«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«АУЫЛ АМАНАТЫ» — АУЫЛ ХАЛҚЫНЫҢ ТҰРМЫСЫН ТҮЗЕМЕК

2023 ЖЫЛДЫҢ ЖАҢА ЖОБАЛАРЫНЫҢ БІРІ — ХАЛЫҚТЫҢ ТАБЫСЫН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ. ЖОБА АЯСЫНДА ТҰРҒЫНДАРҒА ҚАНДАЙ ЖЕҢІЛДІКТЕР ҚАРАСТЫРЫЛҒАН? АТАЛҒАН БАҒДАРЛАМАҒА КІМДЕР ҚАТЫСА АЛАДЫ? ЕНДЕШЕ, ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ АРҚЫЛЫ ТҰРМЫСТЫҚ ЖАҒДАЙДЫ ЖАҚСАРТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖАҢА ЖОБА ТУРАЛЫ ТАРҚАТЫП АЙТАМЫЗ.

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында: «Алдағы үш жыл ауылдық аймақтарды барынша дамытуға арналады. Ауылдағы тұрмыстың қаладағы сияқты жайлы болуына күш саламыз. Ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тұжырымдамасы қабылданады. Бүкіл елімізде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылады. Жеке қосалқы шаруашылықтардың тең жартысы соның құрамына кіреді. Ауыл шаруашылығы саласында 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Жалпы, кооперативтерді дамыту үшін бюджеттен 1 триллион теңгеден астам қаражат жұмсалады», – деген еді.

Президенттің осы тапсырмасына сәйкес, өткен жылы елде «AMANAT» партиясының бастамасымен «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынды. 2022 жылы мұғалжарлық тұрғындар арасында аталған жобаны ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Бұл туралы айтқан аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Бауыржан Жолмағанбет жоба аясында ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие берудің шарттары айтылып қана қоймай, жобаның орындалу барысы да жіті түсіндірілгенін жеткізді.

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін. Несиенің номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз етіледі. Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Сонымен бірге 2,5 пайыздық несие өте тиімді — ұсыныс. Несиені алынған бағытта пайдаланып, кәсібін дамыту мақсатында бастапқы 1 жыл көлемінде төлемеу жолдары қарастырылған. Сондай-ақ бағдарламаға қатысу үшін кепіл құнының 70 пайызы несие ретінде беріледі. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін үлкен мүмкіндік болар еді, — деді Б.Жолмағанбет.

Оның айтуынша, арнайы құрылған жұмыс тобы аудан бойынша Қандыағаш, Ембі, Жем және 12 ауылдық округ тұрғындарының арасында аталған жоба аясында талдау жұмыстарын жүргізген. Соның нәтижесінде 2562 мұғалжарлық жобаға қатысуға ниет білдірген. Жобаға бөлінген жалпы қажетті несие көлемі 10 млрд 696 млн теңгені құрайды. Жеңілдетілген несиеге қол жеткізуге ниеттілер өсімдік, мал, құс шаруашылықтарын дамытуға, жылыжай ашуға және шағын бизнесті дамытуға мүмкіндік алады. Сонымен бірге наубайхана, кондитерлік өнімдер өндіру, шағын тігін цехын жүргізу және шаштараз ашуына болады.

Жоба бойынша шағын несиелерді ісін жаңадан бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер, зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыстан босатылған қызметкерлер, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен адамдар, табыстары ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері ала алады. Бөлім басшысы бүгінгі таңда аудан бойынша ауыл шаруашылық кооперативтерінің жұмыстарын жандандыру бойынша шаралардың қолға алынғанын жеткізді. Жеңілдетілген несиені алу үшін алдымен ауылшаруашылық кооперативтерін құру қажет. Оны құру біршама жұмыстарды жеңілдетеді. Кооператив арқылы кәсіпкерлер өздеріне қажетті заттарды арзан бағамен сатып ала алады. Сондай-ақ бұл техниканы лизингке оңай алуға мүмкіндік береді.

Бүгінде аталған жобаға аудан бойынша Еңбек және Жұрын ауылдық округтерінің тұрғындары қатысуда. Аталған екі округ бойынша барлығы 15 жобаға 58 млн теңге бөлініп отыр. Кәсібін кеңейтуге ниеттілер «Ақтөбе» ӘККна құжаттарын тапсырып та қойған.

Еңбек ауылдық округі бойынша 11 жоба дайындалды. Оған 47,0 млн теңге бөлінуде. Ал Жұрын ауылдық округінен 4 жоба қатысады. Ол үшін 11 млн теңге қарастырылып отыр. «Ауыл аманаты» жобасына қатысатын 11 жоба өсімдік шаруашылығын дамытуға, соның ішінде картоп өсіруге бағытталған. Ал 3 жоба жылыжай ашып, құлпынай өсіруге арналған. Тігін цехын ашуға ниетті тағы да бір жоба дайындалуда. Бүгінде олар қаржыларының түсуін күтіп отыр. Сонымен қатар бүгінгі күнге Жұрын ауылдық округінде 3 жобаның құжаттары тапсырылуда. Алдағы уақытта аталған жобаға қалған 13 округтің тұрғындарын қатыстыру көзделіп отыр, — деді ол.

Жаңа жобаға ауыл тұрғындары да қызығушылық танытып отыр. Айталық Еңбек ауылдық округінің тұрғыны Гүлзия Қарабалақова аталған жоба аясында 5 млн теңге көлемінде қаржы алуды жоспарлап отыр. Ол 6 жылдан бері тігін тігумен айналысады. Осы уақытқа үйінен түрлі тапсырыстар қабылдап отыр.

Күн сайын ауыл тұрғындарының сұранысы көбейіп келеді. «Ауыл аманаты» жобасы менің кәсібімді дамытуға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Мен бұл несиеге автоматтандырылған тігін машинасын, мақта түтетін, жастықтарды жаңартатын құрылғылар сатып аламын, — деді Гүлзия Қарабалақова.

«Ауыл аманаты» бағдарламасының тағы бір бағыты — тауарлық несие беру. Бұл бағытта ауданның ірі шаруашылықтары «Арман-М», «Қасай» шаруа қожалықтарымен меморандумға отырып, Талдысай, Еңбек, Жұрын ауылдық округтерінің тұрғындарына мал басын көбейту мақсатында 10 бас ірі қара және 90 бас қой берген. Айта кету керек, тауарлы несиенің қайтарылуы несие беруші мен алушы арасындағы жасаған келісім шарт негізінде жүзеге асырылады. Ал төлеу уақыты несиеге алынған мал жасына байланысты болады. Қажетті уақыт үшін несиені төлеуге демалыс та беріледі.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

МАХАББАТ, ҚЫЗЫҚ МОЛ ЖЫЛДАР…

admin_mugalzhar

Күзде иммунитетті қалай нығайтамыз?

admin_mugalzhar

МАҚСАТ — МЕМЛЕКЕТ МҮДДЕСІ МЕН АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.