«AMANAT» партиясы мүгедектігі бар жандарды қолдауға бағытталған «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын жүзеге асырып келеді.
Мүгедектігі бар жандардың жұмысқа тұруына көмектесу және кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында өткен шараға жергілікті мәслихат депутаттары мен аудандық аурухана, аудандық кірістер басқармасы, мансап орталығы, қалалық әкімдік, халыққа қызмет көрсету орталығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінен мамандар қатысты.
«AMANAT» партиясы Мұғалжар аудандық филиалының атқарушы хатшысы Роза Мүсенованың қатысуымен «Кедергісіз келешек» партиялық жобасының шеңберінде аудандағы нысандардың мүмкіндігі бар жандар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету, сонымен қатар жиналысқа келген тұлғалардың өтініштері мен тілектері тыңдалып, шешу жолдары қарастырылды. Атап айтар болсақ, басқосуда аудандағы белгілі нысандарға ерекше жандардың емінеркін кіруіне арналған арнайы орындардың орнатылмағандығы, денсаулығына байланысты көптеген мәселелердің бар екендігі, кәсіп ашу, мемлекеттен қандай да бір жеңілдіктер алу туралы, жұмыспен қамту, баспана мәселесі сынды өзге де маңызды тақырыптар қаралды. Жиналысқа қатысқан мүгедектігі бар жандар мәселелерін жеткізумен қатар мемлекет тарапынан көріп отырған қолдауларына ризашылықтарын да білдірді.
Шара барысында халықты жұмыспен қамту орталығының маманы жұмысқа орналасу туралы айтып, кәсіп ашуға арналған тиімді шарттарды түсіндіріп өтсе, басқа мамандар да айтылған мәселелердің алдағы уақытта реттелетінін жеткізді. Роза Мүсенова өмірге құштар жандарға жылы лебізін білдіріп, олардың қоғамда еш уайымсыз өмір сүрулеріне барынша қолдау көрсетілетінін айтып, келген жандарға сыйсияпат көрсетті.
А.МАНАСБАЕВА