Беу, дүние-ай! Міне тағы бір күн келді. Кімдерді қуантар екен? Ертең бір күн батады, кімдерді мұңайтады екен? Бұл фәни дүние – қас-қағым сәт пе? Белес пе? Әлде бір көрген түстегі елес пе? Қайдам. Әйтеуір бір кем дүние. Атқан таңмен қарбаласып, жаңарған күнге жаңа талпыныс ашылып жарқылдаған арман басталады. Таңға жеткен адам беймәлім қуаныш пен жақсылықтан үміт күтеді. Осылай тіршілік жалғаса береді, жалғаса береді. Бірақ, өмір заңы қатқыл. Оның да өлшемі бар ойға сыймайтын. Сағыңды сындырып, санаңды өшіріп, көкірегіңді қиратып кететін тұстары қаншама?! Өмір деген осылай, орғи-орғи өтеді. Тарпаң дүниенің тақтасына өзіндік ізін қалдырып Азамат та өтті бұл өмірден. Арманын көкірігіне түйіп, ешкімге өкпе-назын артпай, зіл көрсетпей, мезгілсіз кетті…
Жақсының жолы ашық, жарығы алысқа түсетіні хақ. Азамат мінезге бай, нағыз жібек жанды жігіт болып ер жетті. Жастайынан өте тәлімді болды. Болмысы мен тағылымы бөлек, көкірегі кең ақжарқын болды. Дос, ағайын, көрші десе, олардың балаларының үлкен-кішісіне қарамай, омырауын ашып, жүгіріп келіп құшақтап амандасатын. Азаматтың жас та болса елін сыйлап, жұртына қайырымы жарасып, даралығы даналыққа ұласқандай ерекше, бір төбе болып жүрген уақыттары әлі күнге дейін естен шығар емес. Жанұялы болды. Мазмұнды, мәнді, сәнді ғұмыр кешті. Жанат екеуі бір-біріне сүйеу болып, барша көршілерінің ортасында бағасы жоғары, адамдық пен адалдықтың үлгісін көрсеткендей із қалдырғанын көрдік.
Кейбір адамдар айналасына түнек орнатып, кең дүниені тарылтып, мазасын алып жүрсе, екіншісі – төңірегіне нұр шашып, қасындағыларды қанаттандырып, өзімен тең санап, күндей жарқырап жүретіндер болады. Міне, тап осындай көңілі бұлақтай таза, достарының бәріне жолдас, бауыр бола білген Азамат осындай еді. Көңілі телегей теңіз, жады мен түйсігі зерделі, пайым-парасаты өте жоғары Азамат баламыздың бүгінде ортамызда жадырап жүрмегені арқаға аяздай батады. «Қашан көрсең де айналасына шапағатын төгіп, күлімсіреп жүретін Азаматтың артынан бір ауыз жылы сөз жаза алмадымау», — деп қиналғаныма қаншама уақыт болды. Тым болмаса бір мәрттігін айтсам екен деген ойым әлем-жәлем. Санаң сағымдай еседі, бірақ шабыт жоқ. Өзің сыйлап, жақсы көрген адамың туралы жүрек жарды жазба қалдыру үшін мүмкін, сағыну керек шығар. Міне, бүгін Қандыағашқа келе жатып, күре жолдың сол жақ жиегіндегі қорымға бас бұрып, қойны суық қара жерде жатқан Азамат баламның әлі де суып үлгермеген бейітіне келіп, құран бағыштап отырмын. Көңіл зарлайды, санаң ойлайды.
