«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ: ЖОСПАР. ЖҰМЫС. ДАЙЫНДЫҚ

ӨТКЕН ЖЫЛҒЫ СУ ТАСҚЫНЫ САЛДАРЫНАН ҚАНШАМА АДАМ ҮЙСІЗ ҚАЛЫП, ТӨРТ ТҮЛІК МАЛЫНАН АЙЫРЫЛДЫ. БҮГІНДЕ БҰЛЖАҒДАЙ БІР ЖҮЙЕГЕ КЕЛТІРІЛІП, ТҰРҒЫНДАР ҚАЛЫПТЫ ӨМІР СҮРУДЕ. ДЕГЕНМЕН ТОҢНЫҢ ҚАЛЫҢ ҚАТЫП, ҚАРДЫҢ КҮРТЕРУІНЕН ОРЫН АЛҒАН ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДЫҢ БИЫЛ ДА ҚАЙТАЛАНБАУЫНА ЕШКІМ КЕПІЛДІК БЕРЕ АЛМАЙДЫ. ЕНДЕШЕ, АУДАННЫҢ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БӨЛІМІНІҢ КӨКТЕМГІ МАУСЫМҒА ДАЙЫНДЫҒЫ ҚАЛАЙ? МАМАНДАР АЛДЫМЫЗДАҒЫ КӨКТЕМНІҢ ЖАЙЫН ҚАЛАЙ БОЛЖАУДА? ОСЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ СҰРАҚТАРДЫ ТӨМЕНДЕ ТАРҚАТАМЫЗ.

ТАСҚЫН-2024: ОЛҚЫЛЫҚТАР ОҢАЛДЫ

Сөзіміздің әлқиссасын өткен жылы әлекке салған қызыл судың әбігерінен бастасақ. Күзде жауын мол түсті. Арты сары аязға ұласып, жерге қалың мұз қатып, тоң тереңге кетті. Қыс мезгілінде де қар түсімі қалың болды. Ал көктемде күн күрт жылынып, еріген қар суы сай-салаға толып қалды. Өзендер арнасынан асып, жағасын жайлаған бірнеше ауылдың тұрғындарын әбігерге салғаны баршаға мәлім. Қызыл судың әлегінен Ембі қаласындағы және Жағабұлақ, Бірлік, Көтібар, Шеңгелши, Басшилі секілді ауылдардағы тұрғын үйлер суға кетіп, көпірлер шайылып, тұрғындар баспанасыз қалып, төтенше жағдай жарияланды.

Көктемгі су тасқыны кезінде аудан бойынша 76 тұрғын үйге, 8 шаруа қожалығына, 3 коммерциялық нысанға зиян келді. Ембі және Басшилі, Темір-көпір ауылдарында көпірлер құлады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында республика көлемінде ауқымды істер қолға алынды. Соның нәтижесінде аудан әкімінің ұйымдастыруымен су тасқынынан зардап шеккен әр тұрғын үй иесіне біржолғы көмек берілді. Оның жалпы көлемі — 26 млн 582 мың 400 теңге. Жағабұлақ ауылында жаңадан 9 үй, Бірлік ауылында 5 үй салынды. Жалпы аумағы 80 шаршы метрді құрайтын 4 бөлмелі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын «Айлин СтройТрейд» компаниясы жүргізді. Сонымен бірге 54 тұрғын үйдің иесі мемлекет тарапынан берілетін қаражатқа аудан орталығы Қандыағаш қаласынан және өз ауылдарынан дайын үй сатып алды. Қалған жөндеуге келетін 8 тұрғын үй иелеріне 17 миллион 450 мың теңге беріліп, үйлері күрделі жөндеуден өткізілді. Ал мал шығыны бойынша 1 шаруа қожалығының иесі мен 5 жеке тұлғаға барлығы 17 бас малға 6 млн 320 мың теңге төленді.

БЕКІТІЛГЕН ІС-ШАРА — ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС

Өткен жылы Жем өзенін жағалаған Ембі қаласы және бірнеше ауыл тұрғындарының қызыл судан зардап шеккенін жоғарыда айтып өттік. Арада жыл өтті. Осы аралықта тасқынға тосқауыл болатын дамбылар мен бөгеттер салынды ма? Біз бұл сұрақты ауданның төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мақсат Рятовқа қойдық. Ол Мұғалжар ауданының жергілікті атқарушы органдарымен және төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерімен көктемгі су тасқыны кезеніңде төтенше жағдайлардың алдын алу негізінде ауданның инженерлік іс-шаралар жоспары бекітілгенін және оған жалпы саны 8 іс-шара кіргенін мәлімдеді.

