«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

СЫНЫҚШЫНЫҢ ЕРЕКШЕ ҚАСИЕТІ

МҰҒАЛЖАР АУДАНЫНДА ОТЫЗ ЖЫЛҒА ЖУЫҚ УАҚЫТ СЫНЫҚ САЛЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ЕМБІЛІК БЕРЕКЕТ ТЕМІРОВТІ БІЛМЕЙТІН АДАМ КЕМДЕ КЕМ. СҮЙЕКТЕРІ СЫНЫП, ШЫҒЫП, АЯҚ-ҚОЛЫ ТАЙЫП, ЖҮРЕ АЛМАЙ ҚАЛҒАН ТАЛАЙ АДАМДЫ ҚАТАРҒА ҚОСТЫ. ЖУЫРДА ЕМБІ ҚАЛАСЫНДАҒЫ АҒАЙЫНДЫ ЖҰБАНОВТАР МУЗЕЙІНДЕ ӨТКЕН «СЫНЫҚШЫНЫҢ СЫРҒА ТОЛЫ ҚАСИЕТІ» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУГЕ КЕЛГЕН БЕРЕКЕТ ТЕМІРҰЛЫН СӨЗГЕ ТАРТУДЫҢ СӘТІ ТҮСТІ…

Берекет Темірұлы 1955 жылы 1 мамырда Жаңажол елді мекенінің Саға ауылында ұстаздардың отбасында дүниеге келген. Әкесі Шылау 1938-1947 жылдар аралығында Финляндия, Ұлы Отан және Жапон соғысына қатысып, майданнан аман келіп, ұзақ жылдар Саға мектебінде директорлық қызметін атқарған, ал анасы Қазина бастауыш класқа сабақберген, өкінішкеорай сал ауруына шалдығып, ерте қайтыс болған. Әкесі тіршілік жағдайына байланысты кішкентай Берекетті Жаңажол ауылындағы сиыршы Қажырау ағасына береді, ата қолында 4-5 класқа дейін болып, кейін әкесінің қолында тәрбиеленеді. Жағабұлақтың сегіз жылдық, кейін Ембі қаласындағы №456 орта мектептерін ойдағыдай бітіріп, Алматы қаласындағы ӘлФараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, тұрмыстық жағдайына байланысты оқи алмаған. Кейін Отан алдындағы борышын өтеп, еңбекке араласып, отбасын құрып, жанұялы болды. Бүгінде Берекет аға аяулы жар, қамқоршы әке, немерешөберелерінің сүйікті атасы, отбасының тілекшісі.

Сынықшылық екінің біріне қона бермейтін ерекше қасиет. Асқан ептілікті, жауапкершілікті жүктейтін емшіліктің бұл түрі ерте заманнан бірге жасасып келеді. Сынықшыларға деген елдің де ықыласы ерекше. Сынықшы ең алғаш 3 жасар қыз баланың шығып кеткен шынтағын салған. Сөйтіп, бірте-бірте алдымен жергілікті тұрғындар жерлестерінің сынықшылық қасиетін біліп, бірбірінен естіп, емге келе бастаған. Кейін өзге қалалар мен облыстан да келетіндер қарасы көбейген.

Сынықшылық қасиет үлкен атам Қалдыбайдан дарыған. Қалдыбай атамнан Темір, Әмір, Өмір, Сайхан, Қажырау өрген. Солардың ішінде Қажырау атам да сынықшылық қасиеттен құр алақан болмаған. Қажырау атам қайтыс болғанда мен 30 жастағы жігіт едім, әлі есімде, атам қайтқаннан кейін мен түшкіруді бастадым, неге екені белгісіз 7-8 рет түшкіріп, ауа жетпей құлап, талып қалатын болдым. Сонда үлкендер «мына шал құртты-ау баланы» деп айтатын. Бұл сөздері тектентекке айтылмаған секілді, атадан даритын қасиет ерте ме, кеш пе әйтеуір, ұрпағына қонары сөзсіз еді, — депБерекет ағай әңгіме барысында өзінің болашақта сынықшы болатынын ойламағанын да айта кетті.

Сынықшылық өнерді машықтанған ағайда Қытай медицина мамандарының табыстаған куәлігі бар екен. 2014 жылы тамыз айында баласының емі үшін Қытай елінің Үрімші қаласына барған. Медициналық орталығына бара жатқанда көлік апатына ұшыраған қытай азаматын көреді. Өздері бет алған орталыққа келгенде әлгі апатқа ұшыраған азаматты осы орталыққа әкелген екен. Аяғы зақымдалғанын көріп, ағай шыдай алмай аудармашыға сынықшы екенін айтып, дәрігерлерден ем-домын жасауға рұқсат сұрайды. Сөйтіп әлгі адамның шығып кеткен тізесін, сынған тобығын салып, гипстеп береді. Сынықшының емінен кейін, Қытайдың сүйек мамандары сынықты тексеру үшін рентген аппаратына салады, нәтижесінде Берекет ағайдың еміне тәнті болып, ризашылықтарын білдіріп, сынықшылық қасиеті бар жандарды оқытатын арнаулы оқуға шақырады. Сөйтіп ағай баласының ем алуымен қатар екі ай көлемінде білімін де шыңдап, «сынықшы» деген Қытай елінің куәлігіне ие болады.

Менің шаруашылығымдағы Қанат жол апатына түсіп, мойын омыртқасы қатты зақымдалды. Екі ай ауылмен қала ауруханасында жатып емделді, алайда мойнын бұра алмай көп қиналды. Аяқ-қолышығып, буыны тайғандар Берекеттің көмегіне жүгінетінін еститін едім. Содан «корсетпен» жүрген Қанатты сол сынықшыға апардым. Берекет қолымен сипап отырып, омыртқасының қозғалып кеткенін айтып, орнына жайлап салды. Сол сәтте қасында тұрып, өз көзіммен көріп таңқ алғанымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Басын көтере алмай барған Қанат жайлап мойынын бұрып, қозғалтып, икемделіп бастады. Бүгінде көлігін айдап, жұмысында жүр, — дейді сынықшы туралы Ембі қаласының тұрғыны Т.Нұрғалиев.

«Жақсылық қылсаң — жасыр, жақсылық көрсең — асыр» демекші, өзі айтпағанмен, оның жақсылығын көргендер үнемі айтып жүреді. Өзім де жас кезімде «бәленше сынықшыға барып тәуір болыпты» деп үлкендердің айтып жатқандарын естісем де, «сынықшы» деген сөзге аса мән бермедім.

Осыдан 5-6 жыл бұрын наурыз айында көк мұзға тайып жығылған ағайыным омыртқасын ауыртып алды. Алайда дәрігерге қаралса да Берекет ағайға көрсетуін өтінді. Сынықшы рентген суретіне қарап, омыртқаныңекі қанатының шығып кеткенін анықтап, орнына салып, ағайынымды аяғына тұрғызғанын көрдім. Міне, осылайкөзбен көргеннен кейін бұл киелі қасиет екеніне куә болдым.

Ұлболсын МҰХАМБЕТОВА, ағайынды Жұбановтар музейінің директоры

Ұқсас ақпараттар

МАҚСАТ — МЕМЛЕКЕТ МҮДДЕСІ МЕН АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ

admin_mugalzhar

ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОН: ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ

admin_mugalzhar

РЕФЕРЕНДУМ: МҰҒАЛЖАРЛЫҚТАР ДАУЫС БЕРУДЕ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.