«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

НҰРТАС ӘЖБЕНОВ: «ӘРБІР ЖЕҢІС СЫНАҚПЕН КЕЛЕДІ»

Өткен нөмірден бастап газетімізде «Мұғалжар мақтаныштары» айдарын ашып, әлемдік додаларда, ғылыми жарыстарда, биік сахналарда ауданның ғана емес, тұтас елдің атағын биікке көтеріп жүрген жерлестерімізді жариялауды жөн көрдік. Атап айту керек, Мұғалжар ауданы қашан да спортшыларымен мақтанады. Ауданның атын шығарып жүрген мұғалжарлықтардың басымы да осы салада жүрген жандар. Айдарымыздың алғашқы кейіпкерлерінің де спортшылар болуы сол себептен. Өткен нөмірде ел қоржынына алтын медаль салып, чемпион атанған спортшылар легін бастадық. Бүгін де осы сүйіншілер жаңалықтарды жалғастырып, WBC-дан Азия чемпионы, UBO-дан әлем чемпионы Нұртас Әжбенов туралы тарқатамыз. Өзі туралы, спортқа келу жолдары, жеткен жетістіктері мен ертеңгі жоспарлары жайында чемпионның өзі мен отбасы және жаттықтырушылары айтып берді.

Нұртас ӘЖБЕНОВ: БОКС САЛАСЫНДА ЖҮРГЕНІМЕ 20 ЖЫЛ БОЛДЫ

Бокспен 3-сынып оқып жүргенде бокс үйірмесіне барғаннан доспын. Спортта да, өмірде де досым, бауырым ретінде араласатын Әліби Ідіріспен бала күнімізден дос болып, бірге жаттығуға баратынбыз. Екеумізде де спортқа деген ынта мен қызығушылық мықты болды. Есейе келе, жаттығудан бірге келе жатып, бір-бірімізге үнемі «енді не істейміз?» деп сұрайтын едік. Спорттағы болашақты жоспарлауға тырысатынбыз. Ол уақытта екеумізде де келісімшарт деген жоқ. Сөйтіп біртіндеп жарыстарға шығып, қазір шүкір, ол да, мен де спорт саласында жүрген жайымыз бар. Әуесқой бокста жүргенімде Қандыағаштан Ақтөбеге қатынап, жаттығатын едім. Ол жақта өзіңнің үйің болмағандықтан туыс, жолдастардың үйіне бара беруді де ұят санап, жаттығу залына ағаш тақтайларды төсеп, түнеп қалатын кездеріміз көп болды. Сосын бір қызығы, әрбір рингке шығар кезде мен міндетті түрде бір оқиғаға тап болатынмын. Мүмкін сәйкестік те шығар, белгісіз. Тіпті дәрігерлердің рингке шығуға рұқсат етпей қалған кездері де болды. Мәселен, кезекті бір жекпе-жек өткелі жатқан еді. Қарсыласым басқа елден Алматыға ұшып келді. Салмақ тастап жүрген уақытымыз. Салмақты сол жекпе-жек алдында өлшеп алады. Сол салмақ тастау маған қатты әсер етіп, әлсіретіп жіберді ме, бір күн қалғанда таңертең ұйқымнан оянып жатқанымда, ес жоғалтып құлағанмын. Бірақ артымда үлкен жауапкершілік болғандықтан рингке шыға бердім. 10 раунд бойы жұдырықтасу керек болды. Алайда менде әрі қарай әл болмай, қарсыласқа есе жіберген едім. Одан кейін тағы бір жекпе-жек боларда 10 күн бұрын медициналық тексерістен өтіп жатқан болатынбыз. Тексеріс үстінде көзімнің терісі жыртылып тұрғанын және оған шұғыл түрде ота жасау керектігін айтып, қол қоймай қойды. Сөйтіп мен ешкімге айтпай барып ота жасатып келдім. Күтінуді, көзге салмақ түсірмеу керектігін айтқанымен, мен жаттығудан қалмай бара бердім. Кейін бәрін өз мойныма алатынымды айтып қол қойдырып, кезекті жарысыма шықтым. Егер сол жекпе-жекте жеңіске жетсем, топ-20 тізіміне енетін болдым. Сол алаңда жеңіс бұйырған еді. Қазір бәрі жақсы, емделдік, қаралдық. Әрі қарай жаттығу үстіндеміз. Бүгінде белгілі компаниялармен келісімшартқа отырып, жұмыстанудамыз. Тап қазір АҚШ-та жарысқа дайындық үстіндемін.

