«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЕМХАНАДА ӨТКЕН БІР КҮН…

ДӘРІГЕРЛЕРГЕ ӘДЕМІ ТЕҢЕУ ТАҒУҒА ШЕБЕРМІЗ. «АҚ ХАЛАТТЫ АБЗАЛ ЖАНДАР», «АДАМ ЖАНЫНЫҢ АРАШАШЫСЫ», «ДЕНСАУЛЫҚ САҚШЫЛАРЫ», Т.Б. СӨЗДЕРМЕН ӘДІПТЕП КЕЛІП, АСҚАҚТАТЫП ОТЫРАТЫНЫМЫЗ БАР. ЖОҒА, ОҒАН ЛАЙЫҚТЫ ЕМЕС ДЕП ТҮСІНІП ҚАЛМАҢЫЗ! ТЕК ҚОҒАМДА БҰҒАН КЕРІ ОЙЛАРДЫҢ ДА КӨБЕЙІП ТҰРҒАНЫН ЖОҚҚА ШЫҒАРА АЛМАЙМЫЗ. «ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ» КЕЛІП БОЛМАЙДЫ», «МЕДИЦИНАЛЫҚ АППАРАТТАРҒА КЕЗЕК ҰЗАҚ СОНАР», «ДӘРІЛЕР ҚОЛЖЕТІМСІЗ»… ТАҒЫСЫН ТАҒЫ…
ЖЫЛ САЙЫН МАУСЫМНЫҢ ҮШІНШІ ЖЕКСЕНБІСІНДЕ АТАП ӨТІЛЕТІН МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ОСЫ ПІКІРЛЕРДІ НЕГІЗ ЕТЕ ОТЫРЫП, МҰҒАЛЖАР АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНА ҚАРАСТЫ ЕМХАНАҒА АРНАЙЫ БАРДЫҚ. ДӘРІГЕРЛЕРГЕ СҰРАҚ ҚОЙДЫҚ, НАУҚАСТАРДЫ СӨЗГЕ ТАРТТЫҚ, ҚАБЫЛДАУДЫҢ ҚАЛАЙ ЖҮРІП ЖАТҚАНЫН ІШТЕН КӨРДІК, КЕЗЕККЕ ДЕ ТҰРДЫҚ, БІРҚАТАР ДӘРІГЕРЛІК ТЕКСЕРІСТЕН ДЕ ӨТТІК. ТІПТІ, ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕММЕН БІРГЕ «ВЫЗОВҚА» АСЫҚТЫҚ…
БҮГІНГІ НӨМІРІМІЗДЕ ГАЗЕТ ЖУРНАЛИСТЕРІНІҢ ДӘРІГЕРЛЕР АРАСЫНДА ӨТКІЗГЕН БІР КҮНІН БҮГЕ-ШҮГЕСІНЕ ДЕЙІН БАЯНДАУҒА ТЫРЫСТЫҚ.
СОНЫМЕН…
БІЗ НЕ КӨРДІК, НЕНІ БІЛДІК?..

