«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

БАҚЫТТЫ БАЛАЛЫҚТЫҢ ОРДАСЫ

Балабақша — тілі әлі шығып үлгермеген бүлдіршіннің бақытты мекені, азамат болып қалыптасудағы алғашқы баспалдағы. Мектепке дейінгі білім беру орындары келер ұрпақты еңбекке, өнер мен білімге, елінің ар намысын қорғауға және ізгі адамгершілік ниеттерге баулиды. Сондай балабақшалардың бірі — Қандыағаш қаласындағы «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасы.

Тәуелсіздік тартуы…

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін ауданда алғашқылардың бірі болып бой көтерген «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасы 1992 жылы пайдалануға берілді. Алғашында «Октябрь мұнай-газ өндіру» басқармасына қарасты №32 «Қарлығаш» балабақшасы болып жұмыс жасады. 2010 жылдан бастап, аудандық білім бөліміне қарасты «Қарлығаш» жалпы үлгідегі мектепке дейінгі ұйым» МКҚК болып қайта құрылды.

Балабақша орналасқан ғимараттың жалпы көлемі — 3 838,8 шаршы метр. Жобалық сыйымдылығы бойынша 330 балаға арналған. Электр жүйесімен, су жүйесімен, автономды жылу жүйесімен қамтамасыз етілген. Ғимаратта асхана, кір жуатын орын, қоймашы кабинеті, азық-түлік қоймасы, музыка, дене шынықтыру залдары, дәрігерлік бөлмелер, меңгеруші, әдістемелік, психолог кабинеттері, тілдер бөлмесі бар. Әр топта жатын бөлмесі, ойын, киім ауыстыратын, әжетхана, ас тарату бөлмелері бар. Барлық топтар балалардың жас ерекшеліктеріне қарай жиһазбен қамтамасыз етілген.

«Қарлығаш» бөбекжай-бақшасында барлығы 82 қызметкер жұмыс жасайды. Оның ішінде балаларды тәрбиелеу мен оқытуда 38 педагог қызмет атқарады. Балабақшада 14 топ жұмыс жасайды. Оның 10-ы қазақ тобы, 4-уі орыс тобы. Сонымен бірге бөбекжай-бақшада Туберкулез ауруына қарсы емдік-сауықтыру шараларын жүргізу және алдын алу мақсатында ашылған 1 санаторлық топ бар. Балаларды оқыту және тәрбиелеу — екі тілде жүргізіледі. Балабақшада жоғары біліктілік санаты бар 5 педагог, бірінші біліктілік санаты бар 6 педагог, екінші біліктілік санаты бар 9 педагог,  бүлдіршіндерге тәлім-тәрбие беруде.

Ізденіс үстінде жүретін ұжым

«Қарлығаш» бөбекжай-бақшасының қызметкерлері балаларды оқыту мен тәрбиелеу үрдісін ҚР-ның мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты негізінде «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың» негізгі ережелеріне сүйене отырып жүргізеді. Педагогикалық ұжым әрдайым ізденісте, инновациялық жаңалықтарға құмар, өз тәжірибелерінде жаңа технологияларды қолдана отырып, заман талабына сай жұмыс жасайды. Балабақша ата-аналармен тығыз байланыста болып, тәрбиеленушілердің жан-жақты дамуы жолында көптеген жетістіктерге ие.

— «Қарлығаш» бөбекжай-балабақшасы қызметкерлерінің алға қойған басты мақсаты — Балабақша және отбасы: жаңартылған білім беру мазмұны аясында балалардың құзыреттілігін қалыптастыру. Олардың міндеттері денсаулық сақтау технологияларын енгізу арқылы балалар мен МДУ педагогтерінің салауатты өмір салтын қалыптастыру, МДҰ-ның тәрбиелеу, білім беру процесіне жобалау технологиясын енгізу арқылы мектепке дейінгі балалардың зияткерлік қабілеттерін дамыту болып табылады, — дейді «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Гүлмайра Медеуова.

Жетістік пен жеңіс

Жаңа заман баласы — ертеңгі еліміздің болашағы. Оны қалыптастырып, дамыту үшін тұлғаның ішкі дүниесі мен оның қыр-сырын анықтап, мүмкіншіліктері мен қабілетінің дамуына жағдай жасау қажет. «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасында балаларға үздіксіз білім беруде барлық жағдай қарастырылған. Бөбекжайбақшада балалардың жеке басының қалыптасуы мен дамуына педагогтардың педагогикалық технологияларды қолдана білу сауаттылығы өте жоғары. Балабақша — келешек, ел басқарар, жер суына иелік етер, ел халқын гүлдентер, мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетер жасампаз жандарды шыңдап, өмірдің ең басты сатысын қалайтын киелі ұя. Балабақша ұжымы келешек ұрпақтың тәрбиелі болып өсуіне қызмет етеді.

