БІР АЙ БҰРЫН АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БӨЛІМІ МАМАНДАРЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН ТІЛ САЯСАТЫН ІСКЕ АСЫРУ ЖӨНІНДЕГІ АУДАНДЫҚ КЕҢЕСШІ ТОБЫНЫҢ МҮШЕЛЕРІ ҚАЛА АУМАҒЫНДАҒЫ ТАМАҚТАНУ ОРЫНДАРЫН АРАЛАП, ТҰТЫНУШЫЛАРҒА ҰСЫНЫЛАТЫН АС МӘЗІРІНІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ БОЛУЫ КЕРЕКТІГІН АЙТЫП, ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗГЕН ЕДІ. ЖҰМЫС ТОБЫ АРАҒА УАҚЫТ САЛЫП АЙТЫЛҒАН ЕСКЕРТУЛЕРДІҢ ҚАНШАЛЫҚТЫ ДЕҢГЕЙДЕ ОРЫНДАЛҒАНЫН ТЕКСЕРУ МАҚСАТЫНДА ТАҒЫ ДА ТАМАҚТАНУ ОРЫНДАРЫНА БАРДЫ. СОНЫМЕН НЕ ӨЗГЕРДІ? ТАЛАП ОРЫНДАЛДЫ МА? БҰЛ ТУРАЛЫ ТӨМЕНДЕ ТАРҚАТАМЫЗ.
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ МӘЗІР: ЖАҒДАЙ МӘЗ ЕМЕС
Жұмыс тобы өткен жолы түсіндірме жұмыстарын жүргізу барысында тамақтану орындарынан мемлекеттік тілде жазылған ас мәзірін таппады. Барлығы дерлік орыс тілінде жазылған болып шықты. Бұл көріністен кейін әлемдегі ең бай үшінші тіл саналатын қазақ тілінің жағдайын көріп, жүрегіміздің сыздағаны жасырын емес. Есігінен кіріп қазақша мәзір сұраған бізге мейрамхананың әкімшісі: «Қазақ тіліндегі мәзірлер түсініксіз, келушілер түсінбейді», — деп айды аспаннан бір шығарғаны бар.
Ауданда жалпы саны 65 мыңнан астам халық тұратын болса, соның 60 мыңы қазақ. Бұл — аудандық статистика бөлімі берген нақты ақпарат. Сонда өз тілінде жазылған ас мәзірін түсінбей жүрген осы қазақтар болғаны ма?..
Еліміз тәуелсіздігін алғалы 35 жылға жуықтады. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі артып келе жатқанымен, қолданылу аясында әлі де кемшін тұстары бар. Оған осы тексеріс барысында анық көзіміз жетті. Жә, ол жолы жұмыс тобы мейрамхана иелеріне ескерту жасап, аталған олқылықтарды түзеуге 21 күн көлемінде уақыт беріп, егер орындамаған жағдайда айыппұл салынатынын ескерткен еді.
СЫЛТАУ КӨП, СЕБЕП ЖОҚ…
Арада бір ай уақыт өтті. Қазақ тілінің қолданысын кеңейту мақсатында құрылған жұмыс тобы тамақтану орындарының есігін қайта қағып, ас мәзірін тағы тексерді. Бұл жолы біз барған кафе иелері алдындағыдай емес, қазақ тіліне иліккендей сыңай танытты. Көпшілігі қазақша ас мәзірін дайындатып жатқандарын жеткізді.
Алдымен қандыағаштықтар көп жиналатын «Айша» кафесіне бас сұқты. Бұл жердегі әкімші Әсем Шакирова жасалған ескертуден кейін мәзірді қазақшалау үшін Шымкент қаласына тапсырыс беріп қойғанын айтып, дайындалып жатқан нұсқасын ұялы телефоннан көрсетті. Шын мәнінде мәзір жасалып жатыр екен. Тағамдардың аттары мен құрамы қазақшаланыпты. Дегенмен кейбір сөздердігі қателіктерді көріп, түзеуге ұсыныс жасалды. Айталық, ыстық тамақтардың қатарында тұрған «Ташкентский палау» деген жазу көзге түрпідей көрінді. Ал бұл «Ташкент палауы» деп аталуы керек. Осындай қате аудармалар тіліміздің шұбарлануына әкелуде. Тіпті кейде кейбір сөздердің қазақша нұсқасы жоқ секілді толғаныс тудыратыны да жасырын емес.
