Отбасы — өмірдің кемеліне келтіреді, бақыт әкеледі. Отбасы — адам өмірінің тамаша жақтары жүзеге асатын адамның ең басты шаттығы болып саналатын, баланың өсіп, өмір сүретін ортасы. Ата-ана өмірінде дүниеге шыр етіп нәресте келгенде ғана толыққанды отбасы деген сезім пайда болады.
Бұл сезім ерекше, қуаныш сезімі. Бұл сезімді өкінішке орай, кейбір әкелер қауымы түсінбей, толық емес отбасында балалардың әкесіз өсуіне әкелуде. Ата-ананың отбасындағы кикілжің ұрыстары баланың психологиясына тікелей әсер етеді. Бұл тақырыпта ата-ананың бала тәрбиесінде рөлі маңызды екенін айтқым келеді.
Тоғыз ай құрсағында көтеріп, баланы өмірге әкелген анаға бар жауапкершілікті асып қоймай, әке де бала тәрбиесіне, сол баланың қажеттілігін қанағаттандыруға үлесін қосып, бала толыққанды отбасында жақсы тәрбие алып өссе екен деген мақсат болу керек. Қазіргі таңда ата-ананың бірінші мақсаты – қаражат табу, балаларын еш нәрседен мұқтаж етпеу болып қалды. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, жақсы-жаман әдеттерді бала ата-анадан үйренеді. Мектепке дейінгі тәрбиенің мақсаты — баланың жеке жас әлеуетін барынша ашуға жағдай жасау. Бала өз өмірінің субъектісі болуға, оның өз күшіне сенуге, өз ісәрекетінде табысты болуды үйренуге құқылы. Бұл оның балабақшадан мектепке ауысуын айтарлықтай жеңілдетеді. Мектеп жағдайында оқуға деген қызығушылықты сақтайды және дамытады. Бүгінде ата-ана мен тәрбиешінің ортақ мәселесі – бала тәрбиесі екені бәрімізге мәлім.
Ата-ана үшін бала өмірдің жалғасы, үміт нұры, нұрлы болашағы болса, тәрбиеші үшін –тынымсыз еңбектің жемісі екені белгілі. Әрбір ата-ана өз перзентінің әдепті, саналы, иманды да ибалы, Отанының сүйікті және кішіпейіл азаматы болып жетілуін қалайды. Ата-ана перзентінің жақсы азамат болып жетілуі үшін өз отбасында балаларын тәрбиелеудің нәзік жақтарының зандылықтарын білуі шарт.
Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы – туған ұясы, өз отының басындағы тәрбиесі. Толыққанды отбасында өскен бала әке мен ана мейіріміне бөленіп өседі. Әкесі жоқ балаға анасы қанша жағдай жасаса да, әке мейірімі жетпей тұрады. Сол себепті бала отбасының айнасы. Ол айнаның жылтырауы, таза кіршіксіз әсем болуы — ең алдымен сіздердің қолдарыңызда, ата-ана!
Жанаргүл АХМЕТОВА, «Бақытты бала» балабақша тәрбиешісі.
Алдыңғы