ӨМІРІМ ҚИЫНДЫҚҚА ДА, ҚЫЗЫҚҚА ДА ТОЛЫ

Мені фан-кездесулерге көп шақырады. Қандыағаш қалалық №2 мектептің түлегі болғандықтан, ең бірінші сол жаққа шақырту алдым. Алғашқы кездесулер болғандықтан, қойылған сұрақтар да әлі күнге дейін жадымда. Есімде ең бір қалған сұрақты сол мектептің мұғалімі қойған еді. Өзі толықша келген апай екен. Маған: «Нұртас, сендер қалай салмақ тастайсыңдар?» — деді. Мен: «Біз үш мезгіл тамақтанамыз», — деп жауап бердім. Жауабым қанағаттандырмаса керек, «біз де үш мезгіл тамақтанамыз ғой, сонда қалай салмақ тастайсың дар?» — деп тағы да сұрады. «Апай, сіз дұрыс түсінбедіңіз. Біз дүйсенді, сәрсенбі, жұма күндері ғана тамақтанамыз» дегенімде, апаймен бірге залдағы жиналғандардың ду күлгені бар.

Одан кейін алғаш ұшаққа отырып, Лондонға баратын болдым. Жаттықтырушым Дэни деген ағылшын азаматы еді. Интернет те дұрыс ұстамайды, тілді де білмеймін, сөйтіп не керек, мен келу керек жерге жеттім. Күтіп алып, сыйлап көлікке отырғызды. Мен оның алдында интернет аударма арқылы жол бойы жаттықтырушыммен сөйлесіп келген болатынмын. Енді бәрі ағылшынша сұрақтар қойып жатыр. «Қалай жеттің?» деп сұрап жатқан болар деп топшыладым да «No do speak english» дегенімде, «what?» деп кері сұраса, мен тағы да «google» деп жауап бергенім бар. Бір-бірімізбен телефон арқылы аударманың көмегімен сөйлесіп отырмыз ғой әлгі жерде. Телефоннан оқимыз да бірбірімізге қарап күлеміз келіп. Сондай қызықты оқиғалар болған.

Тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. Ол уақытта мен жаңадан отбасын құрған едім. Үйленгеннен кейін екі күннен соң қайтып Лондонға кетіп қалып, екі айдан соң қайтып келіп әйелімді алып Еуропаға кері қайтқанмын. Бастапқыда нан сұрап дүкенге бара алмайтын мен екі айда біраз зат үйреніп алдым. Солай әйелімді алып, аэропорттан түсіп жатқанымда, ондай халықты, адамдарды көрмеген ол «мен ауылға қайтамын» деп тұрып қалғаны бар. Аэропортта әйелімді әрең көндірген едім. Сөйтіп не керек, шет мемлекетте жүріп, небір қызықтарға тап болғанбыз.

