«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Мұғалжар жылқысы — Ақтөбенің мақтанышы

Жергілікті мұғалжар жылқысының ресми тіркелгеніне— 25 жыл. Бұл тұқым алғаш рет 1998 жылы ресми мойындалып, патенттелен. Жақында Ақтөбеде осы мұғалжар жылқысына арналғанреспубликалық семинар өтті.

Бекқұл баба ауылына қарасты «Көкжайлау» туристік орталығының алаңында«Мұғалжар жылқысы» ЖШС ұжымы өнімді және әмбебап бағыттағы жылқы тұқымдарыреспубликалық палатасымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы саласының білікті мамандары мен жетекші жылқышыларын шақырып, кең көлемде семинар өткізді. Семинарға еліміздің әр түкпірінен келген ғалымдар, ғылыми қызметкерлерөнімділік бағыттағы жылқы тұқымдарының республикалық палатасының өкілдері, өңірдегі жылқы шаруашылығымен, оның ішінде асылтұқымды жылқы өсірумен айналысатын кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.

Іс-шараның тізгінін ұстаған Астана қаласындағы жылқы тұқымдарының республикалық палатасы кеңесінің төрағасы Нұрғали Бисекенов әуелі семинарға қатысып отырған ғалымдарды, сала мамандарын таныстырды.Семинардың алғысөзін жасы сексеннің бесеуінен асқан, Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жылқының мұғалжар, көшім тұқымдарының авторы, ғалым зоотехник-селекционер, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, «Ақ­төбе тәжі­рибе стансасы» ЖШС жылқы шаруашы­лығының жетекшісі Серікбай Рзабаев айтты. Оның айтуынша, жылқының Мұғалжар тұқымын алу үшін ғалымдардың бірнеше буыны еңбектенді. Сондай-ақ ол бұдан ширек ғасыр бұрын қазақтың жабы типті үздік жылқы тұқымдарын іріктеу арқылы арнайы етті-сүтті мұғалжар жылқы тұқымы алынғанын, бұл1960 жылдардан бері Ембі жылқы зауытында арнайы шаруашылықта жүргізілген ауқымды жұмыстардың нәтижесі екенін атап өтті. Ғалымның айтуынша, асылтұқымды жылқы өсіру — оңай шаруа емес. Бұл жанқиярлық еңбекті қажет етеді.

— Текті тұқым алу аталық малға байланысты. Әйтпесе асылтұқымды жылқы өсіру мүмкін емесАталық малдың, яғни айғырдың жаңа тұқымын шығару — көздеген мақсат пен табысқа жетудің басты кепілі. Жаңа аталық із бұған дейінгі ізашарларымен салыстыра қарағанда салмағы мен сыртқы тұрқы және өнімділігі жоғары болуға тиіс. Осы талап барлық өңірдегі асылтұқымды жылқы шаруашылықтарына енгізілсе, құлын-тайлар бірнеше есе өсер еді, — деді селекционер ғалым Серікбай Рзабаев.

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Айбын Төреханов «Мұғалжар жылқысын жетілдірудің ғылыми негіздері» туралы әңгімеледі.

— Мұғалжар жылқысы — қуаңшылыққа, суыққа, ыстыққа бірдей төзімді, қандай ауа райы болса да өзінің күйін бірқалыпты ұстап тұра алатын жылқылардың бірегейі десем артық болмайды. Мұғалжар жылқысы етті болып келеді.

Асыл тұқымның ембі, құланды, қожамберді деп аталатын үш түрі бүгінде елімізде кең тараған. Тек Ақтөбе облысында 270 мың бас жылқы болса, соның 15 мыңға жуығы мұғалжар тұқымына жатады, — деді Айбын Төреханов.

Біздің дерек

Бір кездері Қызыл армияға жарақты мініс көлігін дайындау мақсатында батыс өңірде қолға алынған шаруаға беріректе Александр Беляев, Серікбай Рзабаев секілді ғалымдар белсене араласты, олардың еңбегі жоғары бағаланып, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болды.

Сонау 1930 жылдың өзінде Ембі жылқы зауытында республикада бірінші болып жабы тұқымдас қазақ жылқыны асылдандыру қолға алынды. Осындай ғылыми жұмыстар нәтижесінде өмірге жылқының қостанай және көшім тұқымдары келді. Олардың тұқымаралық селекциясын жетілдіру арқылы мұғалжар тұқымы өз өрісін тапты.

