«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Талғат ҚОЙШЕКЕНОВ: ЕЛ БОЛҒАН ЖЫЛДАРДА ЕЛЕУЛІ ІСТЕР АТҚАРЫЛДЫ

АУДАННЫҢ ӨСІП-ӨРКЕНДЕУІНЕ ЕЛЕУЛІ ҮЛЕС ҚОСҚАН, ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУҒА АТСАЛЫСҚАН ЖАН ЖЕТЕРЛІК. РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА СОНДАЙ ЖАННЫҢ БІРІ – АУДАННЫҢ КОММУНАЛДЫҚШАРУАШЫЛЫҚ САЛАСЫНДА ҰЗАҚ ЖЫЛ ЕЛЕУЛІ ЕҢБЕК ЕТКЕН ТАЛҒАТ ҚОЙШЕКЕНОВПЕН СҰХБАТТАСУДЫҢ СӘТІ ТҮСТІ. БІЗДІҢ ӘҢГІМЕМІЗ АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАН ЖЫЛДАРДАН КЕЙІНГІ ТОҚЫРАУ МЕН ҚҰЛДЫРАУДАН ҚАЛАЙ ӨТКЕНІ, ЕЛДІҢ ІРГЕСІ ҚАЛАЙ ҚЫМТАЛЫП, ХАЛЫҚТЫҢ ЕҢСЕСІ ҚАШАН ТІКТЕЛГЕНІ ТУРАСЫНДА ЖӘНЕ АУДАННЫҢ БҮГІНГІ КЕЛБЕТІ ЖАЙЫНДА ӨРБІДІ. СОНЫМЕН…

-Талғат Кәрімұлы, әңгімемізді сәл әріден бастасақ. Сіздің Атырау өңірінде дүниеге келгеніңіз туралы білеміз. Ал біз балалық шағыңыз бен ата-анаңыз туралы көбірек білгіміз келеді.

Иә, менАтырау облысы, Құрманғазы ауданы Нұржау ауылында қарапайым малшы отбасында дүниеге келдім. Анам «кең жайлау, киіз үйде туғансың» деп айтып отыратын. Әкем өмірден ерте озды. Ал шешем мен көзімді ашқалы белі бір жазылмай еңбек етті. Совхозда сауыншы болды. Жұмысы таңғы 4-те басталатын. Содан тыным таппай 50-60 қаралы сиырды сауып, күндіз бұзауын бағып, кешкілік өрістен келген сиырды қайта сауатын. Мен де еңбекке ерте араластым. Анамның қасында жүріп, бұзау бағып, сиыр сауысуға көмектесетінмін. Біздің отбасымыз мал ауылда тұрғандықтан мен аудан орталығындағы Орлы орта мектебінің интернатында жатып, білім алдым. Ауылға демалыс кездерде ғана баратынмын. 10 жылдық мектепті 1979 жылы бітіргеннен кейін дәрігер, оның ішінде хирург боламын деп армандап, Ақтөбе қаласындағы медицина институтына келіп, құжат тапсырдым. Бірақ оқуға түсе алмадым. Ол кезде оқуға түсу деген қиын еді ғой. Сөйтіпауылғақайтыпкеліп, Ганюшкин ауданындағы №188 СПТУ техникалық училищесінде 8 айлық курсоқып, тракторист-машинистмамандығын игеріп шықтым. Алғаш еңбек жолымды Октябрь совхозында тракторист болып бастадым. Сонда жұмыс жасап жүріп, әскер қатарына шақырылдым. Екі жыл Мәскеу аймағында әскери борышымды абыроймен өтеп, елге оралдым.

Ал Мұғалжар ауданына қай уақытта келдіңіз? Сіз келгенде ауданның жалпы ахуалы қандай еді?

