«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ақтөбе-Қандыағаш тасжолының құрылысы басталды

Бірнеше жылдан бері шешімі табылмай жүрген Ақтөбе-Қандыағаш тасжолының жөндеу жұмыстары биыл басталатындығын бұған дейін де хабарлаған болатынбыз. Өткен жылдың желтоқсан айында дайындық шараларын толық аяқтаған мердігерлер 12 сәуірден бастап құрылыс-монтаждау жұмыстарына кірісті.

Жергілікті тұрғындардың көптен күткен жобасын көзбен көріп, мердігер мекемелермен тілдесіп қайтқан едік. Бізге жолдағы құрылыстың мән-жайы туралы «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Марат Махамбетов айтып берді.

Сонымен…

Жол төрт жолақты болады

Бүгінде облыс орталығы мен Қандыағаш қаласын байланыстырып тұрған жолда жұмыс қыза түскен. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүргізілетін құрылыс жұмыстары жоспар бойынша отыз бір айдың ішінде аяқталуға тиіс. Бірақ мердігер мекемелерге жобаны барынша сапалы етіп, ертерек аяқтау міндеті қойылған.

— Өткен жылдың 24 қарашасында «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамында «Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясы шекарасы (Астраханьға)» автожол торабының «Ақтөбе-Қандыағаш» учаскесінің 11-100 шақырымын қайта жаңарту туралы келісімшарт жасалды. Бұл жоба 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына енгізілген. Қар кетіп, жер-аяғы кеңіген соң мердігер мекемелер құрылыс-монтаждау жұмыстарына кірісті. Қазір топырақтың құнарлы қабатын алу жұмыстарын жүргізіп, жол құрылысы материалдарын дайындап жатыр, — деді Марат Махамбетов.

Белгілі болғандай, құрылыс жұмыстарының Ақтөбе қаласынан Алғаның Тамды ауылына дейінгі аумағын, яғни 11-52 шақырымын  «SineMidasStroy» БК»  мен «Todini Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері  жүргізсе,  Тамдыдан Қандыағашқа дейінгі 52-100 шақырымын «Ақжол Құрылыс» БК» / «AzVirt» / «AссанаДорСтрой» компаниялары салады. Ал техникалық қадағалауды кореялық Dongsung Engineering Co., Ltd. суб-кеңесші «ZS Engineering» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен (Қазақстан) жүргізеді.

— Ақтөбе-Қандыағаш тасжолы  — Атырау мен Ақтөбені қосатын үлкен жобаның бір бөлігі. Мұнда көлік нөпірі де көп. Қайта жаңарту жобасына сәйкес жаңартылған жол Ақтөбе қаласынан Қандыағаштың кіреберісіне дейін 4 жолақты етіп салынады. Бұл І-В техникалық санатына жатады. Ал Қандыағаштың айналма жолы 2 жолақты болады. Ол жол, яғни 18,2 шақырым ІІ техникалық  санатта болады. Сондай-ақ  жолда 18 көпір құрылысы жүргізіліп, 66 су өткізгіш құбыр салынады.

Жол Бестамақ ауылының үстінен өтеді. Осы ретте тұрғындарға қолайсыздық тудырмау үшін барлығын жоспарлы түрде жасап жатырмыз, — деді Марат Махамбетов.

Құрылыс материалдары — өзіміздің өнім!  

«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Ақтөбе  облыстық филиалының директоры Марат Махамбетов жол құрылысына қажетті барлық материалдардың жергілікті өнім екендігін айтты.

— Жол құрылысына қажетті материалдар Ақтөбедегі «Стройдеталь» және темір-бетон өнімдерін шығаратын «ЖБИ-35» зауытынан алынады. Аталған кәсіпорындар су өткізгіш құбырлар мен мал өтетін төртбұрышты дюбингтерді, сондай-ақ көпір құрылысына қажетті элементтердің барлығын өндіреді. Ал құм, қиыршық тастар Мұғалжар өңіріндегі тас карьерлерден  тасымалданатын болады, — дейді.

