«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ӨТКЕН КҮНДЕР ЕСТЕЛІГІ

9 мамыр — Жеңістің 79 жылдығына орай ағайынды Жұбановтар музейінде жерлесіміз, соғыс ардагері Есіркеп Айпановтың құрметіне арналған «Майдангердің естелігінен» атты кездесу кеші өтті. Кешке Ембі қалалық мектептен тыс №2 Аула клубының ұстаздары мен оқушылары қатысып, майдангер әкенің өмірі жайлы қызы Жаңылған Есіркепқызының естелігін тыңдады.

Жаңылған апай әңгімесін әкесінің соғысқа 1940 жылы 18 жасында тетелес інісімен бір күнде аттанғанынан бастады. Кейін ағасы Әбіл де майданға кеткен.

-Бала болсам да әкемнің әңгімесіне құлақ түре жүретінмін. Елден соғысқа аттанған әкем қанша елдің шекарасын артқа тастап қаншама шақырымдарды жаяу жүріп, Украинаны азат етуде аянбай ерлік көрсеткен. Күннің суығы мен аптап ыстыққа қарамай, ауыр қару мен оқ дәрілерін арқалап, қанды қырғында жауға қарсы тұрған. «Кейбір ұзаққа созылған ұрыстан қажып шаршаған әскер ішерге тамақ таппай, окоп ішінде жуынды жеген күніміз де болды. Қатты бір ұрыста басымнан жарақат алып, госпитальға түстім. Алған жарақатым аса ауыр болмағандықтан емделіп шығып, жауынгерлер қатарына сапқа тұрып, қайта соғысқа аттандым. Қорқыныш дегенді ұмытып, алдымыздағы жауға қарсы қаруымызды көтеріп шықтық. Әр шабуылдан кейін ерлігіміз еленіп, кеудемізге медаль тағылатын. Бұл да шабыт беріп, санамызда қайткенде жауды жеңу деген ой тұратын», — деп әкем көбіне әңгімесін үйге келген үлкендерге айтып отыратын. «1945 жылы соғыс аяқталып, фашистердің көзін жойып, елге қайтамыз деп жүргенде, жұмысшы күші керек деп үш жылға Германияға темір жол салуға жіберді», — дегені де есімде. Әкеммен бірге соғысқа кеткен інісі із-түссіз жоғалған, ал ағасы Әбіл 1941 жылдың аяғында ішінен жарақат алып, соғысқа жарамсыз болып елге келіп, Ембі ДЕПО мекемесінде жеңіл жұмыстар атқарған, — деп бөлісті естілегімен кеш қонағы.

Қызының айтуынша, сегіз жыл тыста жүрген Есіркеп Айпанов 1948 жылы соғыста алған жарақатының зардабынан елге 2-ші топтағы мүгедек болып оралады. Елге келе салысымен еңбек жолын теміржол саласынан бастайды. №57 темір жол стансасының басқарма бастығы, Ембі стансасының бағыт бұрмалаушысы болса, кейін мүгедектігіне байланысты осы саланың жеңіл жұмысына ауыстырылып, 1987 жылы 65 жасында ауыр науқастан өмірден озады. Отбасында аяулы жары Жәми Бекболатқызымен өмірге әкелген 6 баласына тәлімтәрбие беріп өсірген. Бүгінде ұрпақтары майдангер ата рухына құран бағыштап, тағзым етеді.

Жаңылған апай естеліктерден бөтен, 1948 жылы ефрейтор Есіркеп Айпановтың атына берілген «За победу над Германией в Великой Отечественной войне 1914-1945 гг» медалін, «ІІ дәрежелі Отан соғысы орденін», «Еңбек ері медалін» және майдан даласында түскен фотосуретін музей қорына табыстады. Бұл — Жаңылған Есіркепқызының майдан даласында 8 жыл жүріп, сұм соғыста тер төгіп, жарақат алып, қан кешкен батыр әкесіне деген құрметі деп білеміз. «Аталар ерлігін ұлықтап, бейбіт күннің қадірін ұрпақ санасына ұялаты білейік», — деген тілегімен қарт ана өскелең ұрпаққа ақ батасын берді.

Анархан САМИҒҰЛЛАҚЫЗЫ, Ағайынды Жұбановтар музейінің қорсақтаушысы

Ұқсас ақпараттар

САҒАШИЛІКТЕР ДЕ ТАҢДАУ ЖАСАУҒА БАРДЫ

admin_mugalzhar

Қазақстанда АЭС қолдаушыларының саны артып келеді – сауалнама

admin_mugalzhar

ЕМБІ ҚАЛАСЫНДА ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ЖАСАҒАН ОҚУШЫЛАР АНЫҚТАЛУДА

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.