«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АҚТӨБЕДЕ ЫМДАУ ТІЛІ ТЕГІН ОҚЫТЫЛАДЫ

Әрқайсымыздың мүмкіндігіміз бар. Жүректегі мейірім мен қолдан келер қайырым – көшедегі мүсәпір хәлде отырған өзіннен бір саты төменге «жомарттық» танытып, қайыр салудан ғана тұрмайды ғой (соның өзінде кейде, тәлтіректеп таяп келгенді өңменінен итере салатын өзімшілдігіміз бар. Кісіміз ғой өйткені. Жә, бұл туралы өз кезегінде…)

Ақтөбе қаласында екі айдың жүзі болды, есту қабілеті нашар балалардың ата-аналарына арналған ым-ишара тілін оқыту курсы жұмыс жасауда. Бұл курс мүлдем ақысыз жүргізіліп келеді. Жобаны жүзеге асырушы «Жас Өрен» жастар орталығы» қоғамдық бірлестігі.

Мақсат – қоғам санасына серпіліс беру

«Саусақтар сөйлейді» деп аталатын оқыту курсын бастауға және жүзеге асыруға Н.Назарбаев Қорының әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесінің «Үйлесімді даму және бақытты балалық шақ – заманауи әлемнің басты басымдығы» байқауының демеушілік гранты негіз болған. Байқау осы жылдың сәуір айында өткен болатын. 100-ден астам қатысушының арасынан іріктеліп алынған аз ғана жобаның ішінде ақтөбелік журналистер Әлия Таласова мен Нұргүл Қалиева ұсынған әлеуметтік жоба да қоғам игілігі үшін жүзеге асырылуға тиіс маңызды жобалардың бірі деп танылды.

Бір айта кетерлігі, мүндай жоба Қазақстанда бұрын-соңды болмаған. Мемлекет тарапынан есту қабілеті төмен балалар әлеуметтік қамқорлыққа алынғанымен, олардың ата-аналарымен жұмыс жүргізу, оның ішінде баласының «ана тіліне» әке-шешесін, отбасы мүшелерін де бірге үйрету мемлекет тарапынан қолға алынбаған, назар аударылмаған бірден-бір күрделі мәселе.

«Ақтөбе облыстық есту және көру қабілетінде бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернат-колледжінде жұмыс жасап келе жатқаныма 20 жылдан асты. Бізге балалардың ата-аналары олардың тілін түсінбейтіндігін жиі айтып жатады. Әсіресе, өткен пандемия кезінде балалардың барлығы біраз уақыт үйден қашықтан оқуға мәжбүр болды. Осы уақытта ата-аналар баласының тілін түсінбей, сабағына қарайласа алмай біраз қиналды. Сондықтан, біз үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін мұндай жобаның ашылуы аса маңызды еді», — дейді педагог-маман, «Саусақтар сөйлейді» жобасының сурдопедагогы Нұрлыгүл Калимова.

«Құлағы нашар еститін баланың анасымын. Өз бетімше оқуға тырысқанмын, бірақ ол өте ауыр екен. Курс ашылған бойда осында біріншілердің қатарында келдім. Қазір педагогтармен бірге ымдау тілін үйреніп жүрмін. Маманмен жұмыс жасаған соң, тілді үйрену де аса қиындық тудырмайды екен. Біз үшін мұндай жоба ұйымдастырылғанына қатты қуаныштымын. Қатысқаныма екі ай болды. Қазірідің өзінде нәтиже жақсы. Күні кеше ғана есту қабілеті төмен әйелдер жұмыс жасайтын тігін цехына бардық. Бізге олармен ымдау тілінде сөйлесуге тура келді, мен үшін бұл да үлкен тәжірибе болды. Курсқа кей кездері қызымды алып келемін. Ол маған мама, мен саған тілді үйренуге көмектесемін» деп айтады, — дейді курсқа екі айдан бері қатысып жүрген, 13 жастағы Эльвираның анасы К. Кастромина Карина.

Егер статистикаға көз салып өтсек, жалпы жоғарыда аталған мектеп-интернат-колледжде бүгінде 130-ға жуық бала білім алуда екен. Оның ішінде 102 баланың есту қабілетінда ақауы бар. Мектеп басшылығы мен оқытушылары бірауыздан тәрбиеленушілерінің ата-аналарының бәрінің бірдей ымдау тілін түсіне бермейтіндігін, сондықтан балаларымен өзара қарым-қатынас құруларында қиындықтар туындайтынын айтады.