ЕМХАНА ЖҰМЫСЫ ТІРКЕУ ОРНЫНАН БАСТАЛАДЫ
Тәулігіне 600 адамды қабылдап, қызмет көрсетуге арналған емхананың жұмысы таңғы сағат 7-30-да тіркеу орнынан басталады. Тіркеу қабаты 1-ші қабатында орналасқан. Онда отырған медицина қызметкерлері DamuMed мобильдік қосымшасының мүмкіндіктері арқылы емханаға жүгінушілерді учаскелік дәрігердің қабылдауына жазып, дәрігерді үйге шақыру және т.б. кеңестер береді. Бізді жылы шыраймен қарсы алған аудандық емхананың меңгерушісі Динара Тлекешова тіркеу орнының құрамына call-орталығы да кіретінін жеткізді. Онда да телефон арқылы тіркеушілер үйге шақыруды қабылдайды, дәрігердің қабылдауына жазады, келушілерді жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) арқылы тексеріп, анықтама қызметтерін де көрсетеді.
— Аудандық емханаға өткен жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Емхана кіреберісінде мүмкін-дігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында пандус жасалып, арнайы ақпараттық белгілері мен дыбыс сигналы бар шақыру түймелері орнатылған. Тіркеу орнында мүмкіндігі шектеулі адамдардың және басқа емделушілердің жүріп- тұруына арналған жапсырмалар да орнатылған. Әр қабатта нашар көретіндерге арналған ашық сары түсті жапсырмалар бар. Сонымен бірге жағдайы ауыр науқастар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған арнайы дәрігерге дейінгі кабинет қызмет көрсетеді. Келушілерден жеке басын куәландыратын құжатын сұрап, DamuMed мобильдік қосымшасы арқылы ол адамның тіркеуде біздің емханада тұрғанын анықтайды. Сонымен бірге денсаулығының сақтандырылғанын да тексереді, — деді ол.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда аудандық емханада Қандыағаш қаласы бойынша 35834 адам тіркеуде тұр. Оның 19955-і ересектер болса, 15098-і балалар. Сонымен бірге тіркеу бөлімінің қызметкерлері келген науқастарды өз-өздерін сезіну деңгейлеріне қарай сараптама жасайды.

ШҰҒЫЛ ШАҚЫРУ ПУЛЬТІ ЖҰМЫС ЖАСАЙДЫ

Тіркеу бөлімінің қызметкерлері емханаға шұғыл жағдайда жүгінген науқасты бірінші қабатта орналасқан дәрігерге дейінгі көмек кабинетіне жолдайды. Біз де өз кезегімізде аталған кабинеттің жұмысымен танысуды жөн көріп, 100-ші кабинетке қарай беттедік. Ол жерге баратын жолға арнайы жол белгілері де қойылған. Дәрігерге дейінгі кабинетте отырған фельдшер шұғыл келген нау-қасқа қызмет көрсетіп, жедел-диагностикалық тексеріс жүргізеді екен. Айталық, артериялық қысымын, қандағы қант деңгейін, холестеринді өлшейді.
Науқасқа қажетті профильді дәрігерді шұғыл шақыру пульті (SOS қоңыраулары) арқылы осы кабинетке шақыратынын айтқан емхана меңгерушісі шалған қоңырау тікелей жалпы тәжірибелі дәрігерге, кардиолог, невропатолог, акушер-гинекологтарға түсіп, жедел түрде көмекке келетінін айтты.
— Бүгінде қан қысымы жоғары, жүрек, қант диабеті секілді түрлі созылмалы ауруларға шалдыққан науқастар көп. Сол себепті де бірінші қабатқа ең қажетті деген дәрігерлер мен медициналық ЭКГ, УДЗ секілді тексеру құрал-жабдықтарды орналастырдық, — деді Динара Сақытжанқызы.

