«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖАҚСЫ ЕНЕ АНАҢДАЙ, ЖАҚСЫ КЕЛІН ҚЫЗЫҢДАЙ

Алғаш келін болып түсіп, ақ босағаны аттағанымда, ештеңе білмейтінмін. Шыны керек, қолымнан түк келмейтін, қарапайым кір де жуған емеспін. Анам әкем қайтқалы тынбай еңбек етумен болды. Ал мен нағашы ата-әжемнің құшағында еркелеп, қаннен-қаперсіз, алаңсыз өмірімді сүрдім. Үйдің тірлігі анамнан артылмайтын, шаруаға пысық болатын, мені шаруаға не үшін араластырмағанын енді түсіндім. Маған тек «сабағыңды оқы, сауатсыз болма, ертең жейтін наның» деп миыма құйып отыратын.

Бірақ, қыз күнімде қол тигізбеген тірлігімнің бәрін келін болғанымда істедім. Алғашында қолымнан ештеңе келмегендіктен, қатты қысылдым. Оның үстіне енем бір өзі жүріп, шаруаны дөңгелетіп әкететін. Ал мен бір картопты 5 минут ашып отыратынмын. Қазір ойласам, сол кездегі енемнің сабырлығына тәнті боламын. Менің үй шаруасына ебімнің жоқтығын білетіндер «шыдамайды, көп ұзамай қайтып келеді, көр де тұр» деп айтып жатыр деп естігенде, іштей өз-өзімді жинақтап, «әліақ үйреніп кетесің» деп сілкініп алатын едім. Мен келін болып түскен отбасында 4 ер бала, бірде-бір қыз баласы жоқ. Ал еркіндікте өсіп үйренген, өмірі көйлек дегенді киіп өспеген маған бірден халат киіп, орамал тағып, балалықпен бірден қоштасуым өте қиынға соқты. Әрине оны сыртқа білдірмейсің, қайда барсанда ұзын көйлек киіп, үнемі орамал тағып жүру мен үшін үйдің тірлігінен де қиын болды.

Ата-әжемнің қасында айналайын дегеннен басқаны естімегенмен қатты дауыс көтеріп сөйлемесе де енемнің қатулы қабағынан аяқ тартатынмын. Бір тірлікті дұрыс жасамай қалғанымда, өз-өзімнен іштей дірілдеп, жылармандай боламын. Сондайда енем қасыма келіп: «Ешкім бәрін біліп өмірге келмейді, бірте-бірте үйреніп кетесің, мен де сен секілді ештене білмей тұрмыс құрғанмын, енемнің қасында жүріп бәрін үйренгенмін», — дегенде, үстімнен ауыр жүк түскендей болдым. Оның салиқалы, байыпты сөздері құлағыма кіреді және енемді ренжітіп алмау үшін айтқандарын бұлжытпай орындайтынмын.

Сырттай қатты кісі болып көрінгенімен, жүрегі жұмсақ, сөздері дөп тиетін адам еді. Ол маған әрбір ісімді тарқатып түсіндіру арқылы үйретті. Сол кезде басқа енелер сияқты «қолынан түк келмейді» деп өзгелерге жамандаған жоқ, «мынаны қайдан тауып әкелдің?» деп ұлына да ұрыспады, керісінше, ұлына «сөйлеме, айқайлама» деп мені қорғаштап жүреді. Тәрбиелейтін ене болса, келін барлығын да үйренеді екен. Соны түсіндім. Және келін де енесі үйретіп жатқанда барынша тырысып қағып алса, себебі ене жаман зат үйретпейді. Енемен келін тату болса, үйдің берекесі болады. Ол екеуі жақсы болса, бәріде тыныш, бәрі де жақсы. Айналамдағы кейбір адамдар енелерін жамандап немесе үлкен апалар келіндерін жамандап жатқанда, іштей Аллаға шүкіршілік етемін, осы отбасыға келін болғаным үшін. Мен өзім жақындарымды қуантқанды, көмек бергенді, сыйлық сыйлағанды жақсы көремін. Басқаларға да жолдастарыңыздың ата-анасын мерекелерде құттықтап, сыйлық сыйлап тұрыңыз, тіпті, жәйжағдайынсұрап, қызықты әңгімелеріңізді бөлісіп отырыңыздар және балаларыңызды ата-әжесінен ешқашан қызғанбаңыздар деп кеңес беремін.

Қызды өз үйінде еркелетеді. Ал келінді келін етіп тәрбиелейтін ол — ене. Бөтендігін сездіріп, жекімей, жаныңа жақын тартып, жәй сөзбен, ақылмен түсіндіре алған ененің келіні ешқашан жаман болмайды. «Ене жақсы болса, келін міндетті түрде жақсы болады» деген сөздер өзіме арналғандай.

С.САНАЕВА, Қандыағаш қаласы.

Ұқсас ақпараттар

ДАУЫС БЕРУШІ ҚАНДЫАҒАШТЫҚТАР ҚАТАРЫ КӨП

admin_mugalzhar

«КҮМІС ЖАС»: 64 АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

admin_mugalzhar

СҮЙІКТІ МАМАНДЫҒЫН КӘСІПКЕ АЙНАЛДЫРҒАН КЕЛІНШЕК

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.