Балаға ат қою: тағдырға таңба

0
916
Балаға ат қою мәселесіне жауапкершілікпен қарау керек. «Тандалған ат баланың болашағына  әсер етеді деген тұжырым қаншалықты рас?», «Қыздарға ұлдың есімі, ұлға қыздың есімдерін қойған дұрыс па?»,  «Балаға атты туылған соң  қанша уақыттан кейін қойған дұрыс?», «Есімді кімге қойғызған дұрыс?» деген сұраққа жауапты 20 жылдық тәжірибесі бар дәрігер – Мәди Алдабергенов жауап береді.

Жаңа туған сәбиге ат қою
Ежелден біздің халқымызда сәбиге есім беру, тек  ата-әжелеріміздің міндеті деген  дәстүр қалыптасқан. Егер әкесі үйдің кенжесі болса, сәбиге есім беруді үйдің үлкені қолға алған. Бұл негізінен дұрыс емес дәстүр деп ойлаймын. Баланы өзінің туған әке-шешесі өсіреді. Анасы баласына белгілі бір есім қойғысы келсе де, үйдің үлкендерінің беделі басымырақ болғандықтан, өздерінің қалаған есімдерін қояды. Бұл сәбидің бейсанасында қалып қояды. Ержеткенде өзіне сенімсіз, өз ойын жеткізе алмайтын адам болып қалыптасады. Өзгелердің айтуымен еріп жүре беретін, қиын жағдайларда шешім қабылдай алмайтын болып өседі. Бұның барлығы — ата-анасының қалаған есімін бере алмағандығынан болып тұр.
Есім арқылы тағдыр арқалау
Менің тәжірибемнен өткен бір оқиға бар. Сәбиге есім беруді әкесінің үлкен ағасына тапсырған. Ал ағасының жас кезінде ғашық болған, бірақ үйлене алмаған қызы болған екен. Ағасы сәбиді жауапсыз қалған махаббатының  есімімен атаған екен. Сол сәби қазір 40 жастағы әйел.  Ол кісі біздің орталыққа келіп, дұрыс есіммен аталмағанын анықтайды. Бойжеткен шағынан бастап жеке өмірін құруға қанша талпынса да, сүйген адамына қосыла алмаған. Сондықтан сәбиге есімді тек туған ата-анасы қою керек деп ойлаймын.
Және де балаға ат қою кезінде бақилық болып кеткен ағасының немесе әпкесінің есімдерін қоюға болмайды. Бұл сәбидің бейсанасына басқа адамның өмірін сүреді деген ақпарат барады. Қайтыс болған адамның өмірін жалғастыратын болады. Мысалы, маған бір кездері ми қатерлі ісігімен ауратын  баланы алып келген болатын. Анасы өзі дәрігер.Алайда балада бұл аурудың қалай пайда болғанын түсінбейді. Мен екі сұрақпен оның себебін ұқтым. Әңгіме барысында,  әкесінің бірінші жанұясы болғанын анықтадық. Оның бірінші әйелінен ұл болған, бірақ ол бірнеше күннен кейін қайтыс болыпты.  Осы оқиғадан кейін олар ажырасып,  екінші рет үйленіпті. Екінші әйелінен тағы да ұл дүниеге келеді. Қайтыс болған баласының есімін жаңа туған  екінші баласына берген. Біршама уақыт өткен соң балада осындай жаман ауру пайда болды. Сол үшін қайтыс болған жақын адамның есімімен атамаған дұрыс.
Негізі есім қоярдын алдында 7 күндей қоймай тұра тұру керек. Тек 7 күн өткен соң ғана қойған дұрыс. Ал егер мүмкіндік болып жатса, тіпті 40 күнге дейін күткен абзал.