ОФТАЛЬМОЛОГ КАБИНЕТІ ЖАҢАРТЫЛҒАН

Үшінші қабатта орналасқан офтальмолог-дәрігер Серікболат Сағынбаевтың кабинетіне де бардық. Кабинет заманауи офтальмологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған екен. Бұл жерде дәрігер емханаға келушілердің барлығына жан-жақты көмек көрсетілетінін жеткізді. Біз барған сәтте келушілер болмады. Осы сәтті пайданалып, офтальмолог-дәрігердің көмегіне өзім жүгінуді жөн көріп, өтініш жасадым. Өтінішімді қабыл алған дәрігер менің көзімнің қаншалықты көретінін тексеру үшін алдымен дәстүрлі әріптерді көрсету арқылы қарап шықты. Сосын көзді толық тексеруден өткізу үшін арнайы аппаратқа отырғызып, тексеріс жасады. Әп-сәтте әлгі құрылғы менің көзімнің көру деңгейі 0,7 екені туралы нақты жазылған алақандай қағаз шығарып берді. Сонымен бірге көзімнің қысымын да өлшеп, қалыпты жағдайда екенін білдім.
Көз дәрігерінің қабылдауына түрлі көз ауруларына шалдыққан науқастар келеді. Дәрігер оларды тексеріп, қажетті ем-домын жасайды. Күрделі емдеуді қажет ететін адамдарды облысқа жолдама арқылы жібереді. Соңғы кездері балалар арасында көздің нашар көруі көбейді. Осыған байланысты дәрігерге сұрақ қойған едік.
— Мен балалар офтальмологы емеспін. Бірақ бүгінде балалар смартфон мен гаджетті көп қолданады. Осыдан-ақ көз ауруларының қалай пайда болатыны белгілі ғой. Бүгінде 5-6 жастағы балалардың көру қабілетінің күрт нашарлауы байқалуда. Осы жайлы ата-аналарға түсіндіру және көз ауруынан сақтандыратын ақпараттық жұмыс қажет секілді. Сонымен бірге ата-аналары балалары үшін жауапкершілік танытып, көздің көру қабілетін арттыратын пайдалы дәруменге бай тағамдар бергені дұрыс, — деді ол.
Офтальмолог-дәрігердің айтуынша, көзді еш уақытта қолмен уқалауға, сүртуге болмайды, тек таза, жұмсақ шүберекпен сүрту керек. Жаз айларында тікелей түсетін күн сәулесінен және шаң тозаңнан қорғанып, көзілдірік киген де дұрыс.
Емхана меңгерушісі Динара Сақытжанқызы емханаға көз дәрігерінің қажет екенін айтып, Серікболат Сағынбаев зейнетте болса да, емханада елеулі еңбек етіп жүргенін жеткізді.

ӘЙЕЛДЕР ДЕНСАУЛЫҒЫ – МАҢЫЗДЫ

Әйелдер консультациясының қызметі «Отбасын жоспарлау», «Ана сүтімен қоректендіруді қолдау бағдарламасы», «Қауіпсіз аналық бағдарламасы» атты мақсаттық ба-ғдарламалар шеңберінде жұмыс жасайды. Бізге бұл туралы әйелдер консультациясы бөлімінің гинеколог-дәрігері Айзат Шалқарбекова айтты.
— Біздің бөлімде учаскелік акушер-гинекологтардың қабылдау кабинеттері, профилактикалық қарау кабинеті, отбасын жоспарлау кабинеті әйелдерге қызмет көрсетеді. Біздер дәрігер ретінде әйелдерге жүктілік кезінде және босанғаннан кейінгі мерзімде диспансерлік қадағалау жасап, гинекологиялық ауруларды сауықтыру аясында жұмыс жасаймыз. Бүгінде маған қарасты учаске бойынша 140 жүкті әйел тіркеуде тұр. Бұрындары жүкті әйелдерді 12 аптадан бастап тіркеуге алатынбыз. Ал бүгінде 9-10 аптада тіркеуге аламыз. Жүктіліктің барлық айларында әйелдерді уақытылы тексерістен өткізіп отырамыз. Бұл ана мен бала өлімінің алдын алуға үлкен көмегін тигізеді, — деді ол.

