«Мектеп орманшылығы» жобасы Президенттің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық акциясымен үндес. Жоба биылғы сәуір айында елімізде алғаш рет Ақтөбе облысында бастау алып, күз мезгілінде де жалғасын табуда.
Оның мақсаты – орман шаруашылығы мен табиғатты пайдалануда оқушыларға кәсіби бағдар беру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және туған жердің табиғатына жанашырлық сезімін арттыру.
Бүгін облыстағы Орман шаруашылығы аумақтарында «Мектеп орманшылығы» жобасы аясында 1350 ағаш отырғызылды. Облыс әкімі Асхат Шахаров Ақтөбе оқушыларымен бірге шараға белсене атсалысып, көшет екті.
«Мектеп орманшылығы» — ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылған маңызды іс-шара. Биыл сәуірде басталған «Мектеп орманшылығы» жобасына облысымызда Ақтөбе қаласы мен бірнеше ауданнан 400-ден астам оқушы қатысып, қазірге дейін 850 түп ағаш отырғызылды. Бүгін біз сол еңбектің нәтижесін — бой түзеп, жапырақ жайған көшеттерді көріп отырмыз. Жоба бірреттік шара емес, әлі де ауқымды ағаш отырғызу науқанын өткіземіз. Жас ұрпақтың жасыл желектерді жауапкершілікпен күтіп-баптауы — болашақ үшін қажетті іс», – деді облыс әкімі Асхат Шахаров.
Акцияға қаладағы орта мектептерден 102 оқушы қатысып, 3,2 гектар аумаққа 100 түп терек, 100 шаған, 30 түп қайың отырғызды. Шара алдында №80 орта мектептің биология пәні мұғалімі Мәди Өтесін экологиялық тақырыпта танымдық дәріс оқып, оқушыларға табиғатты қорғаудың маңызын түсіндірген.
Айтып өтейік, бүгін Ақтөбе облысы бойынша «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында кеңкөлемді тал егу шарасы өткізіліп жатыр. Акцияға 200-ден аса елдімекен үлес қосуда, жалпы 770 гектар аумаққа шамамен 7 300 түп ағаш отырғызылады. 2025 жылдың күзгі науқанында барлығы 113 000 түп ағаш егу көзделген.