ГАЗЕТІМІЗДІҢ ИНСТА-ПАРАҚШАСЫНА ХАТ КЕЛДІ. ОҚЫРМАН ӨЗ ХАТЫНДА «МЕН ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫМЫН. ОСЫ ЖЕРДЕ ТУЫПӨСКЕННЕН КЕЙІН ҚАЛАМЫЗДЫҢ КӨРКЕЙІП, ГҮЛДЕНГЕНІН ЖАҚСЫ КӨРЕМІЗ. СОҢҒЫ УАҚЫТТА ҚАЛАДА ИГІ ІСТЕР ҚОЛҒА АЛЫНЫП, КӨЗ ҚУАНТАРЛЫҚ ЖАЙТТАР ОРЫН АЛУДА. ДЕГЕНМЕН «ФИНСКИЙ» МӨЛТЕК АУДАНЫНДА ОРНАЛАСҚАН САЯБАҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫ МӘЗ ЕМЕС. КӨЛЕМІ ҮЛКЕН САЯБАҚ ҚАРАУСЫЗ ЖАТЫР. БҰЛ ЖЕР ДЕ «АЛПАМЫС БАТЫР» САЯБАҒЫ СЕКІЛДІ НЕГЕ ЖАРҚЫРАП ТҰРМАЙДЫ?» ДЕП ЖАЗЫП, НАЗЫН БІЛДІРІПТІ. БІЗ ДЕ ОҚЫРМАН КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕ ІЗІМЕН МӘН-ЖАЙДЫ БІЛМЕК НИЕТТЕ АТАЛҒАН САЯБАҚҚА БАС СҰҒЫП, ЖАУАПТЫ ДЕГЕН ЖАНДАРҒА СҰРАҚ ҚОЙДЫҚ. СОНЫМЕН…
Біз көрген саябақ
Біз алдымен аяңдап отырып «Жеңіс» даңғылы мен С.Сейфуллин көшесінің қиылысында орналасқан саябаққа бардық. Ондағы мақсатымыз – саябақты көзбен көру. Біз көрген аумағы үлкен саябақтың қазіргі кейпі көз қуантарлықтай емес. Кезінде егілген талдар қурап қалған. Көк шөптері сарғайып кеткен. Жә, сарғайған шөптің түсін қоңыр күздің түсуінен шығар дедік. Ал жарықшамдар орнатылған тіреулердің бірі қисайып тұрса, бірі жерде жатыр. Тоқ көздері шашылып, жер бетіне шығып қалған. 40 000 шаршы метрді құрайтын саябақтың аумағына төселген тас төсеніштің үстін арамшөп басқан. Саябақ ортасына орнатылған сәнді арканың алдына қойылған «Мәңгілік алаудың» орынтағы болмаса, жанатын жалынның түтікшесін көрмедік. Саябаққа кірген бетте оң жағыңа қарасаң, жыра үстіне салынған шағын төрт көпірді көзің шалады. Жақындап барып қараған сәтте жыра табанына пластиктен жасалған тор тежеуіштер жайылыпты. Ал оның үстіне қиыршық тастар төгілген, бірақ жұмысы толық аяқ-талмаған. Қиыршық тастар бір жеріне төселсе, бір жеріне төселмепті.
Жаяу жүргіншілер үшін төселген тас төсеніштердің жанына келушілердің демалып отыруына арналған орындықтармен мен қоқыс шелектері қойылыпты. Қараусыз жатқан саябақтағы бұлзаттардыңқолдыболып, талан-таражға түспеуіне ешкім кепілдік бере алмайды. Себебі орындықтар да, қоқыс шелектері де жерге бекітілмеген, бос жатыр. Көтеріп алып кетуге дайынақтұр. Саябақтыңсолжағында орналасқан демалыс шатырына да бас сұқтық. Бұл жерде орындықтар мен қоқысшелектері «қыздыңтөсегіндей» болып жиналып қалыпты. Саябақ ішіндегі спорт алаңының да жағдайы сын көтермейді. Алаңның темір торлары мен пластик қоршаулары сынып, төсеніштері жұлым-жұлым болған. Бұл жерде көзге оғаш көрінген бір нәрсе – пластик қоршаудың өртеніп, жерге ағып кеткені және қоқыс шелектерінің қара күйе болып тұрғаны. Әрине, қоршаудың өзіненөзі өртенбейтіні белгілі. «Біреу әдейі өртеді ме, әлде байқаусызда болған жайт па?» деген ой келді… Осы тұста өз қаласына жаны ашымайтын кейбір тұрғындардың салғырттығы мен жауапсыздығы көңілімізді құлазытты.
Сұрақ қойылды, жауап қандай?
