Ақтөбе облысында ауылдық елді мекендерді газдандыру жұмыстары белсенді түрде жалғасуда, — деп хабарлайды «Ақтөбе» газетіне сілтеме жасаған mugalzhar.kz.
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өңір халқының көгілдір отынмен қамтамасыз етілуі 95,5%-ға жетті. Барлығы 6,9 мыңнан астам тұрғыны бар 16 ауыл газдандырылды.
2024 жылы 7 ауылды газдандыру жоспарлануда, атап айтқанда Байғанин ауданының Қораши, Ырғыз ауданының Жарма, Темір ауданының Алтықарасу және Еңбекші, Ойыл ауданының Көптоғай және Амангелді, сондай-ақ Мұғалжар ауданының Жарық ауылдары. Бұл елді мекендерде барлығы 2,8 мың адам тұрады.
Энергетика және ТҮКШ басқармасының деректеріне сәйкес, ауыспалы жобаларды аяқтау және жаңа жобаларды іске асыруды бастау үшін 2024 жылға 28,2 млрд.теңге қарастырылған.
Бұдан өзге, 21 ауылды газдандыру бойынша 17 жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, тағы 5 ауылға қатысты жобаларды әзірлеу биыл басталады.
Ақтөбе қаласын, іргелес елді мекендерді және өнеркәсіптік объектілерді үздіксіз газбен жабдықтау мақсатында Ақтөбе қаласында «Бұхара-Орал» магистральдық газ құбырының үшінші желісін салу жұмыстары жалғасуда. Ауқымды жобаның құны – 43,1 млрд теңге. Бүгінгі таңда орындалған жұмыс көлемі – 30%. Жобаны 2024 жылы аяқтау жоспарлануда.