Ел бойынша «Вакциналар әрбір ұрпақ үшін жұмыс істейді» деген ұранмен 19-25 сәуір аралығында иммундаудың дүниежүзілік апталығы өтуде. Мамандардың айтуынша, вакцинация – медицина тарихындағы ең қуатты құралдардың бірі. Ресми деректерге сүйенсек, соңғы жарты ғасырда вакциналар 150 миллионнан астам адамның өмірін сақтап қалған. Айталық, 50 жыл бойы әр минут сайын 6 адамның өмірі сақталады екен. Вакцинацияны таңдау сәби өлімін 40%-ға төмендетуге және ондаған миллион баланы мүгедектіктен сақтауға мүмкіндік береді.
-Қазіргі уақытта иммундау жөніндегі жаһандық күн тәртібінің (IA2030) жүзеге асырылуының орта кезеңінде тұрмыз. Сондықтан әрбір адамға өмірді сақтайтын вакциналарға қолжетімділікті қамтамасыз ету маңызды. Сенімді нығайту, дәлелді ақпарат тарату және иммундаудың қауіпсіздігіне деген сенімді арттыру арқылы біз отбасыларға өздерін, балаларын және болашақ ұрпақты қорғау үшін дұрыс шешім қабылдауға көмектесеміз. Бүгінгі күні облыс бойынша профилактикалық екпелермен қамту оптималды деңгейде болса да, дегенмен әртүрлі себептерге байланысты ата-аналардың өз балаларына екпе жасатқызудан бас тарту фактілері орын алып отыр, – деді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының маманы Ерлан Мұратов.
Оның сөзінше, қазіргі таңда ауданда 327 баланың ата-анасы екпе салдырудан бас тартқан, оның ішінде бірде-бір екпе алмаған балалар саны – 320 (98%). Бас тарту себептері: әртүрлі діни ағымдарды ұстану – 308 (94%), жеке бас пікірі – 19 (6%) құрайды. Екпеден бас тартып жүрген атааналар арасында екпенің маңыздылығы мен тиімділігін түсіндіру мақсатында жұмыстар жүргізілген. Соның нәтижесінде 16 бала екпелерін жалғастырған.
– Балалардың жоспарлы екпелермен толық қамтылмауы жұқпалы ауруларға қарсы иммундық қорғанышы жоқ адамдар санының өсуіне әкеледі. Бұл жағдай вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулардың эпидемиялық өршуіне, әсіресе ұйымдастырылған ұжымдарда (мектеп, мектепке дейінгі білім беру мекемелері) әкелуі мүмкін. Елімізде халықты вакцинациялау үшін вакцинаның сапасын растайтын мемлекеттік тіркеуден өткен вакциналар қолданылады. Балаларды вакцинациялау үшін ДСҰ сертификаттаған вакциналар пайдаланылады. Инфекция кішкентай баланың өміріне қауіп төндіреді, бұл жағдайда медициналық көмекке жүгіну қажет. Ал вакцинация – бұл медициналық көмектің алдын алу түрінің бірі, инфекциялар мен олардың асқынуларынан қорғануға көмектесетін қарапайым медициналық рәсім. Сондай-ақ, иммундау вирустық гепатитпен күресуден бастап және микробқа қарсы препараттарға төзімділіктің төмендеуін қамтамасыз ететін денсаулық сақтау саласындағы басқа да басым міндеттерді орындаудың негізгі құралы болып отыр, – деді ол.
Мұғалжар аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары аудан тұрғындарын профилактикалық егулер алу арқылы өздерінің азаматтық борышын өтеуге, соның нәтижесінде қоғамның инфекциялық аурулармен күресуіне көмектесуге шақырады.
Н.ТІЛЕП

