«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ӨМІР СҮРГІМ КЕЛЕДІ…

БҰРЫН АТЫН АТАУДЫҢ ӨЗІ ҚОРҚЫНЫШТЫ БОЛҒАН ЖАМАН АУРУДЫҢ АРАМЫЗДА ДЕНДЕГЕНІ СОНШАЛЫҚ, ЕЛІМІЗДЕ ОРТАША ЕСЕППЕН 100 МЫҢ АДАМНЫҢ 200-ІНДЕ ҚАТЕРЛІ ІСІК ДЕРТІ АНЫҚТАЛАДЫ ЕКЕН. АЛ АУДАНДА ОБЫР АУРУЫНА ЖАЛПЫ САНЫ 70-ТЕН АСТАМ АДАМ ШАЛДЫҚҚАН. ОНЫҢ 43-І МҰҒАЛЖАР АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНДА, 28-І ЕМБІ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНДА ЕСЕПТЕ ТҰР. ӨТКЕН ЖЫЛЫ ҚАТЕРЛІ ДЕРТТЕН 24 АДАМ КӨЗ ЖҰМҒАН.

ОБЫР ДЕРТІНЕ ШАЛДЫҚ ЖАНДАРҒА ТЕГІН КӨМЕК КӨРСЕТІЛЕДІ

Мұғалжар аудандық ауруханасының онколог-дәрігері Қуандық Мұқашев обырдың көп жағдайда асқазан-ішек жолдарында, көмей мен жұтқыншақта, төменгі ерінде, тыныс ағзаларында, сүт бездерінде, қан түйіршіктерінде, қалқанша безде, әйел мен ер адамның жыныс мүшесінде, несеп-жыныс жүйесінде, жұмсақ тіндерде, теріде, бас миында, сүйектерде анықталатынын айтады.

Қатерлі ісік — жасушалардың бақылаусыз және тоқтаусыз көбеюімен өтетін патологиялық процесс. Онкологиялық аурулардың алғашқы белгілері кезінде науқас салмақ жоғалтып, жалпы әлсіздік болып, көп шаршайды. Дәрігердің қабылдауына келген науқастан обыр дертінің белгілері анықталса, науқасты дереу бақылауға алып, магниттік, компьютерлік құрылғылармен жабдықталған ауруханаларда көмек көрсетіп, қажетті емдік шараларын тағайындау мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылады. Ал онкологиялық ауруға шалдыққандар үкімет тарапынан үнемі бақылауда болады. Олардың профилактикалық кезеңдерден өтуі, тиісті ем-шараларды уақытылы қабылдауы тұрақты және тегін жүргізіледі. Оларға психологтар тарапынан психологиялық көмек, дертіне байланысты онкологдәрігер мен басқа да дәрігерлердің қабылдауы ақысыз болады, — деді Қуандық Спандиярұлы.

Дәрігерден бүгінде қатерлі ісіктің жас талғамай дендеп кетуінің де себебін сұрадық. Оның сөзінше, көп жағдайда адамдар өздерінің денсаулығы өз қолдарында екенін ұмытып жатады. Өмір сүру салтын бұзудың, дұрыс тамақтанбаудың және қоспалары көп зиянды тағамдар пайдаланудың, бояғыштар қосылған түрлі сусындар ішудің салдары жаман ауруға әкеліп соғатынын естен шығарып жатады. Бұл жерде экологияның да, күнделікті өмірде орын алатын психоэмоциялық өзгерістердің де үлесі бар екен. Сонымен бірге тұқым қуалайтын түрлі аурулардың соңы аты жаман ауруға шалдықтыратын көрінеді.

ЖАМАН АУРУ ЖАС ТАЛҒАМАЙ ТҰР

Онколог-дәрігер Қуандық Спандиярұлы обыр ауруының ересектерден бөлек жаңа туған сәбилерде де анықталып жататынын айтады. Соның ішінде сәбилер арасында гемангиома деп аталатын жұмсақ тіндердің қатерсіз ісігі көп кездеседі екен.

Балаларда және жаңа туылған сәбилерде тері аурулары пайда болып, уақыт өте қатерлі ісікке тән өзгерістерге ұшырайды. Қатерлі ісіктің пайда болуына белгілі бір факторлар әсер етеді. Айталық, экологиялық немесе гендік өзгерістердің әсерінен болуы мүмкін. Жаман аурудың алдын алу үшін ерлі-зайыптылар сәбиді алдын ала жоспарлауы қажет. Сонымен бірге анасының да, әкесінің де денсаулығын бақылап, салауатты өмір салтын ұстану маңызды. Бүгінде адамдардың арасында асқазан-ішек және өкпе обыры жиі кездеседі. Асқазан-ішек обырының алғашқы белгілерінде: асқазанның ұзақ уақытқа созылған ауырсынуы, жиі іш қатулар немесе ұлы дәреттің тұрақсыздығы болады. Түрлі қанға байланысты ауыр дертке душар болғандарда себепсіз қан кету секілді өзгерістер көрініс табады. Ал өкпе обырында адамдар ентігіп, жөтеліп бастайды, — деді ол.

