліп,

Мен көрсеткен жоқ едім ауыр қылық.

Өгейсінбес өлеңнің өлкесіне, жетерімді білемін сағындырып…

(4 наурыз, 2023 жыл)

 

 

 

Ұқсас ақпараттар

ТЕРІ АУРУЛАРЫ: СЕБЕБІ МЕН САЛДАРЫ

admin_mugalzhar

«Көрші елдерге қатты тәуелдіміз». Сарапшы неге атом энергиясы керегін түсіндірді

admin_mugalzhar

КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙДІҢ ЖӨНДЕУ БАРЫСЫ ҚАРАЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.