Әкелер күніне орай 16 маусым күні «Қамқор» отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Әкем– мақтанышым» атты көңілді эстафеталық жарыс өткізілді. Жарысқа ауданның әр елді мекенінен келген отбасылар қатысып, өзара бақ сынасты.
Жарысқа Мұғалжар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Ләйла Атаева, Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметі бөлімі бастығының міндетін атқарушы, әділет лейтенанты Ғалым Мұхамбет және «Қамқор» отбасын қолдау орталығының директоры Салтанат Сұлтанова төрелік етті.
Сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар өз отбасыларын таныстырып, отбасы мүшелері туралы қызықты мәліметтермен бөлісті. «Менің әкем – батыр» атты сурет салу кезеңінде балалар әкелерін батыр кейіпінде, отбасын қорғап тұрған бейнеде қағаз бетіне түсірді. Кейін әкелер өз балаларының салған суреттерін тауып, тапқырлықтарын көрсетті. «Әкемнің портреті» кезеңінде балалардың көздері байланып, олар әкелерін қолмен сипап тануы тиіс болды. Қатысушылар әкелерінің қолы, иығы немесе бет әлпетінің ерекшеліктері арқылы өз әкесін анықтауға тырысты. Бұл сайыс әке мен бала арасындағы жақын байланысты көрсетіп, көрер менге ерекше әсер сыйлады. Көптеген балалар өз әкелерін қателеспей танып, жиналғандарға жылы эмоциялар мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«Әкемнің аяқ киімі» атты көңілді сайыста балалар әкелерінің үлкен аяқ киімін киіп, белгіленген жерге дейін барып-қайту тапсырмасын орындады. Жылдамдықпен қатар ептілікте сыналған бұл кезең жарыстың ең қызықты сәттерінің біріне айналды. Сондай-ақ «Шебер әке» байқауында әкелер ине-жіп пен түймені пайдаланып, берілген матаға түйме қадаудан жарысты. Қатысушылар өздерінің ұқыптылығы мен шеберлігін көрсетіп, тапсырманы белгіленген уақыт ішінде орындауға тырысты. Жарыс қорытындысы бойынша І орынды Қандыағаш қаласынан қатысқан Қарашолақовтар отбасы иеленді. ІІ орын Жаңатұрмыс ауылының Есентілеуовтар отбасына бұйырса, ІІІ орынды Қандыағаш қаласының Туралиндер отбасы жеңіп алды. Шара соңында жеңімпаздар мен барлық қатысушылар ұйымдастырушылар тарапынан марапатталып, Алғыс хаттар, арнайы медальдар мен сыйлықтарға ие болды.
Ә.ДАРХАНҚЫЗЫ