Отыз жылға жуық тарихы бар балабақша ұжымының ауыз толтырып айтар жетістіктері жетерлік. Атап айтар болсақ, аудандағы мектепке дейінгі ұйымдар арасында өтетін рейтинг қорытындысы бойынша арнайы кубокты төрт жыл қатарынан жеңіп алды. Осы уақытқа дейін өнерлі бүлдіршіндер мен білікті тәрбиешілер бөбекжай-бақшаның қоржынына облыстық байқаулардан 72 жүлде, республикадан 136 жүлде,  халықаралық сайыстардан 29 жүлде алды. Одан бөлек, 2020-2021 жылының өзінде балабақша ұжымының бірлескен жұмысы нәтижесінде аудандық сайыстарда 30 жүлделі орындарға ие болды.

«Қарлығаштың» бау-бақшасы

«Қарлығаш» бөбекжай-бақшасының ауласындағы қызылды-жасылды гүлдер көздің жауын алады. Аулада түрлі жеміс ағаштары мен көкөніс бақшасы да жайқалып тұр. Балабақша меңгерушісі Гүлмайра Медеуова бұл игі істің балаларды еңбекке баулу мақсатында ұйымдастырыл-ғанын айтады.

Жыл сайын балабақша алдына тәрбиешілер көкөністің түр-түрін егеді. Оларды баптап, күтім жасайды. Тәрбиешілер балаларды алып шығып, бақша ішін аралатып, қызанақ, қияр, көк жуа, сәбіздермен таныстырады. Көкөніс пен арам шөптердің айырмашылығын үйретеді. Осы арқылы біздің тәрбиеленушілер еңбекке үйренеді, — деді ол.

Тәрбиеші — балабақша жүрегі

Тілі енді ғана шығып бастаған баланы тәрбиелеу, дамыту тәрбиешіге артылған үлкен жауапкершілік. Бақшаға келген балалардың бірі үйдің кенжесі болса, бірі тұла бойы тұңғышы, еркесі мен серкесі. Балабақша тәрбиешілері барлық баланы бірдей жақсы көріп, оларды білімге, тәртіпке, өнерге баулиды.

Тәрбиеші — суретші, әртіс, әдебиетші, ақылшы, дос және бала жанын бағамдар психолог. Балабақшаға келген балалар әртүрлі тәрбиеден, әртүрлі мінез-құлықпен, әртүрлі қылықтарымен келеді. Бірі тым ерке болса, бірі тым тұйық, енді бір бала бір өзі ойнап, бір өзі бөлектеніп жүреді. Кішкентай балалар тәрбиеші көмегімен киініп, жуынып, сүртінеді. «Рахмет, кешір, өтінемін» деген сөздерді айтып үйренеді. Осылайша балалардың бойында мейірімділіктің негізі қаланады. Осы бүлдіршіндеріміз әр мерекелік іс-шараларға белсене ат салысып, өз өнерлерін көрсетуге тырысады. Олардың ішінде әнші, биші, бояушы, сызушы, қолөнерші тағы да көптеген дарынды балаларымыз жетерлік. Ата-ана балаларын балабақшаға берместен бұрын «ол жерде балам не үйреніп шығады, тәрбиеші қандай болады екен?»- деген сұрақтар мазалайтыны түсінікті.  Сондықтан да бақша тек балаға бас көз болып қарайтын, осы еңбектері үшін мемлекеттен жалақы алатын адамдардың жұмыс орны деп қарамау керек. Балаларын өздерінен де асқан жауапкершілікпен бала тәрбиесіне мән беретін-сенімді тұлғалардың мекені деп те баға беретіндей дәрежеге жеткізуіміз керек, — деді балабақша әдіскері Гүлсім Сағидоллақызы.

Балабақша ашылғаннан бері жұмыс жасайтын Мария Шафиева балабақша өміріне ширек ғасырдан астам уақыт куә болып келеді.

Бұл балабақша мен үшін екінші үйім іспеттес. Осы ғимараттың іргетасы құйылған кезінен бастап, құрылыс жұмыстарының қалай жүргізілгені, ашылу салтанаты дәл бүгінгідей көз алдымда.  Ең алғаш қоймашы болып жұмысқа қабылдандым. Тәрбиешінің көмекшісі де болдым. Уақытымнан 29 жылын осы мекемеде, балалардың арасында өткіздім, — деді  Марина Шафиева.

P.S. «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деген халық даналығы бекерден-бекер айтырмаса керекті… Балабақша ұжымы да тәй-тәй басып балабақша табалдырығын аттаған әр бүлдіршінге өнегелі тәлім-тәрбие берумен қатар, санасына ұлтжандылық пен адамгершілікті құю жолында осы даналық үдесінен шығып келеді.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

 

 

Ұқсас ақпараттар

Ақтөбеде 1 және 3 жасар сәбилерден коронавирус анықталды

admin_mugalzhar

Жить «РОДИНЕ СЛУЖИТЬ!»

admin_mugalzhar

Ақтөбелік әйел пәтер жалдап, теріс ағымды насихаттап келген

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.