Кеше Қандыағаш қаласында дзюдо үйірмесіне арналған орталықтың ресми ашылу салтанаты өтті. Дзюдо-самбо күресінен спорт шебері, бапкер Гүлмира Қойшыбайқызы ашқан орталық аудан бойынша осы бағыттағы алғашқы спорт орталығы.
Шараға Қандыағаш қаласының әкімі Талғат Өтемұратов және ардагер Жиеналы Есенғұлов, ата-аналар, мамандандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің қызметкерлері қатысты.
— Мен өзім 2005 жылдан бастап дзюдомен айналысып келемін. Қазіргі таңда дзюдо-самбо күресінен спорт шеберімін. 2012 жылдың тамыз айынан бастап осы салада жұмыс жасаудамын. Талай жарыстарда биіктерден көрініп жүрген шәкірттерім де аз емес. Клубты ашу себебім, өзім спорт мектебінде жұмыс жасаймын. Ол жақта 10 жастан бастап қабылдайды, ал кішкентай балаларға арналған үйірме жоқ. Ал менің клубым 6 жастан бастап қабылдайды, алғашқы даярлық топ десем де болады, — деді бапкер Гүлмира.
Аптасына 3 рет өтетін үйірме ақылы, айына бес мың теңге екенін айтқан бапкер алдағы уақытта қасына тағы да жаттықтырушылар алатынын жеткізді. Жаңа ашылған орталықта мықты шәкірттер, болашақ чемпиондар тәрбиелетінін де айтып сендірді.