Жылқы өсіруде Ақтөбенің әлеуеті зор

«Астана» халықаралық университетінің профессоры Мұрат Нұрышевтың пікірінше, жылқы шаруашылығын дамытуда біздің өңірдің әлеуеті зор.

— Бүгінде Ақтөбе облысында шамамен 270 мың жылқы бар. Өңірдің аумағы мен мүмкіндігін есептесек, бұл, әрине, аз. Басқа өңірлермен салыстырғанда, жылқы өсіріп, шаруашылығын дамытуда Ақтөбенің әлеуеті он есе көп, — дейді М.Нұрышев. Одан әрі профессор мұғалжар жылқысына қатысты әңгімеледі.

— Мұғалжар жылқысы — еліміздегі танымал тұқымдардың бірі. Бұл тұқым Жамбыл, Павлодар және Түркістан облыстарынан басқа жердің бәріне кең таралған. Ал бұл облыстарда қазақы тұқым басым. Мұғалжар жылқылары біздің Ақтөбеден басқа жерлерде де өсіріледі, мәселен, олардың саны Қызылордада — 4800, Қарағандыда — 3700, ал Алматы облысында 1500-нан асады. Ел аумағында небары 22104 жылқы мұғалжар тұқымына жатады. Бұл 206 мыңнан асатын қазақы тұқымнан он есеге жуық аз, бірақ көшім тұқымынан әлдеқайда көп, — дейді Мұрат Нұрышев.

Қамбар ата төлі — әдетте тапталмаған оттың шүйгінін таңдап жейтін кірпияз жануар.Ғалымдардың айтуынша, жылқының еті, бие сүтінің қасиеті малдың тұқымына, жасына, жеген отына, физиологиялық жағдайына байланысты болады.

Одан әрі Мұрат Нұрышев жылқының өнімділігі мен өнімдерінің қасиеті туралы айтты.

— Біз Маңғыстау облысында зерттеу жүргізгенімізде жылқылардың өсімдіктерді таңдап, талғап, тексегізден бірін ғана жейтінін білдік. Мәселен, бұл өңірде өсімдіктің 616 түрі өссе, соның 77 түрімен жылқылар қоректенеді екен. Бәрінен бұрын жылқының етінен әзірленген ыстық сорпаның адам ағзасына тигізер пайдасы мол. Бие сүтінің емдік қасиетін қазір әлем медицинасы мойындады. Ендігі мақсат — жылқыны көбейту. Біздің ел жылқы саны бойынша әлем бойынша алтыншы орында еді, қазір бесінші орынға көтерілдік. Орта Азия елдері арасында Моңғолия көш бастап тұр. 2045 жылы еліміздегі жылқы саны 10 миллион 750 мыңға жетеді. Осындай үлкен мақсатқа қалайда жетуіміз керек. Ол үшін әр өңірдің өсімдігін, яғни жылқы жайылатын оты мол өрісті зерттейміз, — деді.

Мұғалжар тұқымының тағы бір авторы Набидолла Кикебаев Мұғалжар жылқысының тұқымішілік қожамберді типін жетілдіру туралы сөз қозғады.

Шара барысында жылқы малына қатысты өзекті мәселелер айтылып, шешу жолдары талқыланды.Сала мамандарының айтуынша, жыл­қы­ның еті мен қымызынан бөлек, алдағы уақытта терісін де илеп, іске асы­руға мүмкіндік бар. Бірақ бұл ша­руа­ны біртіндеп іске асыру керек. Оған уа­қыт және Үкіметтен үлкен қолдау қажет. Сонымен қатар семинарға қатысушылар селекционер ғалым Серікбай Рзабаевты «Халық қаһарманы» атағына ұсыну керектігін де айтты.

Семинарда сөз сөйлеген «Құмжарған» шаруа қожалығының басшысы, экономика ғылымдарының кандидаты, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов аудандық комитеттің хатшысы болған кезінде Мұғалжар зауытының арқа­сын­да өңірдегі асылтұқымды жыл­қы­лардысақтап қалғандарын айтып, мұнда селекционер Серікбай Рзабаевтың еңбегі орасан екенін атап өтіп, жақында ғана екеуі бірге «Облыстың құрметті азаматы» атанғандарын да жеткізді.

