«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

БЕСІККЕ САЛУ – БАЛА ТӘРБИЕСІНІҢ БАСЫ

Жақында интернетті ақтарып отырсам, «бесікке салу дұрыс па?» деген тақырыпта дау туындап жатыр екен. Бірі оны қолдаса, енді бірі қолдамай әуре. Бірі «ескі әдетті қою керек» десе, енді бірі «атадан қалған алтын дәріп» деп жақтауда.

Өзіме келер болсам, бесікке бөлеуді дұрыс деп қабылдаймын. Әрине, оның ішінде баланың денсаулығы жарап тұрса, бесікке бөлеуге қарсы себептер болмаса, құба-құп. Иә, мен бесікке бөленіп өстім. Қол-аяғы түзу болсын деп әжем бесікке салған. Қазір баласын бесікке бөлейтін ата-ана да, ата-әже де аз. Меніңше, «зиян» деп күйе жағу баяғы кеңес заманынан қалған көзқарас тәрізді. Әйтпесе, мыңдаған ғасыр сынақтан өткен бесікті пайдасыз деп кім айтады? Оның ұрпақ үшін пайдасы ұшан-теңіз. Мәселен, біріншіден, баланы өзінің қолаяғынан шошып кетпеуі үшін таңуы, бос жатқан сәбидің ұйқысының тыныш болуы үшін жасалатын алғашқы амал. Ал ұйқысы қанбаған баланың зердесі толық жетілмейді. Екіншіден, баланың мазасыздығы ананың психологиясына әсер етедi. Бұндай жайсыздық сүт арқылы сәбиге беріледі. Сондықтан бесікке жатпаған бала болашақта сабырсыздау болады. Ал ананың көңіл-күйі балаға сүт арқылы жетіп отырады. Оның өзі үлкен тақырып. Себебі әр нәрсеге қарай (мәселен, айтылған сөз, жағымсыз пікір) бәрі де сүттің құрамын өзгертіп жібереді екен. Үшіншіден – баланы бесiктен шешкен кезде сәби керiлiп-созылып, рахаттанады. Денесінің әртүрлі күйде болуы оған демалыс сыйлайды. Төртіншіден, сәбидің тұла бойы таза болып, тазалыққа бойы үйренеді. Әрі жылы, жайлы жатады. Бесіншіден, бесіктегі баланың денесіне дымқыл, сыз дарымайды, құрғақ болады. Ол мықты денсаулық кепілі. Алтыншыдан, бесік белгілі бір ритммен ғана тербетіледі. Баланың жүйкесі бір жүйе, тәртіпке түседі. Жетіншіден, бесіктегі балаға ана әлдиі әбден сіңеді әрі ана махаббатына толық бөленіп өседі. Қайырымды мінез қалыптасады. Бесік жырын тыңдаған баланың қанына ұлттық қасиет дариды. Сегізіншіден, бесік сәбиді сырттан келетін кері энергия немесе тiл-көзден сақтайды.

Бұлар бесіктің толып жатқан пайдасының бір парасы ғана. Бесікті пайдаланбау арқылы қаншама ұлттық дәстүрімізден айырылып қаламыз, ойланайықшы! Бесікке салуға қатысты түрлі жоралғылар жойылады. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бекер айтылмаған шығар.

Ж.МҰРАТБЕКОВА, Қандыағаш қаласы.

Ұқсас ақпараттар

ЕКПЕНІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

admin_mugalzhar

Қазақстанда мәжбүрлі еңбек жазасы қолданылуы мүмкін

admin_mugalzhar

ТАСҚЫН-2024: КЕЛТІРІЛГЕН ЗАРДАП, КӨРСЕТІЛГЕН КӨМЕК, ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛГЕН КӨПІР

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.