Бекітілген іс-шараларға Бірлік және Жағабұлақ ауылдарының іргесімен өтетін «Жем» өзенінің бойын нығайту, Темір көпір және Басшилі ауылдарына кіреберіс көпірлерін қалпына келтіру, Ембі қаласының және ауданның автокөлік жолдары астындағы суағар құрылыстары кеңейтіліп, ауыстыру жұмыстары кіргізілді. Ауданның инженерлік іс-шаралар жоспарына сәйкес Ембі қаласының Жанесов көшесінің автомобиль жолы астынан суағар құбырлары кеңейтіліп, қосымша су өткізу құбырлары салынды. Жағабұлақ, Бірлік ауылдары аумағында су тасқынына қарсы үйінді көтерілді. Сағашилі-Талдысай автокөлік жолының 1 және 19 шақырымдарында орналасқан су өткізу құбырлары ауыстырылды. Басшилі және Темір-көпір ауылдарының кіреберіс көпірлері салынды. ЕмбіБұлақты автожолының 38,5, 40,5 және 43 шақырымдарындағы суағар құбырлары ауыстырылды. Сонымен бірге Қандыағаш қаласындағы «Самал» ықшам ауданында суағар каналының құрылысы аяқталды. Барлық жоспарланған жұмыстар толығымен жасалды, — деді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мақсат Рятов.

КӨПІР САЛУ — «ҚАЗАВТОЖОЛ» ЖАУАПКЕРШІЛІГІНДЕ

Аудан аумағынан үш өзен ағып өтеді. Олар – Жем, Елек, Темір өзендері. Жем өзені бастауын Мұғалжар тауынан алады. Оның ұзындығы — 712 шақырым. Оның 500 шақырымы Ақтөбе облысы аумағынан өтеді. Осы өзенді жағалап Ембі, Бірлік, Жағабұлақ, Шеңгелши ауылдары орналасқан. Тасқын кезінде ең көп зардап шеккен де осы елді мекендердің тұрғындары болды. Еске сала кетейік, тасқын кезінде Ембі қаласында жалпы саны бес үй зардап шекті. Жайылған су қаланың шығыс бетінде орналасқан «Абай», «Желтоқсан», «Есет батыр», «Спортивная» көшелерін де шайып кетті. Қала аумағында тасқынның салдарынан әлеуметтік нысандар бүлінбеді.

Себебі ембіліктерді қызыл судан құтқару үшін «Ембі-Алтынды» тас жолы бірнеше жерден қолдан жырылды. Бүгінде аталған жол қалпына келтіріліп, қатынас жолға қойылды. Ембі қаласы әкімінің орынбасары Иманбай Қосмұхамбетов бүгінде «ЕмбіАлтынды» тас жолындағы су өткізгіш құбырларына орташа жөндеу, жағалауды және суағар каналын орнату жұмыстары аяқталғанын жеткізді.

«Ембі-Алтынды» тас жолындағы жөндеу жұмыстарын «HuaxiaСтрой Проект» ЖШС-і жүргізді. Аудандық тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тапсырыс берді. Құрылыс құны — 193 млн 023 мың 896 теңгені құрады. Сонымен бірге «Ембі-Бұлақты» автожолының су өткізу құбырларына да орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл жұмыстарды 140 млн 374 мың 252 теңгеге «Z tech» ЖШС-і жасады. Ал Ембі қаласы Есетбатыр көшесіндегі суағарды қайта жаңғырту үшін жобалық сметалық құжаттар дайындалды. Мемлекеттік сараптамадан да өтті. Жоба құны 126 млн 395 мың 098 теңгені құрап отыр. Қаражаттың бөлінуін күтіп отырмыз, бөлінсе осы жылдан қалдырылмай жасалатын болады, — деді Иманбай Шамахұлы.

Тасқынның екпіні Ембі қаласына кіретін жолдағы көпірді де істен шығарды. Себебі көпір тіреуіштерінің көп бөлігін мұзды сел құлатып, су шайып кетті. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жол уақытша жабылған еді. Бұл көпір Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз республикалық тас жолының 92 шақырымында, Ембіге кіреберіс жолда орналасқан. Тұрғындар біраз уақыт Батпақкөл, Құмжарған ауылдық округтерінің аумақтары арқылы байланысып, аудан орталығына қатынады. Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мақсат Рятов бұзылған көпір орналасқан аумақ «Қазавтожол» АҚ-на қарасты екенін, қазіргі таңда аталған мекеме көпірді салу бойынша қажетті құжаттамаларды әзірлеп жатқанын мәлімдеді.

Бүгіне көпір жанынан уақытша айналма жол жасалып, тұрғындар үшін жол қатынасы қалыпқа келтірілді. Бұзылған көпірді қайта салу үшін «Қазавтожол» ұлттық компаниясы АҚ-ның Ақтөбе облыстық филиалының мамандары Ембіге арнайы келді. Олар апатты жағдайда тұрған көпірдің жағдайын қарады. Тиісті сараптама жүргізілді. Алдағы уақытта жаңа көпір салынатын болады, — деді бөлім басшысы.