Әскерден оралған соң, қалайда жоғары білім алуым керектігін ойлап, Орал қаласындағы Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтына емтихан тапсырдым. Бағыма орай, жолым болып, оқуға түсіп, І курсқа қабылдандым. 1983- 88 жылдар аралығында оқып, 5 жыл білім алып, инженер-механик мамандығын игеріп шықтым. Бұл оқу орны батыс өңірі үшін ауылшаруашылық мамандарын дайындайтын. Оқуымды бітірген мен жолдамамен Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Орқаш совхозына келдім. Мұнарлы Мұғалжардың топырағына табаным осылай тиді. Ол кезде совхоз директоры — Ағлен Ермағамбетова екен. Әйел заты болса да, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, еңбекқор, керемет жан болатын. Мені жұмысқа қабылдап, автогараж меңгерушісі қызметін берді. Кеңес үкіметінің дүркіреп тұрған уақыты, жұмыс деген қайнап жататын. Совхозда 100-ден астам техника бар. Менің қызметім — осы техникаларды дұрыс үйлестіріп, жұмысты жүйелі ұйымдастырып, шаруашылықты тұрғызбау. Орқаш совхозы негізі мал шаруашылығымен айналысқанымен, қосымша егін шаруашылығыменде айналысты. Мал азығы үшін жазда шөп шауып қана қоймай, егін ектік. Бидай мен арпа өсіріп, қырманға астық жинадық. Менің шаруаға деген ептілігімді байқаған совхоз директоры Ағлен Құрманғалиқызы 1990 жылы совхоздың бас инженері қызметіне тағайындады. 2004 жылға дейін Орқашта осы қызметті абыроймен атқардым.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі елдің тыныс-тіршілігін, ауыл тұрғындарының жағдайын көзбен көрдіңіз. Сол күндердегі естеліктермен бөліссеңіз?

Тәуелсіз ел болғанымызды естіп, бөрігімізді аспанға атып қуандық. Себебі бұл күнді ата-бабамыз қанша уақыт күтті. Дегенмен алғашқы уақытта қиын болғаны рас. Ауылдар иесіз қалды деуге болады. Әркім өз бетінше өмір сүріп, жан бағудың қамымен кетті. Егін, мал шаруашылығы ысырылып, техникалар талан-таражға түсті. Совхоз тарағаннан кейін ұжымшарлар құрылды. Одан өндірістік кооператив, жеке шектеулі серіктестік болды. Жұмысшылардың еңбекақысы, зейнеткерлердің зейнетақысы төленбеді. Тіпті отынның жоқ болуына байланысты бидай мен арпаны отын етіпжаққан күндер де болды. Басқа тағам түгілі ұнның қат уақыты еді. Сол уақыттарда Ағлен Құрманғалиқызы ауылды ұнмен қамтамасыз ету үшін Германия елінде шығарылған ұн диірменін ауылға әкеліп, бидай тартты. Халықтың еңбек ақысын ұнмен есептесіп берген едік. Техниканы жүргізуге не жанар-жағармай, не қосалқы бөлшектер таппадық. Мал да құнсызданып, 7 қойға 200 литр жанар-жағармай сатып алған күндеріміз болды. Ол күндерден де өттік. Бүгінгі күнімізге қарап, шүкіршілік етемін.

Әңгімеңізді тыңдап отырсам, совхозда инженер-механик болып еңбек еткен екенсіз. Ал мемлекеттік қызметке қалай келдіңіз?

2004 жылы аудан әкімі қызметін Нұрлан Сейткамалов атқаратын. Іс сапармен елді мекендерді аралап жүріп, Орқаш ауылына да келді. Біздің ауыл тұрғындары үшін жасап жатқан қызметімізді көріп, автогараж бен шеберхананың жұмысына қарап, оң бағасын беріп кетті. Менің ұйымдастырушылық қабілетімді байқаған болар, мемлекеттік қызметке шақырды. Шаруашылық саласында тәжірибемнің барын айтып, шалғайдағы елді мекендердің жұмысын жүйелі жүргізуге атсалысуымды өтініп, Ащысай ауылдық округінің әкімі қызметін ұсынды. Басында жүрексінгеніммен өтінішін қабыл алып, неге жасап көрмеске дедім. Осылай мемлекеттік қызметтің қайнаған ортасына түсіп кеттім. 2006 жылы аудан әкімі болып Серік Шаңғұтов келді. Ол кісімені халық саны көп, экономикалық дамуды қажет ететін Ақкемер ауылдық округіне әкім етіп тағайындады. Қай жерде қызмет жасасам да нәтижелі еңбек етуді басты мақсатыма айналдырдым. Шамам жеткенше адал, абыройлы болуғатырыстым. Соныңарқасыболу керек, Серік Тілеулесұлы 2008 жылы коммуналдық-шаруашылық саласы бойынша аудан әкімінің орынбасары қызметіне шақырды. Мен көп ойланып, ұсынысын қабылдадым.