—Бұл жалпы жақсы бастама болды. Біз де сіздердің жасаған ескертулеріңізден кейін ас мәзірін жаңалап жатырмыз. Кейбір сөздерді қазақшаға аудару қиындық туығызуда. Әсіресе еуропалық асханалардың кейбір тағамдарының аттарын қазақшаға аудару мүмкін болмай жатыр. Айталық, «альфредо фетучини», «рамен» тәрізді тағамдардың аттарын қалай аударарымызды білмедік. Сонда да қазақ тілінде мәзір жасауға тырысудамыз, — деді «Айша» кафесінің әкімшісі Әсем Шакирова.
Еуропалық тағам аттарын қазақшалау міндетті емес екенін айтқан аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің жетекші маманы Мейрамгүл Жұманбетова көрсетілген тағам құрамы да таза қазақ тілінде жазылуы қажеттігін ескертті.
—Иә, қазақ тілінде термин сөздер өте көп, олар аударылмайды. Терминдер тамақтану саласында да көп. Айталық, рамен, паста, суши, пиде, пицца секілді тағамдарды аудару мүмкін емес. Бұл тағамдарды әлем елдері осылай атайды. Сондай-ақ, аспаз өзі ойлап тапқан тағамына ат қояды. Мысалы, «бефстроганов», «хачапури», котлет секілді тағамдар мен «оливье», «ачичук» секілді салаттарды атауға болады. Бұл тағамдардың аттарын сол күйінде қалдырып, құрамын таза қазақша жазу керек, — деді Мейрамгүл Жұманбетова.
— Осы уақытқа дейін бұл мәселе көтерілмеген еді. Негізі жақсы бастама. Біз ас мәзірін қазақшалаудан қашпаймыз. Барлық кемшіліктер түзетіліп, келушілерге қазақ тіліне қызмет көрсетуге дайынбыз. Сіздердің тараптарыңыздан сөздерді дұрыс, әрі сауатты аударуға көмек көрсетілсе, жақсы болар еді. Себебі біз кейбір көкөніс түрлерінің қазақша аудармасын таппай қиналамыз, — деді «Карамель» дәмханасының жауапты өкілі Айдарбек Самрат.
Бұл ұсынысқа тіл саясатын іске асыру жөніндегі аудандық кеңесші тобының мүшелері аударма бойынша тегін көмек көрсетуге дайын екендерін айтып, қажет болған жағдайда «Termincom.kz» деп аталатын сөздік сайттан аудармаларды қарауға болатынын мәлімдеді. Бірнеше дәмхананы аралап, қазақша ас мәзірін таппай, салы суға кеткен кеңес тобы «Ақтілеу» кафесіне бас сұғып, ас мәзірін қарады. Бұл жерде барлық тағам түрлері мен құрамдары мемлекеттік тілде жазылыпты. Заңға бағынып, талапты дер кезінде орындаған дәмхана басшылығы жоғарыда аталған тамақтану орындарының иелеріне үлгі боларлықтай-ақ.
ЗАҢДЫ ЕЛЕМЕУ – ЖАЗАҒА ӘКЕЛЕДІ
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған еді. Бұл құжатта барлық маңдайшаларды, жарнамаларды, баға белгілерін, мәзірлерді, жол белгілерін және басқа да объектілерді міндетті түрде қазақ тілінде жазу міндеттелген. Ал қажет болған жағдайда қосымша басқа тілдерде, атап айтқанда, орыс және ағылшын тілдерінде жазуға болады.
—Кафе-мейрамханаларда ас мәзірін қазақ тілінде жазу талабы мен қызмет көрсету нұсқаулықтарының қазақша болуы тұтас ел көлемінде көтеріліп отырған мәселе. Тіліміздің қолданысын кеңейтіп, сұранысқа ие қылу — бәрімізге ортақ міндет. Тіл туралы заңдылық сақталмаған жағдайда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы Кодексінің 75-бабының 3 және 4-тармақтары бойынша, деректемелер мен көрнекi ақпаратты орналастыру жөнiндегi талаптарды бұзу — ескерту жасауға әкеп соғады. Ал әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бір жыл ішінде сол әрекет қайталанған болса, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 10, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 25 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады, – деді Мейрамгүл Қонысбайқызы.
Түйін
Сонымен… Мемлекеттік тілдің аясын кеңейту үшін жасақталған жұмыс тобы мәзірді қазақшалаймын деп сендірген тамақтану орындарының иелеріне тағы да он күн көлемінде уақыт берді. Үлкен істер кішкентай қадамнан басталады. Ендеше, ас мәзіріндегі жартылай қазақ, жартылай орыс тіліндегі дүбәра сөздер мен түсініксіз аудармалардың және көз сүрінетін грамматикалық қателердің жөнделуін талап ету – бүгінгі күннің қажеттілігі .
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