«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖАБДЫҚТАЛҒАН КАБИНЕТ — БІЛІМГЕ АПАРАР ЖОЛ

ЕЛІМІЗДІҢ АЛДЫНДА ТҰРҒАН БАСТЫ МӘСЕЛЕЛЕРІНІҢ БІРІ – ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ БІЛІМДІ ҰРПАҚ ҚАЛЫПТАСТЫРУ. БҰЛ ЖОЛДА ӨРКЕНИЕТТІҢ ӨРІНЕ ШЫҒАРАТЫН АЛҒАШҚЫ БАСПАЛДАҚТЫҢ МЕКТЕП ЕКЕНІ АНЫҚ. ОСЫ ОРАЙДА, АУДАН АУМАҒЫНДАҒЫ БІЛІМ ОРДАЛАРЫНЫҢ АҚПАРАТТЫҚ РЕСУРСТАРМЕН ҚАНШАЛЫҚТЫ ДЕҢГЕЙДЕ ҚАМТЫЛҒАНЫ ТУРАЛЫ СҰРАҚ ТУЫНДАУЫ ЗАҢДЫЛЫҚ. АЛ ОҚУШЫЛАРДЫҢ БІЛІМ АЛУ БАРЫСЫНДА ЗАМАНАУИ АҚПАРАТТЫҚ-ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ҚҰРАЛДАРДЫ ПАЙДАЛАНУ ДЕҢГЕЙІ ҚАНДАЙ? ТӨМЕНДЕ ТАРҚАТАМЫЗ…

ПӘН КАБИНЕТТЕРІН ЖАБДЫҚТАУҒА 44 МЛН 348 МЫҢ ТЕҢГЕ БӨЛІНЕДІ

Бүгінгі таңда ауданда жалпы саны 37 мектеп бар. Оның 24-і орта, 11-і негізгі, 2-уі бастауыш мектеп. Аталған мектептерде 12 мыңға жуық оқушы білім алуда. Аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Медет Шариповтың айтуынша, оқушылардың бекітілген білім бағдарламасына сәйкес білім алуы үшін жүйелі жұмыстар жасалуда.

Аудан мектептері физика, химия, биология, мультимедиялық және робототехникалық кабинеттермен жабдықталған. Қазіргі таңда 22 физика, 20 химия, 18 биология, 11 мультимедия, 6 робототехника кабинеттері бар. 2022-2023 оқу жылында бірнеше мектептің пән кабинеттері жабдықталып, заманауи құрылғылармен қамтылды. Жыл сайын пән кабинеттерімен қаланың да, ауылдың да мектептерін жабдықтауды жүзеге асырып келеміз. 2023 жылы аудан мектептерін тағы да пән кабинеттерімен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 44 млн 348 мың теңге бөлініп, мемлеткеттік сатып алуға конкурс ойнатып жатырмыз, — деді Медет Жалғасұлы.

Аталған қаржыға Жаңажол, Құмсай, Қожасай ауылдарындағы мектептер биология кабинетімен, Жаңажол, Қайыңды ауылдарындағы мектептер физика кабинетімен, Жаңажол, Құмсай, Жарық ауылдарындағы мектептер химия кабинетімен жабдықталады. Маманның сөзіне сүйенсек, ауыл мектептерінің материалдық базасын жаңғырту да осы жылы қолға алынуда. Бюджеттен 25 млн 136 мың теңге бөліп, ауыл мектептерін кітап қоятын сөрелер, жұмсақ отырғыштар, жиналыс жасайтын үстелдер, ас үй үстелдері мен отырғыштар, оқушыларға арналған парталар мен отырғыштар, шкафтар, киім ілгіштер, магниттік тақталар алыну жоспарлануда.

Мектептегі пән кабинеттерінің жабдықталуы оқушылардың пәнді терең меңгеруіне үлкен үлес қосады. Айталық, аудан мектептері бойынша оқушыларымыздың ауыз толтырып айтатын жетістіктері жетерлік. Республикалық пәндер олимпиадасының ІІІ кезеңінде, яғни облыстық деңгейде өткен білім сайысында ауданнан 41 оқушы қатысты. Оның 23-і І,ІІ,ІІІ орындарды иеленіп, мақтау қағаздармен марапатталды. Бұл көрсеткіш бойынша облыс көлеміндегі аудандар арасында Мұғалжар ауданы І орынға табан тіреді. Ал облыстағы жалпы білім беретін мектептер арасында Қандыағаш қалалық №4 ЖББОМ жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды, — деді ол.

