«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ДЕНІ САУ ҰРПАҚ — ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ

БАУЫР ЕТІ БАЛАСЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫНА АЛАҢДАҒАН АТА-АНАНЫҢ, ӘРИНЕ, ДӘРІГЕРГЕ СҰРАҒЫ КӨП БОЛАРЫ АНЫҚ. СОЛ СҰРАҚТАРҒА ЖАУАП ІЗДЕП ЖҮРГЕНІ ДЕ ҚАНШАМА?! ОСЫ ОРАЙДА БІЗДІҢ ОҚЫРМАНДАРЫМЫЗДАН КЕЛІП ТҮСКЕН БІРҚАТАР СҰРАҚТАРҒА АУДАНДЫҚ АУРУХАНА БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ АЙБЕК СҮГІРОВ ЖАУАП БЕРДІ.
— БАЛАЛАРҒА МІНДЕТТІ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ЖАРНАСЫН ТӨЛЕУ АТА-АНАҒА МІНДЕТТЕЛЕ МЕ?
-Жоқ. 18 жасқа дейінгі балалар жеңілдікті санатқа жататындықтан, олар үшін мемлекет МӘМС үшін аударымдар жасайды. Сондықтан медициналық сақтандыру пакетіндегі медициналық көмек балаларға толық көлемде қолжетімді. Айта кету керек, Мұғалжар аудандық ауруханасында қазіргі уақытта 18 жасқа толмаған — 15113 бала тіркелген.
— БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН СТОМАТОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕР МӘМС ПАКЕТІНЕ КІРЕ МЕ?
-18 жасқа дейінгі балаларға стоматологиялық көмек шұғыл және жоспарлы түрде тегін көрсетіледі. Мұғалжар аудандық ауруханасында төмендегідей стоматологиялық қызметтер бар: тісті жансыздандыру және жұлу, пломба салу, пульпит, периодонтитті емдеу. Стоматологиялық көмекті алу үшін аймақтық дәрігеріңізден жолдама қажет емес. Емхананың 318 кабинетіне, стоматолог дәрігеріне келсеңіз болады немесе тіркеу бөлімі арқылы жазыла аласыз.
— ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА БАЛАЛАР ҚҰРҒАҚ СҮТ ҚОСПАЛАРЫМЕН ТЕГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛЕДІ?
— Бір жасқа дейінгі балалар үшін бейімделгіш құрғақ қоспалар тіркелген жеріндегі емханаларда мынадай жағдайларда беріледі: 1) емшектегі нәрестені асырап алу; 2) анасында АИТВ инфекциясының немесе туберкулездің белсенді түрінің, жіті психикалық аурулардың, туа біткен және пайда болған жүрек ақауларының, жүрек-қантамыр жүйесінің декомпенсациясымен ілесе жүретін аурулардың, эндокриндік және аллергиялық аурулардың ауыр түрлерінің болуы; 3) балада туа біткен лактоза жеткіліксіздігінің, галактоземияның, фенилкетонурияның, «үйеңкі шәрбаты» ауруының болуы; 4) ананың цитостатикалық, радиоактивті, тиреоидты, психотроптық және есірткі дәрілік препараттарды қабылдауы; 5) бірнеше баланың дүниеге келуі және емшек сүтінің жетіспеушілігі; 6) әйелдің күндізгі оқу нысанында оқуы; 7) әйелдің стационарда емделуі. Аудандық ауруханада қазіргі уақытта 17 бала құрғақ қоспалар алады.
-СОЗЫЛМАЛЫ АУРУЛАРЫ БАР БАЛАЛАРҒА ҚАНДАЙ ОҢАЛТУ ШАРАЛАРЫ ҚАРАСТЫРЫЛҒАН?
-Созылмалы аурулары бар балалар мен жасөспірімдер жылына екі-үш рет тұрақты медициналық оңалтудан өте алады. Бұл асқынулардың алдын алу үшін емханаларда динамикалық бақылау кезінде жасалады.Үшінші кезеңді оңалтуды пациенттің ауруына байланысты емхананың медицина қызметкерлерінің жолдамасы бойынша емханаларда, күндізгі және тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларда, оңалту орталықтарында және үйдегі стационарларда жүргізеді. Өткен жылы 130 бала аудандық ауруханада, облыс орталығында, Алматы, Астана қаласындағы орталықтарда медициналық оңалтудан өткен болатын. Жалпы бұл шараға мұқтаж жандар көп.
— СПОРТТЫҚ СЕКЦИЯЛАРҒА ЖАЗЫЛМАС БҰРЫН ЭКГ, ЖҮРЕК УЛЬТРАДЫБЫСЫН ТЕГІН АЛУҒА ЖӘНЕ БАЛАҒА КАРДИОЛОГТЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫН АЛУҒА БОЛА МА?
— Иә. Ол үшін тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігердің немесе педиатрдың қабылдауына жазылуы керек және консультация кезінде жүгіну себебін көрсету қажет. Дәрігер кардиологқа жолдама бергеннен кейін ол спортқа қарсы көрсеткіштерді болдырмау үшін қажетті шараларды тағайындайды. Бұл процес осылай жүзеге асады.
— ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА БАЛАЛАР ДӘРІГЕРІН ҮЙГЕ ШАҚЫРУҒА БОЛАДЫ?
-5 жасқа дейінгі балаларға денсаулық жағдайының кез-келген нашарлауы кезінде учаскелік дәрігер үйде қызмет көрсетеді. 5 жастан асқан балаларға үйге шақырған кезде оның шақыру себебіне және баланың жағдайына байланысты алғашқы медициналық-санитариялық көмек маманы — дәрігер, орта медицина қызметкері көмек көрсетеді. 2022 жылдың бүгінгі күніне дейін 5 жасқа дейінгі 693 балаға үйіне шақырту орындалды.