УЧАСКЕЛІК ДӘРІГЕР ЖЕТІСПЕЙДІ
Біздің келесі «аялдамамыз» 2-ші қабатта орналасқан учаскелік дәрігерлердің қабылдауы жүріп жатқан 207 кабинет болды. Онда жалпы тәжірибелі дәрігер Ақбаян Кариева 2 жасар Алдиярдың денсаулығын тексеріп, тамағын қарап, қызуын өлшеп жатыр екен. Алдияр жоспарлы екпе алуға келіпті. Ал анасы болса баласының тілінің кеш шығып жатқанына абыржып: «Біз сары ауруға қарсы екпе алуға келіп тұрмыз. Баламның жалпы денсаулығы жақсы. Барлық нәрсені түсінеді. Бірақ тілі кеш шығатын секілді. Осы жастағы балалар неше сөз айтуы қажет» деп сауал жолдады. Өз кезегінде Ақбаян Әнуар-қызы өзіне қажетті «мама», «әке», «ата», «әже» «бер», «кел» деген сөздерді айта алатын болса, алаңдаудың қажеті жоқ екенін айтып, түсіндіріп берді.
Біз әрі қарай басқа кабинетте ересектерді тексеріп жатқан жалпы тәжірибелі дәрігер Есет Сұлтанның қабылдауына бардық. Бұл жерде адам қарасы көп екен. Дәрігер кабинеті де абыр-сабыр. Науқастарға қызмет көрсетіп отырған Есет Абайұлынан бүгінде ересектер көп жағдайда қандай ауруға шалдығатынын сұрадық.
— Науқастар көп жағдайда қан қысымы, қант диабеті, жүрек, буын, салқын тигізу секілді шағымдармен келеді. Бүгінде жаз мезгілі болғандықтан болар жедел ішек инфекциясы көптеп таралуда, — деді ол.
Емхана меңгерушісі Динара Тлекешова бүгінде емханада жалпы тәжірибелік дәрігерлер жетіспейтінін тілге тиек етті.
— Қандыағаш қаласы бойынша емхана учаскесінің саны — 14. Бір учаскеде 1800 адам тіркеуде тұрады. Ал біздің емханада 9 жалпы тәжірибелі дәрігер қызмет етеді. Учаскелік дәрігердің жетіспеушілігі салдарынан біздің дәрігерлер екі есе жүктемемен жұмыс жасап жүр. Олар 1800 адам емес, 3500-нан астам адамға қызмет көрсетеді. Учаскелік дәрігерлер науқасты емханада қабылдаудан да басқа үйге шақырту, жас туған нәрестелердің жағдайын білу, тексеру секілді үйге барып та қызмет көрсетеді. Жұмыстың көптігіне байланысты кейде үлгермей қалатын сәттер де болады. Дегенмен дәрігерлер жұмыстың көптігіне қарамастан жұмыстарын сапалы атқаруға тырысады, — деді ол.
Емхана меңгерушісінің сөзін-ше, жалпы тәжірибелік дәрігерлер бір күнде 16 науқасты қабылдауы қажет екен. Бірақ бұл қабылдау орташа есеппен 40 адамға дейін созылады. Бұл — біз көрген дәрігер компьютеріне DamuMed қосымшасындағы нақты дерек. Қосымшадағы тізімді алдын ала жазылғандардан бөлек, шұғыл түрде келетіндер, тегін дәрі алушылар, жоспарлы екпемен егілушілер, медициналық тексерістен өтушілер толықтырады.

КҮНІНЕ 5-6 БАЛА ТРАВМАТОЛОГ ҚЫЗМЕТІНЕ ЖҮГІНЕДІ

Емхана ішін аралап жүріп, травматолог-дәрігер Серік Көшеновтің кабинетіне бас сұқтық.
Әңгімеміздің басы ойын алаңдарының балалар үшін өте қауіпті екенінен басталды.
— Жаз басталысымен біздің бөлім қызметкерлерінің жұмысы қиындай түседі. Себебі бұл уақытта балалар белсенді болады. Үлкендер қарап үлгере алмайды. Қала аумағындағы арнайы ойын алаңдарының экстрималдылығы жоғары. Осындай ойын алаңдары балалардың денсаулығына қауіп төндіреді. Балалар негізінен доп қуып, ойын алаңқайларында үлкендердің қарауынсыз жүрген кезде жарақат алады, — деді ол.
Дәрігердің қабылдауына келген 10 жасар Рахман қолындағы жарақатының орнын тазалатуға келіпті. Дәрігерлер оның білегіндегі ескі дәкені алып тастап, жарасына дәрі жағып, таңып берді. Одан жарақатты қайда жүріп ал-ғанын сұрағамызда: «Доп ойнап жүргенде газонда құлап қалдым. Ол кезде қатты ауырды. Дәрігерлер жараның орнын тікті. Қазір қатты ауырмайды», — деп жауап берді.
Дәрігер Серік Көшеновтің айтуынша, емханаға орташа есеппен күніне түрлі жарақат алған 5-6 бала келіп, медицаналық көмекке жүгінеді. Соңғы уақыттарда өндіріс жұмыс орындарында да қауіпсіздік ережелерін сақтамаған жұмысшылар арасында жарақат алушылар көбейген. Сонымен бірге олар науқастарға отадан кейінгі таңып-байлау қызметін де көрсетеді.

САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫ — ЗАМАН ТАЛАБЫ

Емханада Салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинеті жұмыс жасайды. Оның мақсаты — адамның негізгі құндылығы ретінде денсаулыққа дұрыс көзқарасты қалыптастыру, денсаулық және жақсы психофизикалық жағдайда өмір сүруге мүмкіндік жасау.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру маманы Светлана Инесова жастар мен оқушылар арасында тұрақты түрде салауатты тамақтану, шылым шегу профилактикасы, стресстің алдын алу және стресске қарсы тұру дағдыларын қалыптастыру, коммуникация дағдылары, онкологиялық аурулардың профилактикасы және т.б. тақырыптар бойынша дәрістер жүргізіп отырады. Сонымен бірге артериялық гипертония және жүректің ишемиялық ауруы бар науқастарға арналған денсаулық сабақтарын да өткізеді.
Сонымен бірге емханада ауруларды және қауіп факторларын ерте сатыда анықтау үшін дер кезінде емдеп, ас-қынудың алдын алу мақсатында белгілі бір жастағы дені сау адамдарды профилактикалық-медициналық тексерулерден, яғни скринингтен өткізеді.
Ерлер мен әйелдер арасындағы қан айналымы жүйесінің және қант диабетін, әйелдер арасындағы сүт безінің ісікалды және ісіктік ауруларын, жатыр мойнының ісікалды және ісіктік ауруларын ерте анықтау үшін де тексерістер жүргізеді.

ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ ТЕГІН ДӘРІГЕ 4120 РЕЦЕПТ ЖАЗЫЛҒАН
Бүгінде медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде түрлі дертке шалдығып, диспансерлік есепте тұрған науқастар емханадан тегін дәрі-дәрмек алады. Бұл жердің де жұмысымен танысуды жөн көріп, емхана дәріханасының есігін қақтық. Дәріхана қызметкері фармацевт Динара Сағынбаеваның айтуынша, жыл басынан бері тегін берілетін дәрі-дәрмек үшін 4120 рецепт жазылған. Оның 690-ы балалаларға берілген.
— Ауданда тегін дәрі таратылатын науқастар саны жыл сайын артып келеді. Қан ауруларының ауыр түрлері, онкологиялық қатерлі ісік аурулары, психикалық аурулар (психоздар немесе бала туғаннан кейінгі ауыр депрессия), бүйрек ауруларының ауыр түрлері, туа бітті жүрек аурулары, анасының іріңді-септикалық ауруларымен ауыруы, эндокриндік аурулардың ауыр түрлері, аллергиялық аурулардың ауыр түрлеріне де тегін дәрі-дәрмек беріледі. Сонымен бірге ана мен балаға көмек беріледі. Айталық, жасанды сүт қоспасы, сәбиге медициналық дәрі қобдишасы таратылады, — деді фармацевт Динара Сағынбаева.
Мемлекет тарапынан қашан да балалар мен ересек адамның өмір сүру ұзақтығын жақсарту мақсатында нақты бағдарлама қабылданып жатқанын тілге тиік еткен емхана меңгерушісі Динара Сақытжанқызы Мұғалжар аудандық ауруханасы бойынша 6600 адам «Д» (диспансерлік) есепте тұрғанын және нау-қастарға тегін дәрі-дәрмектің берілуі учаскелік дәрігерлердің жолдамасы арқылы жүр-гізілетінін жеткізді.