Есімнің адамның іс-әрекетіне, мінез-құлқына әсер етуі
Тарихта елеулі орын алатын адамдардың есімдерін таңдағанда да өте мұқият болу керек. Мұндай есімдер қойған дұрыс емес. Себебі,  сол тарихи тұлғанының жақсы болған жағынан бөлек,  жаман жақтарын да алады. Бізде  әдетте егіздерге Айман және Шолпан деген шығармадағы есімдерді қояды. Бұл да балалардың тағдырына әсер етуі мүмкін. Бұл есімдердің шығу тарихын да өте мұқият зерттеген абзал. Себебі, автор осы есімдерді ойлап табу барысында жағымсыз қасиеттеріне сүйенген болуы мүмкін. Демек осылай қойылған есімнің иесінде де сондай жағымсыз қасиеттердің болуы әбден мүмкін.
Дауысты, дауыссыз
Қызға есім қойғанда, есімінің соңғы әріпі дауысты дыбыспен аяқталған жөн. Ал егер ұлға қойғанда дауыссыз дыбыспен аяқталғаны дұрыс.  Бұның мәнісі – еркектің сөзі мен ісі сәйкес болсын деген оймен байланысты.
Бас қаламыз, Алматы қаласы бойынша әр жыл сайын шығатын, көп қойылған  есімдер тізімін қарап шығамын.  Қыздардың есімдерінің ішінде әрқашан «а» әріпінен басталатын есімдер жиі кездестіремін. «А» әріпінен басталатын қыздардың  ата анасы қыздарының қоғамда беделді болуын қалайтынын түсінемін. Әдетте мұндай қыздар жанұя құрғанда күйеуіне қарағанда беделі басымырақ болады. «А» әрпінің әліппеде бірінші әріп екенін білеміз. Мұндай адамдар  жанұяда, қоғамда «альфа» болуға тырысады.
Танысу сайттарына кірсек, ол жақта 10 есімнің ішінен 7-8 қыздың есімі «а» әріпінен басталады. Ішкі жандүниесінде беделді болуға деген талпыныс байқалып тұрады. Әйелдегі мұндай қасиет еркектерге онша  ұнамайды.
Жанұяда бірінші бала, алғашқы немере қыз болса, қызға «а» әріпінен есім бермеуге кеңес беремін. Ол қыз жан жағынан алып қарағанда беделді болып келеді. Ол спортта немесе білімде, жұмысында бірінші болуға тырысады. Негізі «а» әріпінен келетін есімдерді ұлдарға берген дұрыс. Себебі жалпы тарихты алып қарасақ Жаратушы ең бірінші «Адамды» жаратқан, ең алғашқы патриарх  — Авраам, үш жүздің басын қосқан жалғыз ханның Абылайдың да есімі «а»  әріпінен басталады.
Тарихи есімдер
Ислам дінінде адамдар өздеріне мінсіз адам ойлап тауып алуға болмайды делінген. Бұл  есім тандауға да байланысты. Мысалы, Дінмұхаммед Қонаевқа арнап қойды делік. Халықтың санасында Дінмұхаммед Қонаев өз еліне көп пайдасын тигізген адам болып қалған. Сол кісінің арқасында тек біздің елде ғана емес, қазіргі таңда бүкіл әлем қазақ тілін  үйреніп жатыр.
Әдетте кейбір жанұяларда екінші немесе үшінші балаға «Серік» деген есімді береді. Ағасына немесе әкпесіне серік болсын деген мағынаны білдіреді.  Алайда бұл да дұрыс емес. Осы есімде арқалап жүрген бала өмір бойы ағасының не әпкесінің барлық ауыртпашылығын да бірге көтеретін болады. Бұндай адамдар бауырмашыл болып келеді. Бірақ, бұл кісілер өз үйін, жанұясын ойламайтын болады.
90-шы жылдары Томирис деген есім көп қойылатын.  Маған келген Томирис есімді  науқас қыздардың көбісін,  батыр Томирис патшайымдай болсын деп ырымдап қойған екен. Алайда Томирис өзінің жеке өмірінде мүлде бақытсыз болған. Осы есімді  әйелдер, қыздардың  көбісі не ажырасқан, не жанұя құра алмаған.
Балаға ат қою кезінде қыздың немесе ұлдың бойында болашақта көргісі келетін қасиетіне сүйене отырып таңдаған дұрыс. Мысалы, ақылды, батыр, беделді, батыл немесе әдемі секілді қасиеттерін негізге ала отырып қойған жөн.