-ЖЕКЕ КЛИНИКАЛАРДА ЖОСПАРЛЫ ЕГУДІ ТЕГІН АЛУҒА БОЛА МА, ОЛ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
-ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысына сәйкес, инфекциялық ауруларға (туберкулез, гепатит, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия және сіреспе, B типті гемофильді инфекция, пневмококкты инфекция, қызылша, қызамық және паротит (свинка) қарсы жоспарлы профилактикалық екпелер — балаларға меншік нысанына қарамастан, тіркелген жеріндегі медициналық ұйымда тегін жүргізіледі. Еске сала кетсек, Қазақстанда вакцинация жүргізу мерзімі жасына сәйкес Ұлттық егу күнтізбесімен белгіленген. Ағымдағы жылдың 6 ай қорытындысы бойынша — 5950 бала екпе алып отыр. Сонымен қатар манту сынамасын 4362 бала алды. Екпеден бас тартқан ата-аналарға әрқашан түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады.
— БАЛАҒА ТУА БІТКЕН ЖҮРЕК АНОМАЛИЯСЫ ДИАГНОЗЫ ҚОЙЫЛДЫ, ОҒАН ҚАНДАЙ КӨМЕК ҚАЖЕТ?
-Туа біткен жүрек кемістігі бар балаларға медициналық көмек диагностикалау мен емдеудің барлық кезеңдерінде тегін көрсетіледі. Мұғалжар аудандық ауруханасында туа біткен жүрек ақауларымен 20 бала диспансерлік есепте тұр.
— БАЛАБАҚШАҒА НЕМЕСЕ МЕКТЕПКЕ РЕСІМДЕУ КЕЗІНДЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ АНЫҚТАМА САТЫП АЛУ КЕРЕК ПЕ?
— Жоқ, сатып алудың қажеті жоқ. Балабақшаға немесе мектепке қабылдау үшін медициналық анықтаманы тіркелген жері бойынша емханадан сұратуға болады. Анықтамаға баланың физиологиялық параметрлері, бар аллергиялық реакциялар, созылмалы және бұрын болған инфекциялық аурулар, алынған екпелер, профилактикалы қ тексерулердің және зертханалық талдаулардың нәтижелері және тағы да басқа шаралар енгізіледі. Бала балабақшаға түскеннен кейін картаны балабақшаның медицина қызметкері толтыруды жалғастырады.
-БАЛАЛАРҒА ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ТЕКСЕРУЛЕРДІ ҚАНШАЛЫҚТЫ ЖИІ ӨТКІЗУ КЕРЕК?
-Балаларды профилактикалық тексеру жыл сайын — туғаннан бастап кәмелетке толғанға дейін жүргізіледі. Мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілерін, мектеп оқушыларын, орта арнаулы оқу орындарының оқушыларын және 18 жасқа дейінгі студенттерді білім беру ұйымдарындағы көшпелі бригада тексереді. Мектепке дейінгі мекемелерге бармайтын балаларды тексеру аудандық аурухананың емханасында жүргізіледі. Профилактикалы қ қарап-тексерулердің жиілігі мен кезеңділігі Қазақстан Республикасы Министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДМС-264/2020 «Мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балаларды, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының оқушыларын қоса алғанда, халықтың нысаналы топтарына профилактикалық медициналық қарап-тексерулерді жүргізу қағидаларын, көлемі мен кезеңділігін бекіту туралы» бұйрығымен белгіленген. 2022 жылдың 6 ай қорытындысы бойынша 7338 баланы алдын ала тексерістен өткізу жоспарланып, 5161 бала тексеруден өтті. Оның ішінде 78 бала анықталып, ем көрсетіліп, сауықтырылды.
— МЕКТЕП МЕДПУНКТІНДЕ БАЛАЛАРҒА ҚАНДАЙ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛЕДІ?
-Мектеп оқушыларына алғашқы медициналық көмек, екпе, алдын-ала тексерістер жүргізіледі. Мұғалжар аудандық ауруханасына қарасты мектептерде 1 дәрігер, 20 медбике қызмет атқарады.
— МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ БАЛАЛАРҒА АРНАЙЫ ҚАНДАЙ КӨМЕКТЕР, БАҒДАРЛАМАЛАР БАР?
-Мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы әлеуметік қызметкердің көмегі, мемлекеттік квотамен ем алу, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта Мұғалжар аудандық ауруханасы бойынша 211 мүгедек бала бар. Барлық балалар Ақтөбе қаласындағы «Аяла», АМО(АМЦ), «Көз жарығы», Алматы қаласында «Ақбөбек», хирургиялық институтта және басқа да емдеу сауықтыру орталықтарында ем алуда.
Айдана АЛТЫБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

Тоқаев Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына қатысады

admin_mugalzhar

Головкиннің келесі қарсыласы белгілі болды

admin_mugalzhar

АҒАДАН АҚЫЛ ҚОЙЫЛЫМЫ САХНАЛАНДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.