«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ӘЛИЯ -БАТЫР ҚЫЗЫ СЕН ХАЛҚЫМНЫҢ

Биыл Кеңес Одағының Батыры, қаһарман Әлия Молдағұлованың туғанына — 100 жыл толды. Сонымен бірге жеңіс туының желбірегеніне 80 жыл болды. Айтулы мереке қарсаңында біз, «Мұғалжар» газетінің ұжымы, облыс орталығында орналасқан Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейіне барып, тарихтан тамыр тартатын тың деректермен танысып, мерген қыздың қысқа ғана ғұмырына тағы бір көз жүгірттік. Қолына газет ұстаған оқырман, Ендеше, сіз де бізбен бірге музейге саяхат жасаңыз.

Әлия және балалық

Батыр қыздың есімі берген аялдамадан түсіп, жолдың арғы бетіне өткенімізде көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан «Әлия» музейі алыстан көзімізге оттай басылды. Қаһарманның құрметіне ашылған музейдің табалдырығынан аттаған сәтте ғимарат ішінің жөндеуден өтіп, заман талабына сай жаңартылып, заманауи технологиямен жабдықталғанын анық байқадық. Музейдің кіреберісіне ілінген батыр қыздың майлы бояумен салынған портреттері біз секілді келушілерге үлкен толғаныс тудырды. Әсіресе, Т.Телеушевтің 1995 жылы салған картинасында Әлияның батыр тұлғасы көркем бейнеленіпті.
Одан әрі өтіп, 5-6 қадам жасасаңыз, бес тілде ақпарат беретін «Виртуалды промоутерді» көруге болады. Виртуалды промоутер музей туралы ақпарат беріп, Әлияның ерлігі мен өміріне қысқаша шолу жасайды.


Кіреберіске Әлияның үш өмірлік кезеңін қамтитын портреттері ілініпті. Кенепке майлы бояумен салынған бұл суреттердің біріншісінде бала Әлия, екіншісінде оқушы Әлия, үшіншісінде мерген Әлия бейнеленген. Оның төменгі жағында батыр оқыған Вятск орта мектебінің макеті қойылыпты.
Сол жермен жүріп өтіп, оң жаққа бұрылып, майлы бояумен салынған Әлияның туған жері — Бұлақ ауылының панорамалық көрінісін тамашаладық. Бұл жер заманауи мультимедиялық технологиялармен жабдықталыпты. Саз балшықтан салынған үйдің терезесінен қарасаң, дастарқан басында домбыра тартып, жайма-шуақ күйде отырған берекелі отбасы көрінеді. Мөржеден шыққан түтін, аспанда қалықтап ұшқан құстар, сарқырап аққан өзен, шабылған сабан мен байлаулы сиырды көріп, батыр қыздың балалық шағына саяхаттап, сол кездердегі шуақты қазақ ауылына еніп кеткендей болдық.
Әлия Молдағұлова 1925 жылы 25 қазанда Ақтөбе облысының Қобда ауданына қарайтын Бұлақ ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі — Ілия. Әкесінің есімі Нұрмұхаммед Сарқұлов, анасы Маржан Молдағұлова. Әлияның Бағдат есімді артынан ерген інісі болды. Бірақ Әлия 8 жасқа келгенде анасы қайтыс болып, әкесі екі баламен жалғыз қалады. Бұл кезең өте қиын болатын және әйелінен айырылған Нұрмұхаммед қызын әжесінің тәрбиесіне беруге мәжбүр болады. Осылайша, Әлия нағашы ағасы Әбубәкір Молдағұловтың отбасында өмір сүріп, балалық шағы өзімен қатарлас туыс апасы Сапурамен бірге өтеді.
Әрі қарай жүріп, батыр қыздың туған-туыстары мен білім алған мектептері туралы мәліметтермен таныстық. Бұл жердегі сөреге Әлияның сабақ үлгерімін айқындайтын мектеп журналы және өзі тәрбиеленген балалар үйінің, Вятск орта мектебінің қабырғасында түскен фотоларымен бірге құнды жәдігерлер қойылыпты.
Осы тұста «Әлия бұл жерге қалай келді? Балалар үйінде не істеп жүр?» деген заңды сұрақ туындайды. Тарихи деректерге сүйенсек, 1935 жылы Әлияның нағашылары яғни Молдағұловтар отбасы Мәскеуге, ал кейінірек, соғыс алдында Санкт-Петербургке көшіп келеді. Отбасылық жағдайға байланысты ағайы Әлияны №46 қалалық балалар үйіне берген екен. Ол Санкт-Петербургтегі 9-орта мектебінде оқиды. Оқудағы озаттығы және үлгілі тәртібі үшін 1941 жылы Әлия Қырымдағы Бүкілодақтық пионерлер лагері Артекке жіберіледі.