Ей, Азаматым-ай, тумысыңнан бөлекше едің. Көрші-көлем, қатарың, үлкен мен жас түгелдей сені жақсы көретін. Сенімен бірге болғысы келетін. Бірталай болды-ау. Сендей жанға бұл обалдық. Бірақ, қайтейік, иманды бол! Естисің бе мені? Сен туралы есімдегілерді қағазға түсірейін, көтерші менің рухымды, ашшы менің шабытымды. Сен бұл дүниеден өтті дегенді естігенде, бүкіл отбасымыз қиналдық. Еріксіз көзге жас келді. Өзің де еркелеп, бірге ойнап жүретін көрші балаларға дейін көздері жаутаңдап, күйзелгенін көрдім. Сен бұл опасыз дүниеден кеткен күні асқар тауың – әкең Аманжолға келдім. Екеуміз де өксігімізді баса алмай көп жыладық. Иә, бұл жақсыңнан айрылған қайғылы адамның қиналысы еді. Әкеңе айтым: «Әбеке, өксігіңді бас. Дөңгеленген дүние бір орнында тұрмақ емес. Диірменнің тасы секілді ол тоқтаусыз айнала береді. Бұл дүниеде әркім әртүрлі өмір жолын өткізеді. Бірақ төрт құбыласы түгел, бауыры бүтін пенде сирек. Сен жалғыз емессің. Ел бар, жұрт бар. Бәрі де бұл іске ортақ, қайғылы.
Бүгін сенің басыңа түскен қайғы ертең келесі біреудің төбесіне орнап жатады. Сендегі жан жарасы жазылып қалған шақта, басқа біреу ойсырап жатады. Тірлік шындығы осы. Қайғы мен қуаныш әрбір пенденің басында болатын кезеңдер. Тек ол барлығына бір мезгілде, бір жағдайда келмейді, кезегімен. Құшақтасаң құшағың толатын, қарасаң көзін тоятын, бауыр еті балаң еді. Көз алдымызда өсті. Азамат бізге де бөтен емес. Сенің қайғыңа ортақпыз. Сабырлы едің ғой, басыңды көтер. Азамат енді шырқау биікке кетті, биопадан өтті. Бәрі де көзді ашып жұмғандай болды ғой, бұл жалған дүние», — деп Әбекеңе басу айттым.
Азамат 1974 жылы күзде дүниеге келді. Атам қазақ көршілік қағидаға мықты мән берген. «Үйің үй екен, көршің қандай» деген де сөз бар. Жалпы біз, Аманжол мен Қүләштің отбасы, менің жанұям, тағы да басқа шынайы қарымқатынастағы көршілер болып қалыптасып, 50 жылдай Қандыағаш қаласы, Гагарин көшесінің бойында, айналасы басқа үйлерге қосылмайтын, бір бөлек, жерұйықтай шағын жерде он шақты отбасы мекендеп, дәм-тұзымыз жарасқан тату көрші болдық. Сол жерде біз Аманжол екеуміз және Төлеген Байкунов, Көшкінбай Шынбаев, Ермек Өксікбаев, Жанділла Нұрмағамбетов, Омаш Өмірбаевтар әулеттері көршіліктің сән-салтанатын бірге көрдік. Қызықты күндер, қуанышқа толы айлар мен жылдар зырғып, ағып өте шыққанын байқамай да қалдық. Ол кездері жаспыз, орда бұзар отыз жасты омыраулап бәріміздің де той-жиын, қонақтық, бас қосу болса лыпылдап тұрған кезіміз ғой. Ортамыздағы бәріміздің сүйікті баламызға айналған Азаматты қырқынан шығару рәсімін Әбекең мен Күләш тойлатып өткізгені есімде. Бір аулада тұратын көрші әжелері, Жәнділдәнің жұбайы Дина бар, Көшкімбай Шынбаевтың әйелі, көрші апай біздің Роза бар. Не керек, бәрі Азаматты рәсімді суға шомылдырамыз деп ырым жасауға кіріскенде, Аманжолдың бұндайда ойы өзгеше ғой. «Ей, айнала қуанышпен қаумаласып жатқан әжелері.
Ықыластарыңа рахмет. Ризамын. Рұқсат болса, Азаматтың бірінші суға түсіруін, қазақи ит көйлегін алмастыру салтын өзім атқарайын. Қалай қарайсыздар?» — деді. «Болады, болады Аманжолдың бұл ырымда өз есебі болар», — деп әжелері де риза болғанына куә болдық.