Иә, сіз ұзақ жыл жауапкершілігі мол коммуналдық-шаруашылық салада еңбек еттіңіз. Өзіңіз айтқан аудан әкімінің орынбасары қызметінен кейін осы сала бойынша бөлім басшысы қызметін атқардыңыз. Осы тұста ауданның жалпы әлеуметтік ахуалы қалай еді? Мұғалжарлықтардың тұрмысын түзету мақсатында қандай шаруалар атқарылды?

Ол жылдарда жалпы ауданның жағдайы мәз болмады. Қандыағаш, Ембі, Жем қалаларында жағдай өте нашар болатын. Аталған қалаларда жылу болған жоқ. Ауыз судың өзі уақытпен берілетін. Кәріз желілері мүлде жұмыс жасамады. Халыққа жылу тарататын жылу қазандықтарының өзі ашық-тесік, төбесінен күн көрініп жатты. Жылу қазандықтары химиялық тазартусыз жасаптұрды. Үйлерге жылу тарататын көше бойындағы жылу құбырлары ашық, шұрық-тесік болды. Қазандықтан шыққан жылу далаға тарап, одан қалды көшеге ағып кететін. Қызметке орналасқаннан кейін барлық қоммуналдық саланы тексеріп, бағдар жасадым. Аудан әкіміне кіріп, жағдайды түсіндіріп, ең басты мәселелерді тізбектеп, айтып бердім. Сметалық-жобалық құжат дайындадық. Қажетті қаржы бөлініп, жұмысты бастап кеттік. Сол кездегі аудан әкімі Серік Тілеулесұлының басшылығымен Қандыағаш қаласына жаңа қуаты күшті жылу қазандықтары сатып алынды. Көшеде ашық жатқан жылу құбырлары түгелдей ауыстырылып, сырты қапталды. Көпқабатты тұрғын үйлердің де жертөлелеріндегі құбырлар жаңартылды. Қандыағаш қаласы бойынша сол уақыттарда 22 шақырым құбыр қайта салынғанекен. Ендігі кезек уақытымен берілетін ауызсу мәселесі мен тозығы жеткен жертөлелердегі кәріз құбырлары болатын. Аталған мәселелерді де шешу үшін үлкен жобалар жасалды. Ауызсу құбырлары жаңартылып, қосымша су ұңғымалары қазылды. Кәріз құбырлары да толықтайауыстырылып, биотазарту кешендері салынды. Бұл жұмыстар ауданға қарасты Ембі мен Жем қалаларында да қатар жасалып жатты.

Қандыағаш қаласында қаңырап бос қалған, тозығы жеткен көпқабатты тұрғын үйлер көп болды. Сол кездерде мемлекеттік «Терможаңғырту» бағдарламасы жүзеге асырылып, тұрғын үйлер жөнделе бастады. Осы орайда аудан тұрғындарын тұрғын үймен қамтуға бағытталған жұмыстар қалай жүргізілді?

Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз бірнеше үдерісті басынан кешірді. Елді дамытуға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылды. Солардың бірі — осы «Терможаңғырту». Бұл бағдарлама 2011 жылдары жүзеге асырыла бастады. Оған дейін сол кездегі аудан әкімі Серік Шаңғұтовтың бастамасымен «Жастық» мөлтек ауданындағы бос жатқан көпқабатты №78, №38 үйлер қайта жөнделіп, тұрғын үйге мұқтаж жандарға берілген болатын. «Терможаңғырту» бағдарламасымен ең алғаш Қандыағашта «Достық» мөлтек ауданындағы №14 тұрғын үй жөндеуден өткізілді. Жеңілдетілген несие негізінде жасалатын бұл жұмыстарға алғашында тұрғындар қарсылықтарын білдіріп, келісімдерін бермеді. Бірнеше мәрте тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Соның арқасында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, шатыры ауыстырылып, сырты қапталды. Жертөлесі құрғап, коммуникациялық құбырлары түгелдей ауыстырылды. Аталған бағдарлама әрі қарай жалғасып, «Жастық» мөлтек ауданындағы бірнеше үй жөндеуден өтті. Одан кейін жеке кәсіпкерлерден қайта жөнделген көпқабатты тұрғын үйлерді мемлекеттің қаржысына сатып алу негізінде тұрғындар пәтермен қамтамасыз етілді. Сонымен бірге Қандыағаш қаласынан екі көп қабатты тұрғын үй бой көтерді. Халыққа ең қажетті нәрсе – әлеуметтік, тұрмыстық жағдайының дұрыс болуы. Біз солмақсатта жұмыстандық. Ал қаланы абаттандыру мен сәнін келтіру одан кейінгі жасалатын жұмыстар ғой. Тұрғындарды мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй беру үшін есепке қойып, бүгінде ауданда пәтерге мұқтаж жандарға берілуде.