Дәрігердің айтуынша, өкпе обырының анықталуының өзі белгілі бір уақытты талап етеді. Шылым шегу — өкпе обырының басты қоздырушысы. Шылым шегушілер 90% қатерлі ісікке шалдығады екен. Статистикаға сүйенсек, бүгінде шылым шегушілердің саны 5-7 есеге артқан. Осыны есепке алатын болсақ, бұл да қатерлі ісіктің жыл сайынғы өсуіне әкеліп соғатыны сөзсіз.

Өкпе обыры көп жағдайда ер адамдардың арасында көптеп кездеседі. Себебі ер адамдардың көпшілігі шылымды шамадан тыс шегеді. Бұл ауруға бейжай қарауға болмайды. Өкпе обырында ісік ұлғайып, қан түйіндерімен таралып, өзге ағзаларға қарқынды түрде тарайды. Өкпе обырымен өткен жылы аудан бойынша төрт адам тіркелді. Бұл көрсеткіш өзге аудандар мен қалаларға қарағанда әлдеқайда жоғары болып отыр, — деді дәрігер.

Тағы бір дендеп тұрған дерттің бірі — жатыр мойын ісігі. Осы аталған ауруға өткен жылы Мұғалжар аудандық ауруханасы бойынша төрт адам шалдыққан. Бір өкініштісі, уақытын өткізіп, ауруын асқындырған үш әйел өмірімен қоштасқан.

Жатыр мойны обыры — жатыр мойны аймағында пайда болатын қатерлі ісік. Әлемнің көптеген елдерінде жатыр мойны обырын анықтауға бағытталған скринингтік тексерулер енгізілген. Бұл тексерулердің мақсаты — белгілі бір жастағы әйелдерді мерзімді, кешенді тексеруден өткізу арқылы жатыр мойны қатерлі ісігі бойынша аурушаңдық пен өлім көрсеткішін төмендету және болдырмау болып табылады. Осы жылы аудан бойынша жатыр мойны обырының алдын алу бойынша скринингтік тексерістен 1507 әйел адам өтті. Өкінішке орай, бір әйелден жатыр мойны обыры анықталды, — деді Қуандық Мұқашев.

Ал сүт безінің қатерлі ісігі оның симптомдарыпайдаболмайтұрып, бастапқы сатысында анықталса, оны емдеудің тиім-ділігі соғұрлым жоғары болады екен. Дәрігер сүт безінің қатерлі ісігін анықтау үшін ауруханада скринингтік тексеру жүргізілетінін жеткізді. Аудандық ауруханада маммографиялық диагностика жасалады. Бұл тексеріс тез әрі қауіпсіз жүргізіледі. Маммография сүт безі қатерлі ісігін клиникалық симптомдар болмаған жағдайда ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін көрінеді.

Өткен жылы Мұғалжар аудандық ауруханасы бойынша бес әйелге сүт безінің қатерлі ісігі диагнозы қойылды. Оның ішінде бір әйел аталған дерт-тің асқынуынан көз жұмды. Сүт безі обырының не себепті пайда болатынынатапайтумүм-кінемес. Обыр жасушасының пайда болуына сүт бездерінің қалыпты жасушаларының мутациясының әсерінен пайда болатыны белгілі. Канцерогендердің әсерінен жасушадағы генетикалық материал өзгереді. Нәтижесінде қалыпты жасушалар обыр жасушаларына айналады. Гормондық өзгерістердің салдары, менструалдыциклжәнеқалқанша безі қызметінің бұзылуы қатерлі ісіктің асқынударына әкелуі мүмкін, — деді ол.

ҮМІТІМДІ ҮЗБЕЙМІН…

Сүт безінің қатерлі ісігіне шалдығып, бүгінде қауіпті аурумен күресіп жүрген қандыағаштық Айнагүл Айтбаева (аты өзгертілді) 8 мәрте химиялық терапиядан өтіп, хирургиялық ота жасатқан.

