Ауданда шегіртке зиянкестерімен күресу үшін химиялық өңдеу жұмыстары басталды. Аудандық-аумақтық инспекциясының мәліметі бойынша шамамен жалпы көлемі 38 300 гектар аумақ өңделетін болады.
Аудандық-аумақтық инспекциясының басшысы Нұрым Тәжмағанбетов қазіргі уақытта өңделуі қажет жердің 1400 гектары өңделгенін жеткізді. Атап айтатын болсақ, Құмжарған, Батпақкөл, Еңбек, Талдысай округтерінің аумақтарында үйірлі шегірткеге қарсы улау жұмыстары аяқталған. Бүгінде химиялық өңдеу жұмыстары Ащысай ауылдық округінің аумағында жалғасуда.
Инспекция басшысы шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары екі әдіс бойынша жүргізілетінін айтты. Қазіргі уақытта жерүсті бүрку әдісі жүзеге асырылуда екен. Оған арнайы төрт бүріккіш машиналары тартылған. Жақын арада тағы да арнайы екі бүріккіш техника келеді. Үрей туғызатын үйірлі шегірткелермен күресу жұмыстарына қажетті қаржы республикалық бюджеттен бөлініп, мемлекеттік сатып алу порталында хабарландыру жарияланып, жеңімпаздар анықталған. Бүгінде аудан химиялық өңдеу жұмыстарын үш мекеме атқаруда. Олар – «Бағжан» жеке кәсіпкерлігі, «Магтоксин» және «АВИАКОМПАНИЯ «АЭРО» ЖШС-тері.
— Жоғарыда атап көрсеткен химиялық өңдеу жұмыстарының екінші әдісі — авиациялық өңдеу. Бұл жұмыстарды «АВИАКОМПАНИЯ «АЭРО» ЖШС-і жүргізеді. Аталған мекеменің жұмысшылары осы апта келіп, аумағы 10 мың гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізеді. Үйірлі шегірткенің таралуы өткен жылға қарағанда биыл біршама аз деуге болады. Өткен жазда 42 мың гектар жерге шегірткеге қарсы у себілу қажет болған. Алайда шегірткенің таралуы біз ойлағаннан да көп болып, қосымша 4 мыңға жуық жер өңделген еді. Шегірткенің көбейіп, үдере көшуі егістік пен шабындық алқаптарын отап қана қоймай, автомобиль жолдарына шығып, көлік жүргізушілеріне кедергі келтіріп, апаттық жағдай туғызады. Сол себепті біз шегірткенің таралуын дер кезінде тоқтатуымыз керек, — деді аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Нұрым Тәжмағанбетов.
Н.АБАТ