Қазақ дәстүрінде халқымыз нәрестенің қырқынан шығару рәсіміне айтарлықтай көңіл бөліп, тойлатып өткізіп отырған. Мен өзім тумысымнан елгезекпін. Азамат сәбиді қырқынан өткізгелі жатыр дегенді естігенде, жүрегім алып-ұшып: «Азаматқа ерекше, есте қалатындай сыйлық іздейік», — деймін баяғы біздің үйдің отанасы Розаға. Роза айтады: «Аманкелді, сен өнерден де хабарың бар. Сөзден де кемде емессің. Қол шеберлігің де бар, сен осы сапар шеберлігіңді көрсет.
Азаматқа ержеткенде нағыз ескерткіш болсын, әшекейлеп, бар ықыласыңмен, дүкенде сатылмайтын, ешкімнің қолынан келмейтін кішігірім домбыра жаса. Міне, осындай сыйлық Азамат өскенде қарап таңырқайтын ерекше сыйлық болады», — деді. «О, болды, тауып айттың. Қолымнан келеді, жасаймын мұны», — деп Розаның айтқанымен дереу іске кірістім. Бірінші күні аспапқа керекті материалды дайындап, үш күндей, ештеңеге алаңдамай домбыраны жасап болып, оюөрнегін әшекейлеп, қоңыр дыбысы күмбірлеген, сахнада қазақи әннің арқауы болатындай домбыраны сәби Азаматтың өмір жолына ақ тілеумен сыйға тарттым.
Күләш пен Аманжолдың да көңілдері көктемдей риза болғаны әлі есімде. Көршілер де мәзмейрам болып жатыр. Содан бері қаншама жылдар өтті. Бір жылдары, ұмытпасам 2014 жыл болу керек, қандай қонақтық екені де есімде қалмапты, «Аман, мынау баяғыда Азаматқа сен жасап берген домбыра», — деп Әбекеңнің көрсеткені. «Ойпырмай, Әбеке, мына домбыраны жасаған мен де мықты екенмін. Аспапты тап сол күйінде, керемет жәдігердей сақтаған сен де мықты екенсің! Мынандай қолөнер туындысын әдемілеп сақтап, ескерткіш қылғаның әркімнің қолынан келе бермейді, ықыласыңа рақмет», — деп Аманжолдың осы бір ұқыптылығына риза болып, домбыраны қолға алып, бір ән шырқап бергенім есімде. Азаматтың бақытты балалық шағы да зымырап өте шықты. Мектеп табалдырығынан аттағанының өзі бір қуаныш. Жақсы оқып, тәрбиесі мен тәлімін Қандыағаш №1 орта мектепте алды. Жалпы Азамат көптің ортасында ерекшеленіп тұратын. Оның ешбір риясыз жымиып, күліп амандасуының өзі жасынан қалыптасқан қағида. Ең негізгісі, өте тәртіпті ұстамды болып ержетті.
Көп ұстаздарының бірі Роза Нұржанқызы: «Азаматтың сабақта отырғанының өзінде бір белгісіз, ерекше қасиет бар еді. Онда бүгін сабаққа дайын емеспін деген ой мүлдем болмайтын. Азаматтың әр сабаққа деген құштарлығы, қызығушылығы бізді таңғалдыратын. Өте ақжарқын, ашық көңілмен аспай-саспай ойын ұғымды жеткізе алатын зерек еді», — деп айтып отыратын.