«Кішкентайымда туысымыздың қызы Ақтөбеден каникулға келетін. Оны тоғыз ай бойы көрмейтінбіз, себебі, Ақтөбеде интернатта жатып оқитын. Құлағы естімейтін. Бірақ, 3 жасқа дейін есту қабілеті дұрыс болған. Кейін салқын тиіп асқындырып, осындай күйге жеткен. Әлгі қызбен ойнағымыз келеді, бірақ тілін түсінбегендіктен, ойынымыз ұзаққа бара қоймайтын. Оның анасымен де, бауырларымен де аса тіл табыса қоймайтынын байқайтынмын. Ол үнемі ашуланып, өзінен-өзі біртүрлі дыбыстар шығаратын. Мамасы ол каникулдан Ақтөбеге қайтқанша шаршап кететін. Әлгі қыз ия анасын түсінбейді, анасы қызын түсінбейді, сөйтіп үй іштері даңғаза болып жататын. Осы көрініс көз алдымда қалып қойыпты. Әріптесім Әлия осы проблеманы бастап айтқан кезде, бірден сол көріністі есіме алдым. Сондықтан, екеуміз бірлесіп осы жобаны әзірлеуге бел шештік. Мен осы жобаға қатысып жүрген ата-аналардың «баламмен оның тілінде сөйлесе бастадым» деп күлімдеген кездерін көргенімде, ерекше сезімде боламын. Балалардың ата-аналарымен еркін сөйлесіп отырған бақытты сәтін көз алдыма елестетемін. Өзім балаларыммен бір күн сөйлеспесем, олардың көңіл-күйлерін білмесем, біртүрлі боламын. Ал балаңмен өмір бойы сырласпау, оның не ойлайтынын, алғашқы ғашық болған сезімің, достық, өмір туралы алғашқы ой түйгенін білмеу үлкен қасірет болар. Бала үшін де солай ғой. Мен өзім де қазір ымдау тілін үйреніп жүрмін. Мұндай балалардың қоғамға, өмірге бейімделуі үшін неғұрлым көбірек адам олардың тілдерінде сөйлеуі керек деп ойлаймын. Біз қоғамды өзіміз қалыптастырамыз, өз өмірімізді өзіміз жасаймыз. Ендеше, жанымыздағы жандардың да өмір сүруін жеңілдету үшін, оларға қарсы қадам жасап, қолымыздан келетін істі жасауымыз керек», — дейді жоба туралы оның жетекшілерінің бірі Нұргүл Қалиева.

Қазір жоба бойынша 20-дан астам ақтөбелік тегін ым-ишара тілін оқып үйренуде. Олар тек ата-аналар ғана емес, олардың арасында ымдау тілін меңгерсем деген еріктілер де өте көп екен.

«Ымдау тілін мемлекеттік қызмет көрсету орындарында, емханаларда, дәріханаларда, яғни қоғаммен тығыз жұмыс жасайтын мамандар да үйренсе екен деген тілек бар. Себебі, есту қабілеті төмен адамдар қоғамда әсіресе, мемлекеттік қызмет алуда тең құқылы болуы керек. Осы бағытта бізге жергілікті атқарушы биліктен қолдау болса дейміз. Бұл проблемаға бей-жай қарамау керек, бүгінде азаматтық қоғам дамып келеді, осы тұрғыдан қарағанда, біз мүмкіндікті жіберіп алмай, мемлекеттің назарын ерекше балалардың ата-аналарына, отбасы мүшелеріне аудартуымыз керек. Себебі, тұлға бірінші кезекте өз отбасында қалыптасады. Ал отбасынан түсіну мен қолдау таппаған бала содан кейін даладан жұбату іздейді. Міне, біз басымдық беріп отырған мәселе де осында – әр бала тәрбиені өз отбасынан алуы керек. Оның анасы да, әкесі де, бауыры да, тіпті жанындағы көршісі де ерекше баланың тілінде сөйлесе, бала оларды «өз адамым» деп қабылдап, оларға сенуді үйренер еді», — дейді жоба жетекшісі Әлия Таласова.

Журналист қыздар бүгінде Астанада тұрып жатқандарына қарамастан, алғашқы жобаны туған қалалары Ақтөбеде жүзеге асырамыз деп шешіпті. «Бұл жоба демеушілер тарапынан да зор қолдауға ие болды, сондықтан жоба еліміздің басқа аймақтарында да жалғасатын болады. Біз осы бағытта жұмыстанудамыз», — дейді олар.

Түсініңіз, баланың ана тілі, ол – «ымдау тілі»!