Құрылыс жүргізіліп жатқан жерлерге материалдар автокөлікпен, ал алыс жерлерден теміржол арқылы жеткізіледі. Бүгінде мердігер мекемелердің құрылысқа қажетті материалдарды жеткізуге арналған бірнеше теміржол тұйығы бар. Мердігерлер қыс бойы инертті материалдарын сонда түсіріп қойған.

Сондай-ақ мұнда жұмысшылар қалашығы мен техникалар тұрағы салынады. Жұмыс қызған тұста мердігерлер өздерінің көшпелі асфальт, бетон өңдеп шығаратын зауыттарын да осында әкелмек. Әңгіме барысында біз облыстың бас жолшысынан құрылыс материалдарының сапасы туралы да сұрағанбыз.

— Құрылысқа салынатын материалдардың  барлығы 5 сатылық тексерістен өтеді. Алдымен тексерісті әр мердігер мекеменің өзінің зертханасы, кейін  «Астана инженерлік орталығы»,  «ҚостанайЖолЖоба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі авторлық қадағалау мекемелері тексереді, кейін кореялық Dongsung Engineering Co., Ltd. компаниясы, суб-кеңесші «ZS Engineering» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірге, Ақтөбе облысы бойынша жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы, тапсырыс беруші  «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Ақтөбе облыстық филиалының  тексерістерінен өткізіледі, — деді  Марат Махамбетов.

Жұмысқа жергілікті тұрғындар алынады

Жөнделетін учаске ұзындығы — 89 шақырым. Үш жылға жоспарланған жоба аясында мыңдаған адам жұмыспен қамтылмақ. Жұмысшылардың дені жергілікті тұрғындардан алынады.

— Биыл 11 наурызда Алға және Мұғалжар аудандарының әкімдігі, «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Ақтөбе облыстық филиалы және мердігерлер «SineMidasStroy», «АссанаДорСтрой»  жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері  арасында жол құрылысына жұмысшыларды қабылдау мен еңбек құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылды. Бүгінгі күні меморандумға сәйкес Мұғалжар өңірінен 25 адам, Алға ауданынан 18 адам жұмысқа қабылданды. Жол құрылысы енді басталып жатыр. Сондықтан негізгі жұмыс күші алдағы уақытта тартылатын болады, — деген Марат Махамбетов алдағы уақытта жол құрылысына әр мердігер мекеме 400-ден астам жұмысшы алатынын айтты.

— Мердігерлерге  жұмысшылардың жергілікті тұрғындар болғаны ыңғайлы. Ауыл тұрғындарын таңда арнайы көлік алып келіп, кешке қарай үйлеріне жеткізіп тастайды.  Мұнда  құрылыс жұмысшыларынан өзге, аспаздар да қажет болады. Барлығын осы ауылдардан алады. Жалпы, жұмыс күндізгі және түнгі ауысым бойынша жүргізіледі. Жұмысшыларға төленетін жалақы мөлшері 150 мың теңгеден басталады. Әрине, жұмысшылардың атқаратын қызметтері мен мамандықтарына қарай айлықтары да жоғары болады, — дейді «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Марат Махамбетов.

Жұмысты бастап кеткен мердігерлер жолды уақтылы аяқтайтындарына толық сенімді. Бастысы сапа екендігін айтады. Бұл мақсатта ел қазынасынан да қомақты қаражат бөлініп отыр. Мәселен, «SineMidasStroy»БК» және «Todini Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен келісімшарт сомасы 39,7 миллиард теңгені құраса, «Ақжол Құрылыс» БК» /«AzVirt» /«АссанаДорСтрой» компаниялары шартының сомасы — 22,7 миллиард теңге.

Ақерке САТЫБАЛДЫ, «Ақтөбе» газеті.

Ұқсас ақпараттар

Биыл құрылысы ұзаққа созылған 22 нысан пайдалануға беріледі

admin_mugalzhar

На посту и днем, и ночью!

admin_mugalzhar

ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІНЕ МҰҒАЛЖАРЛЫҚТАР МАРАПАТТАЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.