Әлия және соғыс

Музейді аралап жүріп 1941 жылы неміс фашистері Кеңестік Социалистік Республикалар Одағына соғыс ашқан кездегі Ленинград қаласының ауыр тағдыры бейнеленген экспозицияны байқадық. Панорамалық көріністегі қираған ғимараттар мен жарылған снарядтар сұрапыл соғыс кезін еріксіз еске түсіреді. Бұл жерде пионер Әлияның, жау құрсауында қалған қаланың бекіністерін салуға атсалысқанын көруге болады.
Басқа балалар үйімен және қарапайым Ленинград балаларымен бірге ол түнде қалада кезекшілік етіп, түскен бомбалардың жарықшақтарын сөндіруге шығады.
Осы уақыттар шамасында Әбубәкір ағасы өз отбасын Ташкентке алып кетеді. Ал Әлия болса қоршаудағы қалада жалғыз қалды. Осы көшу салдарынан отбасымен байланыс екі жылға жуық үзіледі.


1941 жылдың қараша айында Әлия Молдағұлова комсомолға жіберілді. Комсомол билетін алғаннан кейін, ол өзін жауынгер қатарында жүргендей сезінді. Ол үйдің төбесінде кезекшілік етіп, жарылғыш заттарды сөндіруге атсалысып, жараланғандарға көмектеседі. Алғаш рет қан көрген Әлия: «Жаудың жүрегіне оқты өзім атқым келеді!» — деп соғысқа аттануға ниет етеді.
Күзде ол Рыбинскке барып, авиациялық техникумға түседі, бірақ онда небәрі 3 ай оқиды. Ол 25 қазанды асыға күтті. Себебі, бұл күні ол 17 жасқа толған еді. Сөйтіп, 25 қазанда кешкі уақытта аудандық военкоматқа барып, өзін соғысқа алуын өтінеді. Бірақ военком кішкентай қазақ қызының жасы 18-де екеніне сенбей, «он сегізге толғанда бір-ақ кел» деп қайтарып жібереді. Әлия бірнеше рет армияға баруға өтініш береді, бірақ оның өтінішін қабыл алмайды. Ақыры, 1942 жылдың желтоқсанында майданға аттануға деген үздіксіз өтініші бойынша Әлия снайпер-нұсқаушылар мектебіне оқуға түседі. Қиындықтарға қарамастан, Әлия қызығушылықпен оқиды. Майданға барып, жеккөрінішті фашистерді атқысы келді. Ол бәрін шебер жасау керек екенін түсініп, командирлердің «Нағыз снайпер – бұл жоғары білікті маман. Қай жерде нағыз снайперлер болса, жауда бір минут тыныштық болмайды» дегенін жадынан шығармады.
Ол оқу кезінде өте мұқият болды, тәлімгерлер үйреткеннің бәрін үйренді. Ал мылтықты өте қымбат зат ретінде көріп, әрқашан оны таза ұстады. Көпшілігінен жылдам атуды үйреніп, нысананы дәл көздеді. Сөйтіп, ату техникасын сәтті меңгеріп шықты.
Музейдегі Әлияның өмір жолына арналған экспозиция Рыбинск авиация техникумы мен Амеровадағы мергендер мектебі туралы деректермен жалғасады. Сонымен бірге майдан шебінде тасада жатып, мылтығын кезеніп, жау қарасын көздеп тұрған экспозиция шебер жасалыпты. Бейне бір майдан даласында тұрғандай сезім тудырады. Заманауи технологиямен жасалған винтовканың көздеу тетігін көріп, шүріппесін басып-ақ жібергің келеді.
Сонымен қатар бұл жердегі 54-атқыштар бригадасының 4-ші батальоны құрамындағы қазақ жауынгерлерінің жиналыс алдындағы фотосуреттерімен, қарулас серіктерінің естеліктері топтастырылған тарихи сәттермен, іздеу отрядтары тапқан деректерімен таныстық.

Әлия және сағынышқа толы хаттар

Осы жерде тұрып оң жағымызға бұрылғанымыз сол еді соғыс кезіндегідегідей блиндаждың алдында жауынгерлік киіммен Әлияның хат жазып отырған голограммасын көрдік. Хат мәтіні: «Қымбатты Сапура, мен өзімді сендердің жандарыңда, туған Қазақстанымда өмір сүріп жатқандай елестетін боламын. Сендермен көрісіп, туған ауылыма барғым келеді. Бірақ ештеңе етпейді, біздің кездесуімізді, отанға оралуды және жеңісті бірге атап өтетін уақыт келеді әлі», — деп басталады.


