Кеше ауданға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бауыржан Қаниев пен мәжіліс депутаты Қазбек Әлішев келді. Жұмыс сапарының мақсаты — 6 қазанда өтетін АЭС салуға қатысты өтетін жалпыұлттық референдум туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу.
Кездесу барысында депутаттар атом энергетикасын дамытудың келешегін және оның елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңыздылығын талқылады. Елімізде АЭС-тің са лынуы жалпы экономиканы дамытуда үлкен мүмкіндіктерге жол ашумен қатар, таза экология үшін аса маңызды екенің атап көрсетті. Жиында сөз алған Қазбек Әлішев АЭС-тің маңыздылығына тоқталып, ел болашағы үшін өтетін үлкен науқан — референдумға барып, тұрғындарға өз таңдауларын жасауға шақырды.
Мемлекет басшысы халықтың пікірімен санасу үшін жалпы ұлттық референдум өткізіп отыр. Бұл біздің демократиялық еркін екендігімізді білдіреді. Бүгінде елімізде ғана емес, әлем бойынша энергия көзінің тапшылығы байқалады. АЭСтің салынуы осы мәселені түбегейлі шешуге жол ашады. Біздің жеріміз уран қорына өте бай. Шикізат жеткілікті. Елімізде атом саласында бірнеше жылдан бері еңбек етіп келе жатқан мамандар да жетерлік. Сол себепті алаңдауға негіз жоқ, — деді ол.
Н. КЕСІКҚҰЛ