Азамат дүниеге келіп, әулетін ұмтылмастай қуаныш пен шаттыққа бөленуінің өзі шаңырақ тарихындағы бір үлкен белестей болғанын көрдік. Бүкіл көршілер Азаматтың шілдеханасында кездесіп, той тойлап, ән мен күйдің айдынында қалықтағанымыз әлі есімде. Құйттақандай Азаматты әкесі Аманжолдың алғашқы кіндік суына шомылдыру рәсімінің өзі бір хикая. Аманжолдың әкелік қуанышында шек жоқ. Өзі дәрігер болғасын болар, шарана сәбиді бізге ұстатпақ түгілі жамылған шүберекті ашып, бетін бізге көрсеткісі жоқ. Шілдехана өтіп жатыр. Көңіл көтеріңкі. Айнала отырған көршілердің бәрі: «Баланың бауы берік болсын, атына заты сай болып өссін», — деген тілектерін жаудырып жатыр. Менің осындайда алып-ұшқан көңілім бостаңдау. Мінез ғой енді. Шынайы көңілді жасыра алмайтын бір әдет, әйтеуір. Баланы көтеріп тұрған Әбекеңе айтам: «Әбеке, баланы суға түсіріп, орап алдың. Көрсетсейші енді деймін», — еміреніп. Аманжол: «Жоқ, көрсетпеймін. Сенің көзіңнің нысанасы бар», — деп әзер де безер болады. Мен: «Ау, мына қызықты кештің үстіндеміз. Баланың бетін ашып көрсетсейші, тым болмаса аяғынан ұстатшы. Қырыққа да жақындап тұрмыз, ырым болсын. Мүмкін мен де қуанышты болармын», — десем. Әбекең айтады: «Аманкелді, айттым ғой саған. Неше алуан тамақ іштің, ақаңды да ұстадың. Бар қолыңды жуып, көрімдігіңді ала кел. Болмадың ғой сосын көрсетейін», — деп жайраңдап күлгені әлі көз алдымда.
Міне, біз сондай едік. «Риясыз достық қарым-қатынасымызды, сыйластықпен өткен дәуренді күндер-ай», — деп бүгінде тамсана еске алатынымыз да бар. Жалпы «дос құшағы — жаз» дегендей, Азаматтың жасынан досқа, жолдасқа деген мейірімі бөлек болды. Көпшіл еді, достарымен тілеулес болды. Бірге өскен көрші балалар арасында өте кішіпейіл, оларға даусын көтермейтін. Ақжарқын, тек өзіне жарасқан көңіл келбетімен бар жағдайды жайғастырып жүретін. Мына тынымсыз дүниеде адамға шаттық сыйлайтын, мейірім шапағатына бөлейтін, адами қасиетіңді арттыратын бір нәрсе бар. Ол — үлкенге, бауырға деген ықылас. Азамат қазақы, текті тәрбие көрді. Туған-туыстарын сыйлады. Мінезінде екі сөйлемейтін, бір кесіп айтатын кісілік қасиет болды. Апасы Ләззатты, ағасы Ерболатты ерекше сыйлады. Әке мен ананың сөзін тыңдады, ақылын іске асырды. Әкесі Аманжолдың іні-қарындас бауырларының бәрін аса құрметпен ардақтап жүретін. Қамқорлық жасаудан жалыққан емес. «Өмір суреттері өткен кезеңдер емес, есте қалған күндер» дейді. Жанат екеуінің арман ойы мен тілегі бірлескен жандар болды. Осындай қимас достықтың үстінде жұп құрып, үлкен шаңырақты қуанышқа бөлеп, ұрпағы келді дүниеге. Ұлы Абылай ер жетті, қызы Іңкәр бой жетті. Балаларының бәрі әкесіндей армандаған мақсатына жету үшін білім алып, өмірдің үлкен жолына түскені қуаныштың жалғасы емес пе?! Азамат ержете келе керуеннің алдыңғы қатарында болды. Нар тартқандай жүкті көтере жүре адал еңбегімен абырой-атаққа ерте ие болды.
Ол істеген ісін саудаға салмайтын, өсек-саяқтың базарында болмайтын, кісілігі ерекше жаралған жан еді. Қандыағаштағы «СпецУТТ-ның» жабдықтау бөлімін басқарып, қайнаған қызметтің ортасында жүріп бастығының тапсырмасымен қаладағы «Нұртай» мешітін салған жылдарда қайыспай қызмет атқарғанын барша жұрты біліп тамсанатын. Қайнаған еңбек жолында оның адамдығы мен адалдығына, кішіпейілдігі мен мейірімділігіне, қайырымдылығы мен байсалдылығына риза болмаған жан жоқ шығар, сірә.