Музей қызметкерлерінің айтуынша, бүгінде музей қорында Әлияның жеті хатының көшірмесі сақталған. Хаттардың дені 1943 жылдың бас кезінде мергендер мектебінде оқып жүргенде жазылған. Әр хаты екі парақтан асады, көк сиямен жазылған. Жазуы анық, әріптері ірі. Соңында «Лия» деп қол қояды.
— 1943 жылдың 19 мамырында Сапураға 1942 жылдың наурызында балалар үйінің Ярославль облысындағы деревняға көшірілгенін, ол жерде 7-сыныпты аяқтап, Рыбинск қаласындағы авиация училищесіне оқуға түскенін жазады. 1942 жылдың 18 желтоқсанында Рыбинск қаласынан мергендер мектебіне оқуға келген. Жарты жыл оқып, сынақ тапсырып жатқанын, көп кешікпей майданға аттанатынын хабарлайды. Сапурадан қазақ тілінде жазбағанына кешірім сұрап, Ақтөбеге, ауылға, әжеге, Розаға сәлем айт дейді. Әр хатында Сапарды сұрайды. Сапар – нағашы ағасы Әбубәкірдің соғыс басталған жазда дүниеге келген ұлы. Ал 18 маусымдағы хатында майдандағы нағашысының мергендер мектебіне келіп кеткенін айтып кетеді. Есімін жазбайды. Бұл жерде анасы Маржанның тағы бір інісі Бейсенбай Хабиевті меңзеп отыр. Соғыс жылдары майданда әскери тергеуші болып қызмет еткен нағашысы жолы түскенде Әлияға соғып кетіп отырған. Нағашысымен арада қандай әңгіме болғаны жазылмаса да, Әлияның «У меня был дядя, но о нем я писать не буду» деп қысқа қайырғаны айтпаса да белгілі болып тұр. Алдыңғы шептегі жастардың қалай ажал құшатынын талай көрген әскери тергеуші 18 жасқа толмаған қарындасын көзсіз әрекеттерден сақтандырып отырса керек. Айта кететін бір жайт, музейдегі батырдың хаттарының барлығы көшірмелер. Хаттың түпнұсқалары Ұлттық мұрағатта сақталған, — деді Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің бас қор сақтаушысы Толқын Жаңабергенова.

Әлия және Батырлық

Батырдың «Соңғы шайқас» диорамасында Әлияның ерлікпен қаза тапқан панорамалық көрінісі әсерлі етіп көрсетіліп, соңында «Әлия» әні шырқалады. Одан әрі экспозицияда батырдың жерленген жері туралы мәліметтер келтіріліп, соғыс кезеңін бейнелейтін жаңартылған барельефпен бедерленген.
Әйелдер мергендер мектебінің түлегі, ефрейтор Әлия Молдағұлова 1943 жылы 23 ақпанда әскери ант береді. Жазда тағайындалып, солтүстік-батыс майдан бригадаларының біріне мерген болып барды. Сол жылдың қазан айынан бастап 18 жастағы Әлия әскер қатарында болды. Ол үздік атқыш болып, «От ЦК ВЛКСМ за отличную стрельбу» деген жазу нақышталған атаулы мылтыққа да қол жеткізеді. Майдандас құрбылары оның ерлігі туралы көптеген естелік айтқан. Олардың естеліктерінен оның ержүрек, қайсар, батыл екені, шаруа адамының киімін киіп, жаудың орналасқан жеріне кіріп, фашистерді тұтқынға алған сәттеріне куә боласың. Оның мергендік есебінде 30-дан аса фашисттің көзі жойылғаны айтылады.


Ол 1944 жылы 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында кескілескен ұрыс кезінде майдан даласында қаза тауып, Монакова ауылында жерленді. Уақыт өте келе, 1944 жылдың маусымында жауынгерлік ерлігі үшін Әлия Молдағұлова қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин орденімен марапатталды.

Әлия және қайсарлыққа тағзым

«Соңғы шайқас» диорамасынан айналып, келесі бөлімге өткенде Әлияның мәрмәр тастан соғылған бюстін көрдік. Сондай-ақ музейдің тарихы мен тынысын бейнелейтін «Музей тынысы», «Ерлік ие-сіне тағзым», «Рухына бас иеді өр тұлғалар», «Өнер туындысына айналған бейне» секілді экспозициялар қойылған. Сонымен бірге «Әлия гүлі» халықтық қазақ би ансамблі мен музей жанынан құрылған «Әлия» іздестіру тобы мүшелерінің музейге сыйға берілген жәдігерлері жасақталған. Сондай-ақ музейден Әлия оқыған мергендер мектебінің түлектері Л.Бакиева мен М.Забоеваның әскери киімін, майданда киілетін тон, Әлияның нағашы ағалары Әбубәкір Молдағұлов пен Бисембай Хабиевтің гимнастеркасын, «Әлия» іздестірушілер тобының арнайы киімдерін, ескери киімдер мен соғыс кезінде пайдаланылған қару-жарақтарын да көрдік.
Қор сақтаушы Толқын Жаңабергенова музей қорында 11 мыңнан астам жәдігердің барын жеткізді.