Жалғас ТУКЕШОВ, менеджері: НҰРТАСТЫҢ ТӘУЕКЕЛШІЛДІГІ ТАҢҚАЛДЫРАДЫ

Нұртасты 24 келі салмақ кезінен танимын. Екеуміз бірге өстік, әлі де бірге жүреміз. Әрбір боксшының жұдырықтасуда қалыптасқан стилі болады. Ал ол болса әлі де ізденіп, бұрынғы жекпежектерін қарап, саралап жүреді. Өзі біліп тұрса да, сұрақ қойып, білгенін толықтырудан жалықпайды. Маған оның бойындағы әр адаммен тез тіл табысып, бірден сөйлесіп кететін қасиеті қатты ұнайды. Тағы бір қасиетін айта кету керек, бокста өз жасына келетін болса да, өз жасына сай емес жарыс болса да, бірінен қалмай барып, қатысып жүре береді. Спорт пен жарысқа кез келген жағдайда уақыт табады. Інілерін ерітіп алып кетіп, рингке шығарып, ақыл-кеңесін айтып жүреді. Өзі айтқандай, жекпе-жек алдында көп кедергілерге тап болатынбыз. Оның тым тәуекелшілдігі мені таң қалдырады. Бірақ сондай кездер маған да сабақ болды. Мен де ол ауырып жүрген кездері салғырттық танытып жүрдім бе, көп мән бермейтінмін. Қазір ол маған үлкен сабақ болып, барлық жағдайда спортшымның халін қапыда қалдырмай, бақылап жүремін. Ол бастапқыда әуесқой бокста жүрді. 2018 жылдан бастап кәсіпқой боксқа көшті. 2016 жылы Олимпияда чемпионы Ф.Гаибназаровпен алаңға шығып, жеңген еді. Сол жекпе-жектен кейін оған жан-жақтан шақыртулар мен ұсыныстар түсе бастады. Австралия, Америка, Лондоннан келісімшарттар келді. Сөйтіп біз Лондонмен келісімшартқа қол қойдық. Оқу-жаттығу жиыны сол кезде Испанияда басталды. Әлемге әйгілі Гильермо Ригондоның жаттықтырушысы да сол жақта жаттығуда болды. Лондонда 1,5 жыл болып, жаттығып, спорттағы жеңісті жолын бастаған еді. Жыл жарым уақыт ішінде 5 жекпе-жек өткізіп үлгерді. Қарапайым ауыл баласының Қандыағаштан Лондонға жетуі де жай ғана сәйкестік емес шығар. Алда әлі де биік тұғырлардан көрінеріне сенімім мол.

Марвин Сомодио, жаттықтырушы: ТІЛ ТАБЫСУ ҮШІН ӨЗГЕ ҰЛТ БОЛУЫҢ МАҢЫЗДЫ ЕМЕС

Нұртас — жауапкершілігі мол, еңбекқор жігіт. Америкаға келіп, өзін жақсы қырынан көрсетіп жатыр. Бірінші жаттығудан бастап-ақ бір-бірімізді жақсы түсініп кеттік. Оның соққылары өте жойқын, әрі ауыр. Бірде маған ол Америкаға келу үшін үйін сатқанын айтқан еді. Сонда мен қатты таң қалғанмын. Арманына жету жолында осындай қадамдарға барғаны бір жағынан қуантты. Спортшыға керек қасиет қой бұл. Біз Нұртастан әлем чемпионын шығарамыз. Бүгінде жаттығуымыз қарқынды түрде жүріп жатыр. Нұртасты әрқашан қолдап, әрбір жеңісіне қуанып жүретін жанашыр жанкүйерлері барын білемін. Болашақта “Azhbenov” атын шығарамыз деген мақсатымыз бар. Сол үшін жұмыстанып жатырмыз. Қазақстан, жақында болашақ әлем жұлдызын күтіңіздер!

Гүлсім Әжбенова, Нұртастың анасы: БАЛАМНЫҢ ЖҮРЕГІНДЕ ИМАНЫ, БОЙЫНДА ӨНЕРІ БАР

Нұртас үйдегі сүт кенжем. Ерке әрі басқа балаларыма қарағанда өзіме өте жақын болып өсті. Кішкентай кезінен өте пысық, қимылы ширақ, бойында қаны тасып тұратындай бір жерде ұзақ отыра алмайтын. Содан әкесі 3-сынып оқып жүргенінде спорт мектебіне апарған болатын. «Осы баланы боксқа беремін, бір жерді тесіп шығады», — деп жаттықтырушыға тапсырған еді. Аллаға шүкір, ниетіміз қабыл болды. Бүгінде отбасымыз бен әулетіміздің, еліміздің мақтанышына айналып отыр. Қазіргі таңда отбасын құрып, екі тәтті немере сыйлады. Қара шаңыраққа ие болып, бізді бағып-қағып, атаанасының разылығын алып жүрген балам. Жүрегінде иманы, бойында осындай өнері бар баланың анасы болғаныма мақтанамын, қуанамын. Қазір Америкада кезекті жарысына дайындық үстінде. Сағынамыз, әрине. Бірақ өмірлік таңдаған мамандығы үшін бәріне шыдауға тура келеді. Әрбір сайысында үйде тілеуін тілеп отырамыз. Әрқашан жолына ақ бата тілеп, алға қойған мақсаттарына жете беруіне тілектеспін.

Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

«ЕМБІ-БІРЛІК» ЖОЛ ҚАТЫНАСЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛУДА

admin_mugalzhar

Елімізде сұранысқа ие мамандардың жалақысы 50 пайызға көтеріледі

admin_mugalzhar

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ!

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.