ЖАБДЫҚТАЛҒАН МЕКТЕП ҒЫЛЫМҒА ЖОЛ АШАДЫ

Биылғы оқу жылының басында модификациялық кабинеттермен жабдықталған мектептердің бірі — Жұрын ауылындағы Қ.Жұбанов атында орта мектебі. Мектеп директоры Нұрбол Ибраев мектепте химия, физика және биология кабинеттері талапқа сай жаңартылғанын айтты.

Жоғарыда аталған пән кабинеттері сабақ барысына қажет болатын құрылғылардың барлығымен қамтылды. Сондай-ақ әр пәннің ерекшелігіне қарай жаңа парталар мен орындықтар алынды. Айталық, зертханалық бөлмелерде физика, химия сабақтарына қажетті құрылғылары мен лабораториялық құралдары бар. Бұл кабинеттердің тағы бір ерекшелігі, соңғы үлгідегі сенсорлы теледидармен қамтылған. Мұғалімдер де сабақ барысында ғаламтор желісін еркін пайдаланып, қажетті мәліметтерді тез тауып, сабақтарын жеңіл жүргізе алады. Сабақ беру процесі едәуір жеңілдеді, — деді ол.

Оның сөзінше, пән кабинеттері жабдықталғалы оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы артып, белсене қатысуда. Кадр мәселесінде де ешқандай қиындық жоқ. Аудандық олимпиадаға қатысқан оқушылар физика, химия пәндерінен мақтау қағаздар алып, мектептің мерейін көтеріп жүр екен. Осы жылы «Жаңғырту» бағдарламасының игілігін Қаракөл ауылындағы Ахмет Жұбанов атындағы орта мектеп те көрді. Аталған мектептің дәлізіне жұмсақ орындықтар, оқу кабинеттеріне 20 дана шкаф, 100 парта қойылған. Сонымен қатар кітапхана мен асхана жаңа жиһаздармен толыққан. Мектеп директоры Гүлжанат Жақсыбаева балалардың ыстық тамақ ішуіне қолайлы жағдай жасау үшін асханаға 15 үстел мен 60 орындықтың сатып алынғанын айтты.

Ағымдағы оқу жылында мектебіміз жаңа физика, биология, химия кабинеттерімен жасақталып, оқушыларымыз соңғы үлгідегі жабдықталған модификациялық кабинеттерде білім алуда. Сабақ барысында пән мұғалімдерімен бірлесе отырып, түрлі тәжірибелік жұмыстар жүргізеді. Оқушының толыққанды білім алуын, өзіндік ой-пікірін калыптастырып, қорытынды жасай алуын, өз білімін өзі бағалай білуін, қисынды ойлау қабілетін арттырып, шығармашылық іс-әрекетін ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Ақпаратты өз бетімен тауып, оны талдап, іріктеп, қайта қарау, түрлендіріп үйренеді. Кез келген теориялық білімді практикамен ұштастыра отырып білімдерін жетілдіреді, — деді Гүлжанат Жақсыбаева.

Қазіргі таңда 343 оқушы оқитын Ақкемер орта мектебінің техникалық базасы 2021-2022 оқу жылы толықтай жаңартудан өткен. Ал мектеп ғимаратына 2016 жылы күрделі жөндеу жүргізілген.

2021-2022 оқу жылында мектепке жиһаздар алынып, материалдық техникалық базасы жаңартылды. Сонымен қатар, физика, химия, биология кабинеттері соңғы үлгідегі техникалық құралдар, компьютерлі Roqed интерактивті панель, желілік сүзгі, гарнитура және үздіксіз қуат көзімен жабдықталды. Физика пәнінен әрбір оқушы өз бетінше физикалық тәжірибелер мен зертханалықпрактикалық жұмыстарды жасауға мүмкіндік алады. Оқушылардың теориялық білімін практикамен ұштастыруға жағдай жасалды. Сынып бөлмесіне ақпараттандыру тақтасы ілінді. Ал химия кабинеті ережеге сәйкес 2 бөлмемен жабдықталып, химиялық ыдыстармен, реактивтермен, оқу құралдармен қамтылды. Сонымен бірге дидактикалық материалдар сақталатын лаборанттар бөлмесі де бар, — деді мектеп директорының міндетін атқарушы Әсел Бүркіталина.