1990 жылы Жамбыл Гидромемморативтік жоғары оқу орнын бітіріп келген жылдары да ештеңеге алаңдамай, кейбіреулер сияқты айналасына жалтақтамай, бұрыннан осы ұжымға жұмыс жасап келе жатқандай ортаға тез сіңісіп кеткенін қалай айтпассың. Қатарластарының ортасында оның шоқтығы биік екені етенеден байқалып тұратын. Сөйлескенде де үні жұмсақ, құлаққа жағымды, кең құшағын айқара ашып, «Аман аға, ассалаумағалейкум», — деп құшақ жая амандасып, мөлдірдей жақындық көңілін білдіру оның әдеті емес, ата-бабасынан қалған тәлім-тәрбиенің белгісі еді. Тіршілік талабымен институтын бітіргеннен кейін үлкен мұнай-газ мекемесінің экономикалық даму бөлімін басқарды. Қиналдым деп айтпады. Шаршағанын білдірмейтін. Қандай жағдайда да қиындықта жүргендерге қимастық қол сараңдығын көрсеткен жан емес. Ата-дәстүрден жалғасып келе жатқан қайырымдылық тек қана оның міндетіне беріліп қойғандай, қамқорлығы барша жұртқа бірдей еді. Мына дархан дүниеде адамзатқа шаттық сыйлайтын, мейірім шапағатына бөлейтін, адами қасиеттеріңді өсіретін нәрсе — мейірбан көңіліңді тасытпайтын, жүрегіңе алау болып маздайтын үлкен достық қасиет. Сол достық қасиетті өмірінің жалауы, тіршілігінің символы етіп әлпештеп өткен бірден бір тұлға осы Азамат десем, жаңылмаспын. «Алла тағала адам баласын жұмаққа кіргізгісі келсе, оған алдымен мінез береді екен» деген сөз бар. Демек, жақсы мінез сірә, құдайдың сыйы болар.
Ешкімге ызғар артпайтын. Оның қанағаты күшті болды. Кәсіп ашты, бірақ байлық қумады. Құдайдың өзі оған берді. Нәсібін тұрмысы төмен адамдармен бөлісті. Ол мұқтаждықпен алдына барған адамдарды кері итерген жоқ. Бергенін жария қылып мақтанған да емес.
Бірде белгісіз бір мүгедек, жүре алмай, жар жағалап келе жатқан қарияны көріп, оған ағалап сәлемін беріп, машинасына мінгізіп, үйіне апарып, тұрмыс жәйін көрген ол: «Аға, ештеңеден қысылма, бір-екі жетіде шауып жүретіндей арба әкеліп беремін», — деген екен. Айтқанындай, 5-6 күнде ана кісіні әкелген арбасына отырғызып, сауабы мен батасын алып, «жеңілденіп қалдым» дегенін осы оқиғаға куә болған жолдастарынан еститінбіз. Міне, мәрттік, мейірімділік деген осы. Бірде 2017 жылғы қара күзде аудандық әкімдік аппаратынан телефон соғып: «Аға, қалада үлкен жаңалық болайын деп жатыр. Жергілікті кәсіпкер Азамат Адаев Қандыағашта «Керуен» атты жабық азық-түлік базарын халық игілігіне тапсырайын деп жатыр. Басқалар мен қатар сізді осы жабық базардың ресми ашылу салтанатына шақырамыз», — деді. Әрине, қуанышты хабар және Азаматты жастайынан «Азик» деп еркелетіп, осы баланың әрбәр қадамына ақтілеу тілеп жүрген көршілері мен ағайын-тумалары бар, бәріміз де қуанып қалдық. Алдында, жаз айының бірінде кездескенде: «Аман аға, шаруашылығым жаман емес, жайлап жылжып, алға ұмтылып келе жатырмын. Бірталай несиеге кірдім, бірақ осы ғимаратты тұрғызып, тездетіп бір игілікке жаратсам», — деген. Әрине, тіршілігіне риза болып, қуанып тұрмын. «Шаршаңқырап жүрсің-ау, демалып-демалып, алға жылжи бер, айналайын», — дедім. «Аман аға, өзің білесің ғой. Осы Қандыағашта қырым-сырым өткелдердің бәрінен өттіңіз. Енді маған тоқтауға болмайды, рынок заңы қатал. Әйтпесе, шетте қалып қою «шесть секунд», — деп жымыйғаны әлі есімде.
