ГАЗЕТІМІЗДІҢ БҮГІНГІ НӨМІРІНЕН БАСТАП ДӘСТҮРЛІ «АУЫЛ-АЙМАҚ» АЙДАРЫ ӨЗ ОҚЫРМАНДАРЫМЕН ҚАЙТА ҚАУЫШПАҚ. СОЛ СЕБЕПТІ ӨТКЕН АПТАДА БІЗ, ГАЗЕТ ЖУРНАЛИСТЕРІ, ІССАПАРМЕН АҚКЕМЕР АУЫЛЫНА ЖОЛ ТАРТТЫҚ. МАҚСАТЫМЫЗ – КӨЗІ ҚАРАҚТЫ ОҚЫРМАНҒА АУЫЛДЫҢ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІН КӨРСЕТІП, ОКРУГТЕ АТҚАРЫЛҒАН ЖӘНЕ АЛДАҒЫ УАҚЫТТА ЖАСАЛАТЫН ЖҰМЫСТАРМЕН ТАНЫСТЫРУ. СОНЫМЕН…
БІЗ КӨРГЕН АУЫЛ…
«Ақтөбе-Қандыағаш» тас жолының бойында орналасқан Ақкемер ауылының тұрмысы сырт көзге жайлы көрінеді. Ауылға кіреберістегі асфальт тақтайдай теп-тегіс. Сенбілік жұмыстарының жүргізіліп жатқаны көрініп тұр. Себебі ауыл іші таптаза, шашылған қоқыс көрмедік. Ауылдықтардың тұрмысы түзелгендей ме?! Әйтеуір, еңселі етіп салынған тұрғын үйлер көздің жауын алады. Қақпаларының өзі қалалықтардыкінен кем емес. Ауылға кіргеннен көз қуантарлық дүние көп екеніне көз жетті. Айналаның барлығы жасыл желек. Жер аяғы кеңіп, жайқалған жазғытұрым уақыт ауылдың сәнін аша түскендей. Осы бір ауыл көрінісіне қарап, ақындардың ауыл туралы жазған жыр-шумақтары еріксіз еске оралады.
Аудан аумағындағы ауылдық округтердің ішінде Ақкемер ауылдық округі халық саны жағынан үлкен ауылдық округтердің бірі. Бүгінгі таңда округте 3000-ға жуық тұрғын тұрады. Ауылдың орналасуы да тұрғындар үшін өте қолайды. Себебі үстінен облыстың маңызы бар тас жолынан бөлек, теміржол да өтіп жатыр. Мал бағып, құс өсірем дейтіндерге, көкөніс егіп, кәсіп қылатындарға мүмкіндік көп. Ауылдың оң жақ бетін қолдан отырғызылған орман жауып тұрса, сол жағында Елек өзіні ағып жатыр. Өрістің сәнін маңыраған қойешкі, еркін жайылған сиыр, құлынын еріткен жылқы кіргізіп-ақ тұр.
АУЫЛ МЕКТЕБІНДЕ 351 БАЛА ОҚИДЫ
Ауылдағы алғашқы аялдамамыз Есет Көкіұлы көшесінде орналасқан Ақкемер жалпы білім беретін орта мектебі болды. Мектеп іші жап-жарық, жанға жайлы. Дегенмен, кей тұстары күрделі жөндеуді қажет ететіні көрініп тұр. Мектеп директоры Әсел Бүркіталина аталған білім ошағы 1979 жылы пайдалануға берілгенін айтты. Елу жылға жуық тарихы бар бұл мектепте бүгінде 56 педагог маман 351 оқушыны білім нәрімен сусындатуда. Мектепалды даярлық тобында 50 бала, мектеп жанындағы шағын орталықта 46 бүлдіршін тәрбиеленуде.
—Мектебімізде жаңа модификациялық кабинеттер бар. Айталық, физика, химия, биология, мультимедия кабинеттері арнайы құрылғылармен толықтай жабдықталған. Ал қалған кабинеттерде интерактивті тақталар бар. Білім сапасы 70 пайызды құрайды. Биылғы оқу жылында 11 сыныпты 19 түлек, 9 сыныпты 28 түлек аяқтайды. Мектеп бітірушілердің ішінде бір оқушы «Алтын белгіге», бір оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер, — деді мектеп директоры Әсел Бүкіталина.