АНАЛИЗАТОР 200-ДЕН АСТАМ СЫНАМА ЖАСАУҒА ҚАУҚАРЛЫ
Аурухана зертханасына кіргенімізде, бұл жердің заманға сай зертханалық құрылғылармен жабдықталғанын көрдік. Бүгінде зертханаға арнайы зертханалық ыдыстар, автоматтық лабораториялық анализаторлар алынған. Аға зертханашы Гүлшаш Сарсенбаеваның айтуынша, зертханада бір күнде 200-ден астам үлгілерге талдау жасалады екен.
— Таңғы сағат 8-00 мен 10-00 аралығында қан, зәр, нәжіс, қанға биохимиялық, ИФА, гепатит секілді талдамаларға үлгілер алу жұмыстары жүргізіледі. Одан кейін бір сағат ішінде барлық үлгілерді сараптамадан өткіземіз. Түстен кейін зертхана қызметкерлері дайын болған анализ талдамаларды DamuMed мобильдік қосымшасына жүктейді. Ал аудан деңгейінде жасалынбайтын сынамалар жекеменшік «Олимп» және «INVIVO» секілді зертханаларға жолданып, нақты зерттеулер жасалынады. Лабораториялық зерттеулердің барлығы дерлік дәрігер жолдамасы арқылы тегін жүргізіледі. Жыл басында аталған клиникалармен келісім-шарттарға отырып, жүйелі жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар ауруханаға шұғыл келген науқастан дереу талдамалар алынып, 15 минут ішінде нәтижесін шығарып береміз, — деді ол.

ЗАМАНАУИ АППАРАТТАР ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ…

Біз жұмыс барысында емхананың базасы жаңа құрылғылармен жабдықталғанына да куә болдық. Заманауи компьютерлік томография, УДЗ, рентген, флюорография халық игілігі үшін жұмыс жасап тұр екен. Бұл аппараттар науқастарға нақты диагноз қою үшін толық мүмкіндік тудырады.
— Қазір ауруханамызда компьютерлік томографиядан өзге экспресс класты УДЗ құрылғысы, доплерлік ультрадыбыстық аппараттар, маммографиялық құрылғылар бар. Экспресс класты УДЗ аппаратының көмегімен барлық ішкі органдарды толыққанды түсіруге мол мүмкіндік туды. Дамыған медицина мен заманауи құрылғылардың арқасында науқастың ауруы дер кезінде анықталып, ем-шара жұмыстары уақытында жүргізіледі. Сондай-ақ, облыс орталығындағы жеке клиникалармен келісім-шартқа отырдық. Аурухананың жолдамасымен барған мұғалжарлық пациенттер осы аталған жеке-меншік медициналық мекемелерден тегін диагностикадан өте алады, — дейді емхана меңгерушісі Динара Тлекешова.
Компьютерлік томографияның басты ерекшелігі арнайы бағдарламаның көме-гімен адам ағзасының барлық бөлімдеріне зерттеу жүргізеді. Жаңа құрылғы адамның ішкі құрылысын анық көрсетеді. Арнайы бағдарламалық зерттеу арқылы науқастың диагнозы қойылып, қандай ем-дом қабылдауға болатыны анықталады екен.
Ал УДЗ дәрігері Динара Жаханова күн сайын алдын ала жазылу бойынша 12 адамды қабылдайтынын, дегенмен шұғыл жағдайда науқастардың да тексеруден өткізілетінін жеткізді. Сонымен бірге ол ауруханада емделіп жатқан науқастарға да қызмет көрсетеді.
ТҮЙІН
Журналист те адам. Біздің де дәрігердің алдына науқас ретінде баратын күніміз болады. Осындай кезде біздің де кей нәрсеге көңіліміз толмай жатады. Ал бұл күнгі журналист ретінде емханада көргеніміз пациент ретіндегі бірқатар ойымызға өзгеріс енгізді десек те болады. Кейбір «неге» деген сұраққа жауап тапқандай болдық. Ол жауапты сіз де тапқан боларсыз деген үміттеміз, оқырман…
Нұрғаным Кесікқұл, Зайырбек Есенжолов.

Ұқсас ақпараттар

АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ БАҚЫЛАНУДА

admin_mugalzhar

«Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Заңына сәйкес Кандыағаш қаласының әкімі лауазымына кандидаттардың үгіт материалдарын жариялау үшін газет бетінен орын беру төлемінің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы

admin_mugalzhar

179 МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ӘСКЕРИ МІНДЕТІН АТҚАРУДА

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.