Бұл дертке шалдыққанымды өзім де білмедім. Себебі, ұзақ уақытқа дейін ауру белгілері білінбеді. Тек оң жақ төсімнің жанында қолтығыма қарай түйіршіктердің пайда болғанын байқадым. Басында мән бермедім. Кейін тексерілгенді жөн көріп, дәрігерге қаралған болатынмын. Өкінішке орай, облыстың дәрігерлері менің ауыр дертке шалдыққанымды айтып, тез арада ем қабылдау қажет екенін ескертті. Бас кезінде санам сан-саққа кетіп, күйзеліске түсіп, өмірден түңіліп кеткенім рас. Бірақ есімді тез жиып, ем қабылдауға шешім қабылдадым. Арасына 21 күн салып, 8 рет химия терапия қабылдадым. Емнен кейін УДЗ-ге түсірді. Сол сәтте дәрігерлер ісіктің толық жоқ болып кеткенін, бірақ ота жасап ісіктің тамырын түбегейлі алып тастау қажеттігін айтты. Мен ота жасаттым. Бәрі сәтті өтті. Отадан кейін тағы да 6 мәрте химия терапия алу қажет екен. Осыдан соң бірнеше ЛУЧ сәулесін алғаннан кейін дәрігерлер жазылатынымды айтып, қуантып қойды. Химия те-рапия қабылдау өте ауыр. Әлсіреп қаламын. Бірақ таза әрі табиғи ағарғандар ішіп, дәруменге толы тағамдарды көп тұтынамын. Витаминдер жинағын қабылдаймын. Себебі өмір сүруім қажет. Сол үшін де күресемін, — деді ол.

Осыдан бірнеше жыл бұрын ішек обырына шалдыққан мұғалжарлық Гүлвира Нәжімова бүгінде толыққанды жазылып, диспансерлік есептен шығарылғанын қуанышпен жеткізді. Ол ішек онкологиясының соқырішек обырымен сырқаттанып қалған. Бірнеше мәрте химия терапия қабылдап, ота жасатқан.

Осыдан 7-8 жыл бұрын жаман ауруға шалдықтым. Ол кезде өзім де жаспын, балаларым да кішкентай болды. Басында осының бәрін ойлап, уайымға берілгенім рас. Бірақ жігерімді жасытпадым. Қалайда емделіп, жазылуды ғана ойладым. Дегеніме жетіп, жаман ауруды жеңіп шықтым. Бүгінгі күнімешүкіршілікетемін. Өзімүшін жыл сайын тексерістен өтіп тұрамын. Тағдырластарыма ешқандай дертке мойымай, жақсылықтан үміт үзбеу қажет екенін айтқым келеді, — деді кейіпкеріміз.

Қатерлі ісік өзі шырмаған науқастардың бәріне күліп қарай бермейтіні сөзсіз. Қандыағаштық Жанна Есенғұлова әкесінің өкпе обырына шалдығып, көз жұмғанын үлкен өкінішпен еске алып:

«Әкемнің ауыр дертке шалдыққаны отбасымыз үшін үлкен қайғы болды. Бас-аяғы 3 рет химия терапияға барды. Біраз уақыт өткізіп алған екенбіз, асқынып кетіпті. Әкем марқұм темекіні көп шегетін. Ол да ауруына қосымша болған шығар», — деп күрсінді.

СКРИНИНГ — ҚАТЕРЛІ ІСІКТІ ЕРТЕ АНЫҚТАУҒА МҮМКІНДІК

Ауданның онколог-дәрігері Қуандық Спандиярұлы обыр ауруының алдын алуға бағытталған шаралардың ең бастысы скрининг екенін айтады. Сонымен бірге қатерлі ісік ауруларын анықтауға эндоскопиялық және ултра дыбысты зерттеу аппараттары үлкен мүмкіндік береді.

Скрининг – бұл ауруларды және қауіп факторларын ерте сатыда анықтау үшін дер кезінде емдеу, асқынудың алдын алу мақсатында белгілі бір жастағы дені сау адамдарды профилактикалық-медициналық тексерулерден өткізу. Скринингтік зерттеулер денсаулықты сақтау үшін өте маңызды, өйткені олар аурудың дамуын уақытылы анықтауға және алдын алуға мүмкіндік береді. Ауруды ерте анықтау оның дамуына, қиын жағдайларға алып келетін диагноздардың алдын алуға көмектеседі. Соның ішінде онкологиялық ісіктерді ерте анықтау арқылы адам өмірін сақтап қалуға да болады. Онкоскринингтер қатерлі дертті анықтау және алдын алу мақсатында жүргізіледі, сол себепті медициналық тексерістен тұрақты түрде өтіп тұру керек, — деді дәрігер.

Сонымен бірге дәрігер онкологиялық аурудың алдын алу ең алдымен салауатты өмір салтын ұстанудан басталатынын, соның ішінде дұрыс тамақтану, жағымсыз әдеттерден аулақ болу маңызды екенін ескертті.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

admin_mugalzhar

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады

admin_mugalzhar

Қазақстанда «қызыл» аймақтар бойынша мәлімет жаңарды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.