АУЫЛДА МӘДЕНИЕТКЕ МӘН АРТЫЛҒАН
Мектептен шыққан бетте еңселі етіп салынған ауылдық мәдениет үйі көз тартады. Өткен жылы күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйін көру үшін біз де бас сұқтық. Қас беті ажарлы көрінген бұл орталықтың іші де сай тасындай сыңғырлап тұр. Мәдениет үйінің директоры Мейіз Көмекбаева бізге ғимарат ішін аралатып, ауылдың мәдени тұрмысымен таныстырды. Орталықтың кіреберісінде аудан өнерпаздарының жетістіктері бейнеленген сурет көрмесі көз тартады. Ал тұтас бір қабырғада мәдениет қызметкерлерінің жетістіктерін айқындайтын мақтау қағаздары ілулі тұр. Сахна мен көрермен залы да талапқа сай жаңғыртылған.
—Мәдениет үйінің іргетасы 1976 жылы қаланған. Осы уақытқа дейін бірнеше мәрте күрделі жөндеуден өтті. Соңғы рет 2022 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтіп, 2023 жылы пайдалануға берілді. Бүгінде ғимаратта түрлі үйірмелерге арналған бөлмелер бар. Сонымен бірге ауыл кітапханасы орналасқан, ауыл тұрғындары үшін коворкинг залы жасақталды. Онда кез келген адамға өзінің сүйікті ісімен айналысуына, жастардың шығармашылық, интеллектуалдық әлеуетін арттыруға, ең бастысы, кітапханаға келушілердің бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуіне бар жағдай жасалған. Мәдениет үйінде көркемдік жетекші мен директордан бөлек 2 күзетші, 3 оператор, 1 тазалықшы қызмет етеді. Мәдениет үйінің жанында 7 үйірме жұмыс жасайды. Олар – хор, балалар вокалы, эстрада, жанұялық ансамбль, драма, би, қолөнер үйірмелері. Ауыз толтырып айтатын жетістігіміз жетерлік. Ауыл мектебімен бірігіп, түрлі мәдени шараларды жиі өткіземіз. Өнерпаздарымыз аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға барып, жеңімпаз атанып жүр, — деді Мейіз Көмекбаева.
ЖАҢА АМБУЛАТОРИЯНЫҢ ЖҰМЫСЫ ЖҮЙЕЛІ
Ауылды аралап жүріп, өткен жылы пайдалануға берілген амбулаторияға да ат басын бұрдық. Халық игілігіне жұмыс жасайтын бұл мекеменің құрылыс жұмыстарын «Техно-С» ЖШС-і жүргізген. Амбулаторияда 19 кабинет бар. Барлық кабинет қажетті медициналық заманауи құралдармен жабдықталған. Амбулаторияда жалпы саны 13 адам халыққа қызмет көрсетуде. Ақкемер ауылдық амбулаториясының аға дәрігері Збира Бөпелектің айтуынша, амбулаторияда округ бойынша 2205 адам тіркеуде тұр. Оның ішінде 150-ге жуық адам түрлі сырқатпен диспансерлік есепке алынған. Есепте тұрған науқастар мен мүгедектігі бар адамдардың барлығына да мемлекет тарапынан тегін дәрідәрмек пен өзге де медициналық көмек тұрақты беріледі.
— Барынша ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз. Орта есеппен айына 20-ға жуық науқас күндізгі стационарға жатып, ем қабылдайды. Сонымен бірге ауыл тұрғындары ауылдан шықпайақ қан және несеп талдамаларын тапсырып, скринингтен өте алады. Қажет болса, аудандық және облыстық ауруханаға жолдама береміз. Жүкті әйелдерді де амбулаториядағы акушер маман есепке алып, ана мен баланың денсаулығы үшін барлық медициналық тексерістерді жүргізеді. Жыл басынан бері округ бойынша 13 бала дүниеге келді. Біз осы балалардың денсаулығы мен дамуын ай сайын қадағалап, тексеріп отырамыз, — деді аға дәрігер Збира Айдарбайқызы.