Оның айтуынша, аталған мектептегі жасақталған биология кабинеті зертханалык жұмыстар жүргізуге лайықталып, оқу және техникалық құралдармен, PS2111 ЭКГ өлшеу сенсорымен, жылдам әрекет ететін температура сенсорымен, барометрмен, PS-2104 күшті, газды, еріген оттегіні анықтау сенсорымен, көрнекіліктермен, оқу-әдістемелік жинақтармен жабдықталған екен. Техникалық базасы мен пән кабинеттері жасақталған мектептердің бірі – Ембі қаласындағы №1 орта мектебі.

Бүгінде 815 оқушы білім алатын мектепте арнайы биология, информатика, физика кабинеттері бар. Жаңа оқу жылында жасақталған биология кабинеті барлық қажетті жиынтығымен қамтылған. Мектеп директоры Ерлан Шолтаевтың айтуынша, 2015 жылы физика кабинетіне пәнге арналған электр жабдықтарының жиынтығы алынған. 2020 жылы информатика кабинетіне «Lego» робототехникасының негізгі жиынтығы және ноутбуктар қойылған.

Ауданда пән кабинеттерінің жабдықтары ескіріп, жаңартуды қажет ететін мектептер де бар. Атап айтатын болсақ, Қандыағаш қалалық №1 орта мектебіндегі пән кабинеттеріндегі құрылғылар мен жабдықтар ескірген. Мектеп директоры Бақыт Өтешова пән кабинеттеріндегі зертханалық құралдардың 2007 жылы алынғанын айтады.

Мектепте жалпы 20 оқу кабинеті бар. Оның ішінде IT кабинеті, 2 спорт залы, қыз және ер балаларға арналған бөлек шеберханалар заманауи үлгіде жабдықталған. Әр кабинетте «Sharf» және «Sanyo» маркалы интербелсенді тақталар, моноблоктар бар. Кабинеттерге пәнге байланысты тақырыптық стенттер ілінген. Сонымен қатар мектепте екі-екіден физика, химия және биология пәндерінің кабинеттері және әр пәнге арналған бір зертханалық кабинеттер бар. Бір өкініштісі, бұл жердегі біз пайдаланатын құрал-жабдықтар ескіріп, жаңғыртуды қажет етіп отыр. Десе де, мұғалімдер осы құрылғылар арқылы тәжірибе жүргізіп, балаларға толыққанды білім беруде. Мектепті заманауи жаңартылған үлгідегі кабинеттермен жабдықтау үшін аудандық білім бөліміне ұсыныс беріп қойдық. Ол енді уақыт еншісінде, — деді Бақыт Өтешова.

2018 жылы аталған мектепте заманауи робототехника және технология кабинеті жаңартылып, пайдалануға берілген. Робототехника кабинетінде сабақ беретін информатика пәнінің мұғалімі Айдана Шапақова оқушылар бұл кабинетте өздерінің ойлап тапқан роботтарын құрастыратынын айтады. Сонымен бірге оқушылар роботтардың бағдарламасын дайындап, оны қозғалтып, түрлі тәжірибе жасайды екен.

Қазіргі заман балалары заманауи құрылғыларға тым әуес қой. Содан болар робототехникаға қызығатын балалардың қатары көп. Өздері ізденіп, түрлі машина құрастырып, комьпютермен жұмыс жасайды. Менің осы кабинетте жұмыс жасап жатқаныма 2 жыл болды. Осы уақыт аралығында оқушыларым түрлі жетістікке жетіп жүр. Ақтөбе қаласындағы Назарбаев интеллектуалды қ мектебінің ұйымдастыруымен Роботтехникадан өткізілген сайыстың аймақтық іріктеу кезеңінде «RoboMission» санаты бойынша «Сигнал» құрама командасы ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды, — деді Айдана Шапақова.

ТҮЙІН

МЕКТЕПТЕ БЕРІЛЕТІН БІЛІМНІҢ ҒЫЛЫММЕН ҰШТАСАТЫНЫ АҚИҚАТ. ЖАҢАРТЫЛҒАН ТЕХНОЛОГИЯ БОЙЫНША БІЛІМ АЛҒАН БҮГІНГІ ОҚУШЫНЫҢ БОЛАШАҚ ҒАЛЫМ БОЛУЫ ДА БЕК МҮМКІН. АЛ, ТАЛАПҚА САЙ ЖАБДЫҚТАЛҒАН ПӘН КАБИНЕТТЕРІ ОСЫ МАҚСАТҚА ӨЛШЕУСІЗ ҮЛЕСІН ҚОСАРЫ СӨЗСІЗ.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Жазғы мектептің оқу форматы өзгеше болады

admin_mugalzhar

БІЗДІҢ АҒАЙ

admin_mugalzhar

Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны басталды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.