Адам баласы әртүрлі ғой. Кейбіреулердің келбеті мен кескін кейпінде мен мұңдалап өзіңді тартып тұратын ерекше бір табиғи күш болады. Міне, Азамат тумысынан осындай сырбаз, шалқаю дегенді білмейтін, жағымсыз пейілден аулақ, мақпалдай мінезі өте жасампаз еді. Бұл тіршілікке Алла тағала оны қимады ма, қайдам, көзден ғайып болды. Ортамызда ержетіп, барша жұртының жанашыры болып жүрген сырықтай жігіт жұлдыздай ағып өте шықты. Әрине жаның ауырады, күйзелесің, қиналасың. Сонымен жабық базардың салтанатты ашылу рәсіміне келдік. Салтанатты ашылуға шақырылған халық қара құрым. Ғимараттың іші атшаптырым, кең. Базардың сөрелері азық-түлік тауарларына лық толы. Күз айы ғой, далада бетті қаритын аяз, атан түйені құлататындай жел еді. Базардың іші мұнтаздай таза, ғимараттың биіктігіне де байланысты шығар, ауасы да тап-таза екен. Не керек, жергілікті сатушыларымызға қолдан келген жағдайдың бәрі жасалған. Ет, сүт тағамдары, көкөніс, тағы да басқа азық-түлік тауарларының әрқайсысына бөлек-бөлек сөрелер жасалған. Санитарлық нормалар талаптары да ойластырылып, ет павилонына бөлек үлкен зал бөлінген екен. Халықтың қуанышында шек жоқ. Айтуға оңай, бірақ бұндай зәулім ғимаратта жабық базар ашып, барлық жағдайды қарастырып, жергілікті сатушыларға алғашқы 3 ай бойы еш жарна төлетпей, тауарларын сатуға мүмкіндік беру — екінің бірінің қолынан келе бермейтін мәрттік. Салтанатты жиынды сол кездегі аудан әкімі көңілінен шыққан, толғанысқа толы құттықтау сөзімен ашты.
«Осындай бала тәрбиелеп өсіріп, еңбекке баулып, оны қоғамның сан-алуан сын жолдарынан өткізу — көп ата-ананың қолынан келе бермейді. Ел ішінде көптің бірі болмай, кісілік болмысымен қоғамның тынымсыз ортасында, ешкімге иек артпай, кәсіби талабын ортаға салған Азаматтай атымтай жомарт жанға алғысымыз шексіз. Бастаған кәсібіңнен берекет тап», — деп аяқтады Ербол Данағұлов.