Дәрігер амбулатория ішінде физиотерапия кабинетінің барын жеткізді. Бірақ әзірге ол жерде маман жоқ. Алдағы уақытта осы кабинетке штаттық бірлік ашып, кабинет жұмысын жандандыруды жоспарлап отырғанын айтты.
КӘСІПКЕРЛІК КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙГЕН
Бүгінде ауыл тұрғындарының көпшілігі кәсіпкерлікке бет бұрған. Ақкемер ауылдық округі аппаратының бас маманы Жаңылсын Үпшінбаева округ аумағында 54 шаруа қожалығы, 15- ке жуық дүкен, 2 жылыжай, 1 шаштараз, 1 монша, 1 фасфуд дайындайтын шағын кафетерий барын айтты.
—Ауылдың табиғаты мал өсіруге ыңғайлы болғандықтан, округтің құрамындағы бес елді мекенге де көшіп келушілер көп. Ал ауыл тіршілігі бүгінде қала деңгейіне жақындап қалды десем артық айтқаным емес . Ауылда көгілдір отын, электр жарығы, ауыз су, интернет желісі бар. Барлығы да халық игілігіне жұмыс жасап тұр . «Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасында ауылымызда кәсіпкерлер саны күн сайын артуда. Жеңілдетілген несие алып, кәсіп жасағысы келетіндер баршылық. Өткен жылдан бері округ бойынша жалпы саны 10 адам осы бағдарламамен 2,5 пайыздық несие алды. Олардың бірі балық шаруашылығын дамытуды қолға алса, бірі наубайхана ашты. Құс пен мал шаруашылығын дамытып жатқандар көп. Тігін цехын ашып, жылдам дайындалатын тағам өнімдерін жасайтындар да бар, — деді ол .
АУЫЛДА ӘЛ ДЕ АТҚАРЫЛАР ШАРУА КӨП
-Округ құрамында Ақкемер ауылынан өзге төрт елді мекен бар. Олар — Елек, Көктөбе , Көтібар және Жарық ауылдары. Өткен жылы «Ақкемер — Көтібар -Көктөбе» ауылдарының арасындағы көтерме жолды асфальттау жұмыстары басталған. Ауыспалы кезеңмен жасалатын бұл құрылыс осы жылы аяқталуы тиіс . Бұл туралы бас маман Жаңылсын Ұзақберген қызы айтты.
—Жоғарыда аталған ауыларалық жолдарды «Тен — гриСтрой» ЖШС — і жасап жатыр. Жолдың жалпы ұзын — дығы 15 шақырымды құрайды. Өткен жылы «Қандыа — ғаш -Жарық» ауыларалық жолы жасалып, пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстарын «АссанаДорСтрой » ЖШС — і жасады. Жарық ауылына газ тарту жұмыс — тары әзірге тоқтап тұр . Алдағы уақытта жасалады деп жоспарлануда. Жоспарда ангар типтік спорт кешенін салу бар. Ол биылғы жылы басталып, келесі жылы аяқ — талатын болады. Елек ауылының көшелерін және Елек ауылының кіреберіс жолын асфальттау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз, — деді бас маман.
БАЛАБАҚШАҒА КЕЗЕК КӨП
Ауыл орталығы Ақкемер ау — ылына жыл сайын көшіп келу — шілердің артуына қарай бала — лардың саны көбейген. Бүгінде ауылдағы 50 орындық «Әділ » бөбекжай -бақшасында бала — лар толық. Әкімдік маманы Жа — ңылсын Ұзақберген қызы бө — бекжай кезегін күткендердің көп екенін жеткізді.
-Ауылда балабақша жеткіліксіздігі байқалады. Алдағы уақытта ауылдан балабақша салу жоспарланған. Ол енді уақыт еншісінде. Осынан жеке балабақша салып, кәсіп қылам деушілерге мүмкіндік көп екенін айтқым келеді . Мектеп жанындағы шағын орталыққа барып жүрген бүлдіршіндер көп. Көтібар ауылындағы балабақша мектептің балансына берілді . Себебі ауыл мектебіндегі бала саны азайып қалған еді. Ал балабақшасы жоқ Елек пен Жарық ауылдарындағы балалар мектеп жанындағы шағын орталықтарға барады , — деді бас маман Жаңылсын Үпшінбаева.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