Бұл — кешегі жұмыстар. Ал бүгін қандай шаруалар атқарылуда?

Бүгінде ел экономикасы да дамып, оң өзгерістер орын алуда. Соған сәйкес, ауданның да дамуында ілгерілеу бар. Бүгінде ауыл тұрғындарын ауызсумен қамту 100 пайызға орындалады деп күтіліп отыр. Сонымен бірге бірнеше ауылдарда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылішілік жолдар салынып, көгілдір отын тартылып, электр желілері жаңартылуда. Жыл сайын аудан бойынша 3-4 ауылға көгілдір отын барып отыр. Қандыағаш, Ембі, Жем қалаларында қалаішілік жолдар жасалды. Қандыағаш қаласына бағдаршам қойылып, бірнеше саябақтар бой көтерді. Бүгінде қаланың да, ауылдың да сәні кіріп, тұрғындардың тұрмысы түзеліп келеді. Жастардың білім алуына жағдайлар жасалуда. Айта берсең, халық игілігі үшін жасалып жатқан шаруа көп. Оны халықтың өзі көріп отыр. Әлі дежасалатын жұмыстар жетерлік. Ол енді уақыттың еншісінде.

Балалық шағыңыз, еңбек жолыңыз туралы айтып өттіңіз. Енді отбасыңыз туралы білсек?

Аллаға шүкір. Өмірлік серігім екеуміз бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдік. Бүгінде балаларымыз жоғары білім алып, өз орындарын тапқан білікті мамандар. Балаларымнан немере мен жиендер көріп отырған ардақты ата-әжеміз. Мен Атырау өңірінде туып-өссем де, Мұғалжардың мерейі мен үшін әрдайым үстем. Осы Мұғалжар ауданына келіп, өндім, өстім. Атыраудың емес, осы Мұғалжардың сайы мен тасын, даласы мен қаласын бес саусағымдай білемін десем, артық айтпаймын.

Сіздің өмірлік ұстанымыңыз қандай? Кімді үлгі тұтасыз?

Мен адалдықты, жауапкершілікті қатаң ұстанамын. Балаларымнан да осыны талап етемін. Әңгіме басында алғаш еңбек жолымда алғашқы кездескен Ағлен Құрманғалиқызы туралы айттым емес пе?! Сол кісінің еңбекқорлығы, адалдығы, жанашырлығы — мен үшін үлгі.

Сізге ел не берді, ал сіз елге не бере алдыңыз? Еңбегіңіз еленді ме?

Мен елім не береді деп еңбек етпедім. Бар біліміммен тәжірибемді ауданды қалыптастыруға салдым. Жасаған жұмысыма еңбекақы төленді. Еңбегімді бағалап, мемлекеттік мерейтойларда мерекелік медальдармен марапатталдым. Облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хаттарын, Құрмет грамоталарын алдым. Бүгінде денсаулығыма қатысты өз еркіммен қызметімнен босапжатырмын. Әйтсе де, зейнеткерлікке дейін әлі де іске жарағым келеді. Білімім мен тәжірибемді күш-жігерім барда ел игілігі үшін жұмсасам деймін.

Республика күні — маңызды мереке. Саналы ғұмырын ел игілігі үшін тер төккен сіздің осы мереке туралы айтарыңыз?

Республика күнінің маңызы өте зор. Бұл күн ата-бабамыздың сан жылдар күткен асыл арманы болатын. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданып, еліміз тәуелсіздік алуға алғашқы қадамын жасады. Сөйтіп, елдің шекарасы сызылып, тәуелсіз мемлекет болып қалыптасты. Өзіміздің Әнұранымыз көкте шалықтап, Көк байрағымыз аспанда қалықтап, мемлекеттік Елтаңбамыз елдігімізді нақтылады. Бабаларымыздың қанымен жеткен бұл күнді әр қазақ баласы ерекше қастерлеп, ардақтауғаміндетті. Мереке құтты болсын!

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

 

Ұқсас ақпараттар

Өзге елдегі Наурыз мейрамы

admin_mugalzhar

МҰҒАЛЖАР АУЫЛЫНА ГАЗ БЕРІЛЕДІ

admin_mugalzhar

ЕМБІЛІК ӨНЕРПАЗДАРДЫҢ ӨНЕРІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.