ЕЛЕК АУЫЛЫНАН ҮЙІНДІ ЖАСАУ – ЖОСПАРДА

Аудан аумағындағы тағы бір ірі өзеннің бірі – Елек. Мұғалжар тауынан бастау алатын бұл өзен Жайық өзеніне құяды. Жалпы ұзындығы 623 шақырымды құрайтын Електің бойында Ақкемер ауылдық округіне қарасты Жарық, Елек, Ақкемер ауылдары орналасқан. Көктемгі тасқын кезінде Көтібар ауылына баратын өзен бойындағы шағын көпір де бұзылды. Көпір уақытша қалыпқа келтірілген еді. Бүгінде бұл жерге жаңа көпір салынып, толықтай пайдалануға берілген. Көпірді қалпына келтіру жұмыстарын «ТенгриСтройИнвест» ЖШС-і жасаған. Аталған мердігер мекеме осыдан екі жыл бұрын Ақкемер-Көтібар ауылдары арасына асфальт салу жұмыстарын жүргізген болатын.

Елек өзенінің бойында орналасқан ауылдар су тасқыны орын алуы мүмкін аумақтарға жатады. Сол себепті тасқынды болдырмау үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Ақкемер ауылдық округіне қарасты Елек ауылы аумағынан топырақтан үйінді жасау бойынша жобалықсметалық құжаттамалар әзірленуде. Алдағы уақытта қаражат бөлінген жағдайда аталған жұмыстар жүргізілетін болады, — деді Мақсат Әбілтайұлы.

ТЕМІР ӨЗЕНІНЕ БҰРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Аудан аумағынан Темір өзені де ағып өтеді. Ұзындығы 213 шақырым болатын бұл өзен бастауын Бұрма ауылының жеріндегі бұлақтардан алады. Басшилі, Сағашилі, Темір-көпір ауылдарының арасынан ағып өтетін бұл өзен Батпақкөл ауылдық округіне қарасты Шеңгелши ауылының тұсында Жем өзеніне құяды. Тасқын кезінде аталған ауылдардағы көпірлерді де су шайған еді. Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы тасқынның кесірінен орын алған олқылықтардың жоспар бойынша қалыпқа келтірілгенін баяндады.

Жоғарыда айтып өткенімдей, ауданның инженерлік ісшаралар жоспары негізінде Басшилі, Темір көпір ауылдарының кіреберіс көпірлері және суағар құрылыс жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда Басшилі ауылы аумағынан өтетін Темір өзеніне құятын арна ішін тазалау жұмыстары бойынша мердігер мекеме анықталды. Бұл жұмыстарды жазғы және күзгі мезгілде жүргізу мүмкіндік болмады, себебі арна іші сулы және батпақты болды. Сондай-ақ Сағашилі ауылының «АқтөбеАстрахань» тас жолының арғы бетінде орналасқан қар суларын Темір өзеніне бұру жұмыстарын жүргізу үшін мердігер анықталды. Жұмыстар жақын арада басталады деп күтілуде, — деді ол.

АҚПАН-НАУРЫЗ: ЖАУЫН-ШАШЫН КӨЛЕМІ АРТАДЫ

Жаңа жыл басталып, қыстың екінші айы қаңтар да аяқталды. Әзірге анау айтқандай қар қалың түспеді, үскірік боран соқпады. Жергілікті тұрғындар жердегі тоңның тым қалың еместігін айтып жүр. Арамызға ақ боранын арқалап жүретін ақпан да кірді. Әдетте осы айда ақпан-тоқпан болып, бір жылдық қардың түсімі бір аптада болатын жайтты естен шығармаған абзал. Біз осы орайда мамандардан биылғы қыстағы қар түсімінің қалай болатынын сұрап, алдымыздағы көктемге қандай болжам жасап отырғандарын білдік.

Қардың түсімі бойынша қазір айту қиын. Қазіргі таңда «Қазгидромет» мекемесінің мамандары біздің ауданда елді мекендерден тыс жазық жерлерде, тау беткейлерінде қардың, жердегі тоңның қалыңдығына өлшемдерін жүргізуде. Оларды Мұғалжар ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері өтімдігі жоғары техникамен тасымалдауда. Мамандар ақпан және наурыз айларында қар түсімі мен жерге түскен тоңның өлшемдерін жүргізетін болады. Мамандар әр ай сайын қорытындыларын бізге ұсынады. Біздер сол өлшемдер арқылы қардың және жердегі тоңның қалыңдығын біліп, шешім қабылдаймыз. Өздеріңіз білетіндей, қардың көп мөлшерде түсуі ақпан және наурыз айларында күтіледі. «Қазгидромет» мекемесінің мамандарының ақпан айына берген ауа-райы болжамы бойынша жауын-шашын көлемі нормадан жоғары болады. Жаңбыр және лас қар ақпан айының бірінші, екінші он күндігінің ортасында түседі. Қар бірінші он күндіктің басында және аяғында күтіледі, — деді Мақсат Рятов.