— Музей 1985 жылы Әлия Молда-ғұлованың 60 жылдығы қарсаңында ашылған. Музей қызметкерлері 40 жылдан бері батыр қыздың өмір-дерегін түгендеп, ерлік жолын зерттеп, оны жас ұрпаққа насихаттап келеді. Музейдің ғылыми қызметкерлері әрдайым ізденіс үстінде жүреді. Біздің қызметкерлер алыс-жақын шет мемлекеттерге, оның ішінде Ресей қалаларына барып, батыр туралы тың деректерді жинақтаумен айналысады. Ұжым тақырыптық-экспозициялық жоспар құрған кезде тұлғалық музей екенін ескере отырып, экспозицияларды Әлия есімімен байланыстырады. Музей қызметкерлерінің тынымсыз ізденістерінің нәтижесінде құнды экспонаттар жинақталды. Атап айтсақ, Әлияның тума-туыстарына қатысты фотосуреттер, нағашы ағасы Бисембай Хабиевтің шыныаяқ жинағы, шахматы, Ария Бисембаеваның қол сағаты, батыр қызға арналған шағын формалы мүсіндерінің біз үшін бағасы жоғары. Сонымен бірге музейде Ұлы Отан соғысына қатысып, жеңісті жақындатқан жандардың да тұтынған заттары мен құжаттары жинақталып, арнайы орын жасақталды, — деді музейдің қор сақтаушысы.


Ол 2023 жылдан бері Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мемориалды музейі басшылығының мұрындық болуымен Батыр қыздың құрметіне жалпы білім беретін мектеп оқушыларының арасында «Мерген ару» республикалық байқауы ұйымдастырылып келе жатқанын жеткізді. Аталған шара биыл да жалғасын тауып, 14-17 жас аралығындағы қыздар пневматикалық мылтықтан нысана көздеп ату бойынша мергендіктерін көрсетіп, сынға түскен.

ӘЛИЯ ЖӘНЕ ЕСКЕРТКІШ

Музей Әлия Молдағұлованың атына берілген даңғыл бойында орналасқан. Бұл Ақтөбе қаласындағы орталықта орналасқан үлкен көшелердің бірі. Даңғыл автомобиль жолдары көпірінен басталып, қаланың оңтүстік-батыс шетіне дейін созылады. Даңғыл бойында халық серуендеуге арналған саябақтар жетерлік. Соның бірі – Батырлар алаңы. Біз осы сапар аясында осы алаңмен жүріп өтіп, Ақтөбе облысынан шыққан Кеңес Одағының Батырлары бейнеленген ескерткіш тақталарға аялдап, көрсеткен ерліктеріне бас иіп, бүгінгі бейбіт өмір үшін алғысымызды білдірдік.
Одан әрі жүріп, мерген Әлия Молдағұловаға арналған ескерткішке де арнайы барып, батыр қызға тағ-ызым еттік. 2005 жылы ашылған Әлияның ескерткіші қоладан жасалып, ранит тұғырға орнатылған. Биіктігі — 3,8 метр.

Ескерткіштің сол жақ жартысында ұлы дала бейнесі, көшпенділер рухы бейнеленсе, оң жағында 1916 жылғы отаршылдыққа қарсы көтерілістен бастап көптеген қайғы-қасірет әкелген Ұлы Отан соғысын, халқымызды жан-жаққа шашыратқан көріністер ашық бейнеленген. Бұл мүсіннің авторы — Бақытжан Әбішев. Ал барельеф авторы — Ескен Сіргебаев.

Түйін
Отан үшін от кешкен жерлес Батырдың ерлігі мен даңқы ғасырдан ғасырға жалғасып, келер ұрпақтың да жадында жаңғырары сөзсіз. Ешкім ешқашан ұмытылмайды! Бұл газет журналистерінің сапар соңында түйгені…

Ұқсас ақпараттар

«ҚУАН АТА ҚҰДЫҒЫ» ҚАЛЫПҚА КЕЛТІРІЛДІ

admin_mugalzhar

2030 жылға қарай еңбек нарығындағы жастар үлесі 80%-ға жетеді

admin_mugalzhar

Өмірін өнермен өрген өнерпаз

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.