«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ӘКЕМ — ЕРЛІКТІҢ СИМВОЛЫ

Жылдар өткен сайын тарих алыстай түссе де, Ұлы Жеңіс жолында жанын қиған, жаралы жүрекпен елге оралған боздақтардың есімі ұмытылмайтыны анық. Газет бетінде тарих болып қалса екен деген ниетпен редакциямызға жолығып, әкесі туралы естелікпен бөліскен жанның тағы бірі — Қуандық Жұмағұл. Ол өзінің әкесі туралы біраз сыр шертіп, өмір жолын баяндап берді.

Менің әкем Жұмағұл Хакимов 1905 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданында дүниеге келген. Өмірінің басым бөлігі еңбекпен, ел алдындағы адал қызметпен өткерген. Ол үш сыныптық білім алған соң, жастайынан еңбекке араласып, 1937 жылы Ақтөбе облысы, Қандыағаш қаласына қоныс аударып, ағасы Балпанмен бірге Қандыағаштан Мақатқа дейінгі теміржол салуға белсене атсалысты, — дейді ұлы.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда, Жұмағұл Хакімұлы 427-атқыштар полкі, 192-атқыштар дивизиясының құрамында мерген ретінде майданға аттанады. Мәскеу, Витебск, Вильнюс, Гродно сынды қанды ұрыстардың ортасында жүріп, бірнеше мәрте ауыр жарақат алған. Атап айтар болсақ, бірінші жарақатты Белорусь майданының Сычевка түбіндегі ұрыста алды. Екінші рет Смоленск түбінде жарақаттанса, үшінші ең ауыр жарақатын Белорусь майданының Осинторта маңындағы шайқастан алған. Сол алған жарақаттары оның денсаулығына ауыр әсер етіп, соғыс аяқталғаннан кейін ІІ топ мүгедегі ретінде елге оралады.
Соғыс жылдары мен одан кейінгі өмірінде әкемнің ерлігі, табандылығы мен сабырлылығы біздің отбасымыз үшін ғана емес, бүтін бір ұрпағы үшін үлгі болды деп есептеймін. Жеңістен кейін буфетте, кейін тері мен жүн қабылдау саласында еңбек етіп, зейнетке шықты. Ауыр жұмыстарды атқара алмаса да, тынбай еңбек етіп, 6 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсіріп, бізге адалдық пен еңбекқорлықтың мәнін түсіндіріп кетті, — дейді Қуандық Жұмағұлұлы.
Ол «Қызыл Жұлдыз» ордені, І дәрежелі «Отан соғысы» ордені және «1941-1945 жж. Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. Баласы Қуандықтың сөзінше, жыл сайын 9 мамыр күні қарсаңында ол қаладағы салтанатты жиындардың құрметті қонағы болған. Мектеп оқушыларына соғыс жайлы әңгімелеп, бейбіт күннің қадірін түсіндірген. Оның фотосуреті кезінде №55, қазіргі №5 мектепте ілулі тұрғанын мақтанышпен жеткізді.
Әкем 1985 жылдың 15 маусымында дүниеден өтті. Бүгінде артында қалған 2 қызы мен мен – жалғыз ұлы аман-есен, оның аты мен ар-намысын қадірлеп келеміз. Жұмағұл Хакимов мен үшін жай ғана әке емес, нағыз ерліктің символы, — деп сөзін аяқтады ол.
Айгерім МАНАСБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

ЖАҢАТҰРМЫС АУЫЛЫНА ГАЗ БЕРІЛДІ

admin_mugalzhar

«СӘБИЛЕРІ СҮЙКІМДІ ТОП» АНЫҚТАЛДЫ

admin_mugalzhar

Қазақстан мұнай өңдеуді дамытудың ұзақмерзімді стратегиясын жүзеге асыруда

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.