— Жасыратыны жоқ, қазір біздің мұғалжар жылқыларын Ресейдің ауыр салмақты жылқыларымен салыстырып жатады. Тіпті «тұқымды жаңартамыз»деп башқұрттың үйірге түсетін жылқыларын әкеліп жатқандар көп. Бұл дұрыс емес. Өзіміздің жергілікті тұқымның басын көбейткен жөн. Сырттан әкелінген мал біздің жерге жерсінбейді, себебі олардың табиғаты басқа. Жергілікті жылқылар қысы-жазы тұяғымен тебіндеп жүргесін жем жемейді, яғни шығыны аз болады, —деді Серік Шаңғұтов.

Семинар барысында көшім, мұғалжар тұқымдарын шығару жолында ұзақ жыл табанды еңбек еткен авторы Серікбай Рзабаевпен өзге де ғалымдарға құрмет көрсетіліп, Мұғалжар жылқысының 25 жылдығына арналған мерейтойлық медальдар табыс етілді. Сондай-ақ облыстың жетекші жылқышылары Ауыл шаруашылығы министрінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Сонымен қатар жиыннан соң«Мұғалжар жылқысы» ЖШС-ның ауласында Мұғалжар жылқысының 25 жылдығына арналған көрме ұйымдастырылды. «Көкжайлау» демалыс орталығына келушілердің бәрі сол жақ бүйірінде «MZ»таңбасы бар асылтұқымды жылқылардытамашалады. Бұл жерде республикалық өнімді және әмбебап бағыттағы жылқы тұқымдары палатасының директоры Қалыбек Рзабаев асылтұқымды айғырлардың шоқтығының биіктігін, тұрқының қиғаш ұзындығын, кеуде мен жіліншік орамдарының өлшемін алып, тірілей таразыға тұрғызып, салмағын өлшеді. Мәселен, 2017 жылғы Бұқабас деп аталатын айғырдың тірілей салмағы 638 килограмм болды. Бұл жерде мұғалжарлық жылқылардың етті келетіні, асылған етінің дәмі көрме тамашалағандардың әңгімесіне арқау болды.

Мұғалжар жылқысына арналған респбликалық іс-шараға Қарағанды облысы Абай ауданы Есенгелді ауылындағы «Құсайынов» шаруа қожалығының басшысы, жылқышы Амангелді Құсайынов арнайы келіпті.

— Жылқы шаруашылығымен айналысқандықтан мұғалжар жылқысы туралы естуім бар. Әлеуметтік желілерден Бауыржан Әлин басшылық ететін «Мұғалжар жылқысы» серіктестігінің жылқыларын көріп, қызығып, көріп қайтуды жоспарлап жүр едім. Көшім, мұғалжар жылқыларының авторын көрдім, тарихын естідім. Көрмені көріп, тамаша әсер алдым. Менде де біраз жылқы бар. Үйірге былтыр — бір, биыл екі айғыр қостым. Үшеуі де осы Мұғалжар жылқылары. Мұғалжар жылқыларының бойы аласалау болғанымен, құйрық-жалы төгілген, әдемі. Әрі етті келеді, — дейді жылқышы Амангелді Құсайынов.

Жыл өткен сайын елімізде Қамбар атаның тұқымы көбейіп келеді. Дүниежүзі бойынша жылқының 250-ге жуық тұқымы болса, біздің елде 40-тан астамы бар.

Сала мамандарының да басты мақсаты —  жергілікті асылтұқымды жылқыларды көбейту.

Қазіргі таңда облыстың өрісінде 270 мың жылқы бар. Бүгінде қазақы жабы тұқымынан бөлек, мұғалжар, көшім жылқылары — облыстың бренді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ, «Ақтөбе» газеті.

Ұқсас ақпараттар

791 ҚҰМЖАРҒАНДЫҚ ДАУЫС БЕРЕДІ

admin_mugalzhar

Зейнетақы мен жәрдемақы өседі

admin_mugalzhar

Kaspi.kz «Цифрлық құжаттар» сервисін іске қосты

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.