Аудан басшысы жабық базардың салтанатты лентасын қыюды Аманжол қажы мен маған тапсырды. Базар ішінің жарын жағалай ұзыннан жасалған дастарханнан дәм татып отырып, Азаматқа жаңадан баспадан шыққалы жатқан көлемді «Қалмаққырған» атты көркем-әдеби кітабымның мұқабасын көрсетіп: «Азамат, айналайын, талабың құтты болсын, кәсібің берекелі болсын. Мына кітабымның ең бірінші данасын саған арнаймын. Бұл кітап осы қуанышыңның куәсі болсын, аман бол», — дегенім сол еді. «Не дейді? Аман аға, кетіп қалма, мен қазір келемін», — деп көптің ішіне еніп кетті. Қайта айналып келіп: «Аман аға, бүгін осындай салтанат үстінде сіздің де тырнақалды шығармаңыздың дайын болғанына мен де қуаныштымын. Мынау қазақы ырым, қаламыңыз мұқалмасын», — деп алдыма 50 мың теңгені жая салғаны әлі есімде. Әрине, ыңғайсызданып қалдым. Шын көңілімде шығайын деп жатқан кітапқа байғазы дәмету деген ойымда да жоқ еді. Жас та болса, кісілігі, сезімтал зеректігі ала бөтен еді ғой. Менің қысылып отырғанымды байқап: «Аға ештеңеге, қысылма, қиналма. Сіздің жазбаларыңызды аудандық, облыстық газеттерден көптен бері оқып жүрмін. Жақсы тақырыптарға арналған әңгіме, повестердің басын қайтарып, ойға-ой тастайтын қоғамдық мәселелерді қозғайсыз. Бұл бәрімізге ортақ, керек нәрсе. Кітап шыққасын тартуым бөлек болады», — деп қызметіне кірісіп кетті. Айнала отырғандар Азаматтың істеріне риза болып: «Кісілігі мен жомарттылығы, тал бойына жарасқан мейірімділігі мен кішіпейілділігі өзіне жарасады ғой. Осындай шаруаның басын бұрау оңай дүние емес. Тек аман болсын», — деп тілектерін айтып жатты.
Кімнің кім екені, тәрбиесі мен тұлғалық биіктігі, кісілігі мен салиқалы келбеті салған жерден-ақ көрінетіні хақ. Азамат осындай жан еді. Бұл тынымсыз, аласұраған дүниеде кейбір адамдарды өрмелеп жеткен орын тағы көріктендіретіні рас. Бірақ олар сырттай қарағанда тұлғаланып көп-көрім болып көрінгенімен, оның шынайы бейнесін тани келе аласара беретінін көресің. Ал кейбіреуінің кісілігі бөлек, жаны жайсаң, көкірегінен жылы лебіз ұрып тұрғанын байқайсың. Оларға жақындаған сайын таулардай биіктей беретінін қайтерсің. Міне, бұл да Азаматқа біткен үлкен қасиет еді. Өзі ержеткелі қалыптасқан салиқалы біліктілігі мен іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті арқасында аспай-саспай бірнеше кәсіптің басын бастап дамытты.
Кәсіпкерлікке алғаш бет бұрғаннан бастап-ақ, «Финлюкс» мекемесін ашып, Қандыағаш қалаішілік жолаушыларды тасымалдауды қолға алды. Сол кездері қалаішілік автобус қатынасы облыс бойынша тек біздің ауданның орталығында болғанына барша Мұғалжар елі куә. Әрине бұл үлкен мақтаныш. Ал бұның ар жағында қаншама қиналыс, күйзеліс күнбе-күнгі тәртіп пен бақылау жұмыстарын ескерсек, бұл деген үлкен еңбектің нәтижесі емес пе?! Иә, бұл шын мәнінде кісіліктің формуласымен шеңделген еңбектің ұлы жолы еді. Мен білемін Азамат тек қана адами пенде ғана емес. Ол ақылпарасаты, кемелді ойы мен күштілігі, жас та болса биіктен көрінетін кісілігі ерте қалыптасқан. Көңілдің көрпесіндей мөлдір мінезімен айналасына жарық құйып жүретін үлкен тұлға.
«Жақсының жарығы — баршаға ортақ» дегенмен, дәл осындай жарқын пенденің жан түкпірінде асыл арманы да, айтары да, шері де, шемені де жоқ болмаған шығар. Алапат кесел көзден болды ма, сөзден болды ма, әлде тілден болды ма, қайдам. Әулетіне бардың құбылысы болып келген біртуар жайсаң жанның ғұмыры тым қысқа болды. Жұлдыздай ағып өте шықты өмірден. Өкінішті!
Аманкелді ШУНИМОВ, мемлекетік қызметтің ардагері, Мұғалжар ауданының Құрметті азаматы.