ЖАУАПТЫ ЖАНДАР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА ДАЙЫН БА?

Мамандар ақпан-наурыз айларында жауын-шашын мөлшерінің көп болатынын айтуда. Халқымыздың «Сақтансаң, сақтайды» деген даналығы аудан атқа мінерлерінің қаперінде жүруі тиіс. Әрине, бетін аулақ қылсын! Дегенмен өткен жылғыдай төтенше жағдай орын алып, қызыл судың тағы да әбігерге салмауына кепілдік жоқ. Осы жағдайға жергілікті билік өкілдерінің дайындығы қалай? Қажетті құралжабдықтар, инертті материалдар дайындалған ба? Мақала дайындау барысында бұл сұрақтарды жауапты мамандарға жолдап, азық-түлік қоры мен адам қабылдау пункттерінің жағдайын да сұрадық.

Мұғалжар ауданы әкімінің шешіміне байланысты аудандық азаматтық қорғаныс қызметтері құрылған. Әр қызметтің өздерінің атқаратын міндеттері айқындалған. Төтенше жағдай орын алған жағдайда аудандық ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімімен аудан көлемінде орналасқан азық-түлік, тамақтандыру орындарымен ниет шарттар жасалынды. Аудан көлемінде азық-түлік қоры жеткілікті. Төтенше жағдай орын алған кезде зардап шеккен халықты көшіру бойынша қабылдау пункттері де қарастырылған. 2024 жылдың су тасқыны кезінде Жағабұлақ ауылында су басқан аумақтан 182 адам СНПС «Ақтөбемұнайгаз» АҚ-на қарасты жатақханаларға көшірілді. Аудан әкімдігінің және СНПС «Ақтөбемұнайгаз» АҚ-на қарасты жатақханаларын көшіру орындары ретінде қарау бойынша екіжақты келісім жүргізілді. Ауданда су тасқынына қарсы инертті материалдар қоры, құм толтыратын қапшықтар қоры, су соратын мотопомпалар, тоқ беретін генераторлар т.б. құрал жабдықтар дайындалды, — деді төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы.

Мақсат Рятов өткен жылы тасқын кезінде төтенше жағдайлар бөліміне тиісілі қайықтардың мұзға соғылуы салдарынан зақымдалғанын айтты. Биылғы жылы аудан бюджетінен қаражат бөлініп, ауданға моторлы темір қайық тіркемесімен сатып алынған. Сондай-ақ резеңке қайықтар да жеткілікті екен.

ҚАУІПСІЗДІК БӘРІНЕН МАҢЫЗДЫ!

Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мақсат Рятов осы жылдың 15 наурызы мен 15 сәуірі аралығында аудан көлемінде көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша қауіпсіздік айлығы өткізілетінін мәлімдеді. Себебі тұрғындар осындай жағдайларға дайын болуы, орын алған кезде не жасау қажеттігін білгені өте маңызды.

Қауіпсіздік айлығы кезінде аудан тұрғындарына су тасқыны кезінде қалай іс-әрекет ету, эвакуация тәртібі, өз тұрғын үйлерін, шаруашылық құрылыстарын су басқан кездегі іс-әрекет тәртібі түсіндірілетін болады. Бізге қай уақытта да қауіпіздік маңызды. Қандай жағдай болмасын алдыңғы шепте құтқарушылардың жүретіні сөзсіз. Сол себепті де біздің мамандар үнемі өздерін жетілдіріп, оқужаттығу жұмыстарын жасайды. Бүгінгі таңда аудандағы төтенше жағдайлар бөлімінде 48 құтқарушы қызмет атқарады. Оның 35-і Қандыағаш қаласында, 13-і Ембі қаласында тұрғындардың қауіпсіздігі үшін елеулі еңбек етуде. Олар тәуліктің кез келген уақытында құтқару жұмыстарына шығуға дайын. Бөлімде 5 негізгі, 5 арнайы, 4 қосалқы техника бар, — деді Мақсат Әбілтайұлы.

Бөлім басшысы ауданға әлі де өрт сөндіру техникалары қажеттігін тілге тиек етті. Айтуынша, осы жылы облыс әкімінің тапсырмасымен жаңа техника келеді деп күтілуде.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

 

 

 

Ұқсас ақпараттар

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент сайлауына қандай ұйымнан қатысатынын айтты

admin_mugalzhar

Казахстан в рейтинге экономической свободы 2020 занял 39 место

admin_mugalzhar

Ералы ТОҒЖАНОВ: «Журналистер көтерген бірде-бір мәселе назардан тыс қалмайды»

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.