Жақыныңа жәрдемдесу деген ұғым бар мынау қоғамда. Мәселен, 7 жасар Вованың анасы онымен үйде ешкімнің тілдеспейтінін айтады. Неге дейсіз ғой. Себебі, түсінбейді. Себебі, Вова туа біткен саңырау. Шынашақтай баланың күнде неше мың айқай-шу болып жатқан мынау әлеммен шаруасы жоқ, себебі, ол өзінің тырс еткен дыбыс шықпайтын мылқау әлемінде өмір сүріп келеді. Бір қызығы, мына әлемнің де Вовада шаруасы жоқ. Әлемі несі, Вовада ата-анасының да шаруасы шамалы. «Дәретханаға өзі барып келеді, тамағын ішеді, сосын өзімен өзі бөлмесінде отырады», — дейді жәутеңдей қараған анасы: «Мектепке барғаннан бері жақсы болды, достары бар, өз тілдерінде сөйлеседі». Ал енді осы ана, оның жанындағы әкесі Вованы өмірге әкелгеннен, ішер асын, киер киімін тауып бергеннен басқа, тағы қандай көмек көрсете алар еді?!

«Қызым ашулаңшақ, қабағы ашылмайды. Кейде ызаланып жылайды. Бізге не айтып жатқанын түсінбейміз. Вацапқа жазып жіберіпті «Мама, сен басқаларымен сөйлескен сияқты, менімен неге сөйлеспейсің» деп. Не айтарға білмедім, тете өсіп келе жатқан тағы бір қызым бар. Ол естиді, сөйлейді. Біздің сөйлескенімізге қарап қызығады екен. Ал мен құлағы естімейтін үлкен қызыммен сөйлесе алмаймын» дейді шарасыз тағы бір ана.

«Мен бауырыммен сырласып сөйлескім келеді. Онымен онсыз да ешкім сөйлеспейді. Қысқа-қысқа сөйлесе аламыз, бірақ мен онымен ұзақ әңгімелессем, сырлассам деймін. Оның кейде не ойлап отырғанын да білмейсің, өзімен-өзі болып қалады» дейді небары 12 жастағы жасөспірім.

Мұндай мысалдар өте көп. Бұл біздің қаламыздың тұрғындарының тағдыр-тарихы. Ерекше балалардың  ата-аналары ішін ақтарып, сырын аша бермейді. Олар өз проблемаларымен жеке бетпе-бет келіп үйренген. Мемлекет тарапынан есту қабілеті нашар балалар үшін жағдай жасалған. Басқа балалар секілді 3 жастан бастап балабақшаға қабылданады, 7 жасқа толғанда жалпы білім беру мектебінің табалдырығын аттайды. Қазақстандық оқу жүйесіне сәйкес, әліппе оқиды, әріп таниды, математикалық амалдарды үйренеді, сөзден сөйлем құрастырады. Ән де айтады, спорттан да тыс қалмайды.

«Біздің балаларымыз өте талантты. Бірақ, олар өз қатарластарымен сөйлесе алмағаны үшін қысылатын сияқты. Мектебімізге басқа мектептердің балалалары келіп, бірлесіп жобалар жасайды. Олардың көзінше біздің балаларымыз бір бірімен саусақпен сөйлесуге ұялып, ишарамен үстел астынан саусақтарын жасырып сөйлеген кездері де болды. Осындайда еріксіз көзге жас үйіріледі», — дейді облыстық есту және көру қабілетінде бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернат-колледжінде оқытушысы, «Саусақтар сөйлейді жобасының» дефектолог маманы Г. Шотанова.

Баланың қатарластарының алдында өзін қор санауына біз, қоғам кінәлі екенін естен шығармауымыз керек. Олардың біздің тілімізде сөйлей алмайтыны ақиқат. Ендеше, неге оларға бір қадам жақындау үшін, біз өзімізге берілген мүмкіндікті пайдаланып, олардың тілінде сөйлемеске?!

Есту қабілеті төмен адамның туған тілі қазақ тілі, орыс тілі де емес, — «ымдау тілі» екенін естен шығармайық!

Кастромина Карина, Эльвиранын мамасы Шотанова

Ұқсас ақпараттар

Алдағы күндері еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауып, күн суытады

admin_mugalzhar

МҰҒАЛЖАР АУДАНЫНДА ҚАНША ТҰРҒЫН БАР?

admin_mugalzhar

299 МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ҮЙЛЕРІНДЕ ДАУЫС БЕРДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.