Ақтөбе жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған ауқымды іс-шараның алаңына айналды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгін өз идеясын жүзеге асыруға ынталы кәсіпкерлер мен стартаперлердің басын қосқан «Жас кәсіпкер» форумы өтті.
Форум аясында облыстағы жас кәсіпкерлердің шағын цех, өндіріс орындарынан шығарылатын өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылған. Мұнда кондитерлік өнімдер мен жартылай фабрикаттардан бастап кір сабыны, тоқылған киім, жалюзи мен резеңке бұйымдарға дейінгі тауарлардың кең таңдауы ұсынылды. Айта кетейік, жас кәсіпкерлер өндіріс орындарын мемлекеттік қолдау, соның ішінде өтеусіз гранттардың арқасында ашқан.
Форумға қатысушылар алдында сөз сөйлеген облыс әкімі Ералы Тоғжанов мемлекетіміздің болашағы білімді және талантты жастардың қолында екенін алға тартты.
-Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы екенін және жас қазақстандықтарға өздерін дамыту үшін жағдай жасау негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында өңірімізде жастарды қолдауға, бизнес бастамаларын іске асыруға бағытталған нақты іс-шаралар қолға алынуда. Нәтижесінде облысымызда шағын және орта бизнес саласында 29 жасқа дейінгі 15,5 мың белсенді жас кәсіпкер бар.Үлесі – 19,1%, — деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жастардың бизнес-бастамаларын іске асыру үшін жеңілдетілген шағын несиелер берілетінін сөз етті. Айта кетейік, биылғы жылы Ұлттық жоба аясында 337 жас кәсіпкерге 4,2 млрд. теңге сомасына жеңілдетілген несие берілді. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 470 млн. теңгеден астам сомаға 375 жас кәсіпкер әртүрлі салада қайтарымсыз грант иеленіп, қазіргі таңда кәсіптерін дөңгелетіп отыр.
Ералы Тоғжанов үйде шағын өндіріс ашатындарға да қолдау көрсетілетінін атап өтті.
-Бұл — өз бизнесіне үлкен инвестиция сала алмайтындарға ақша табуға тамаша мүмкіндік. Әсіресе үйде отырған аналарға, мүгедек балаларды тәрбиелейтін әйелдерге қатысты. Бұған біздің өңірде басталған «Ауыл аманаты» септігін тигізеді, — деп атап өтті облыс әкімі.
Жастардың уақытын тиімді пайдалану мақсатында «Өнер орталығында» креативтік орталық ашылады және де осындай орталықтар қаламыздың 5 жерінде болады. Жастардың тұрғын үй мәселесін шешу үшін биылғы жылдың соңында «Ақтөбе жастары» өңірлік бағдарламасы басталды, ипотекалық қарыз небәрі 5 пайызбен беріледі.
Форум барысында жастар кәсіпкерлікті дамытудың, бизнес-бастамаларды іске асырудың, сұранысқа ие нарықтық өнімді әзірлеудің өзекті мәселелері бойынша мазмұнды пікір алмасты.
Ісін дөңгелетіп отырған бизнесмендер өздерінің жетістік жолымен тарихымен бөлісіп, табысты бизнесті қалай құру керектігін айтты. Ал қаржы институттарының өкілдері кәсіпкерлікті қолдайтын мемлекеттік шаралар туралы хабардар етті.