Соңғы бес-алты жылда Қандыағашта қаланың көркін ашатын саябақтардың құрылысы қарқынды жүргені белгілі. «Достық» мөлтек ауданында, аудан әкімдігінің алдында, темір жолы вокзалы маңында, Жамбыл көшесі мен «Тәуелсіздік» даңғылы бойында үлкен саябақтар ашылды. Саябақ іштеріне тарихтан белгілі тұлғалардың ескерткіштері қойылып, отырғызылған шырша мен қарағай көшеттері жайқалып өсіп, қала тұрғындарының бір мезгіл келіп серуендеп, демалатын орындарына айналды. Әсіресе, жаз мелгілінде «Алпамыс батыр» ескерткіші қойылған және аудан әкімдігі ғимаратының алдында орналасқан саябақтарда балаларға арналған түрлі жасанды ойын алаңдары орнатылып, ойын-сауық орындары ашылып, тәтті тағамдар сатылып, сауданың да көркі қызады. Ал «Финский» мөлтек ауданында орналасқан саябақтың салынып жатқаны туралы бірнеше мәрте жазғанымыз рас. Бірақ пайдалануға берілгені туралы ақпарат таратпадық. Себебі салтанатты түрде ашылуы өтпеді.
Кателеспесем, бұл саябақтың бастап салынғанына 5 жылдан асты. Ол кезде аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бөлім басшысы қызметін Асан Садықов атқарған еді. Соның берген мәліметі бойынша бұл саябақтың жалпы көлемі 40 000 шаршы метрді құрайды. «Саябақ ішіне көгал төселіп, шырша мен қайың ағаштары отырғызылады. Сондайақ, «Мәңгілік алау» мен сәнді арка қойылып, демалыс шатырлары мен көпірлер болады. Құрылыс жұмыстары 2021 жылы толықтай аяқталады» деген еді ол кезінде. Құрылыс жұмыстары аяқталады деген уақыттан бері тура үш жыл өтті. Бірақ халық игілігіне берілген саябақты көрмедік.
Мән-жайды білу үшін саябақ құрылысына жауапты аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің мамандарына хабарластық. Аталған бөлімнің бас маманы Анес Сейілхан бүгінде саябақтың құрылыс жұмыстарының аяқталғанын, мердігер мекеме саябақты тапсырғанын жеткізді. Оның сөзінше, саябақ құрылысына бюджеттен 234 млн теңге бөлінген.
—Бұл саябақтың құрылыс жұмыстары ұзаққа созылды. Құрылыс жұмыстарының кешеуілдеуіне бюджеттен қаржының уақытылы бөлінбеуі себеп болды. Өткен жылы күз мезгілінде мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын аяқтап тапсырған едін. Біз Қандыағаш қаласының әкімдігіне саябақты өз меншіктеріне алу туралы өтініш білдіргенбіз. Бірақ олар алудан бас тартты. Сол себепті бұл саябақ қараусыз қалды. Сол жылы қыста кейбір қала жастары қойылған жарықшамдарды құлатып, жасалған жұмыстарды қасақана сындырып кетті. Биылғы жыл басында құзырлы мекемелерлер осында тексеріс жұмыстарын жүргізді. Тексеру барысында мердігер мекеменің жұмысты тиянақты аяқтамағаны анықталып, 2,5 млн теңге көлемінде қаражатты мемлекетке қайтару туралы сот шешім шығарды. Бүгінде мердігер мекеме бұл қаржының 1,5 млн теңгесін қайтарды. Жақын арада қалған қаржыны қайтаратын болады, — деді аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас маманы Анес Сейілхан.
Ал бұл мәселеге қатысты Қандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайырдың да айтары бар. Ол аталған саябақты өз теңгеріміне алу үшін әлі де жасалатын жұмыстардың толық бітуі қажет екенін алға тартты.
— Бұл саябақты қала әкімдігінің теңгеріміне алмай отырғанымыздың өз себептері бар. Саябақ жұмысы толық аяқталмаған. Жарық шамдары орнатылмаған. Әлі де жасалатын жұмыстар өте көп. Саябақ құрылысының жұмысы толықтай аяқталғаннан кейін өз теңгерімімізге алатын боламыз. Саябақ біздің меншігімізде болмаса да, осы жылдан бастап ішін қоқыстан, берекетсіз өсіп кеткен арамшөптерден тазалау және талдарын суару жұмыстарын атқарып отырмыз. Жақында ғана аталған саябаққа 700 түп терек ағашы отырғызылды. Себебі алдында егілген талдар қурап қалған. Енді жаңа егілген ағаштарды күтіп ұстау біздің міндетіміз, — деді қала әкімі.
Аталған мәселенің мән-жайынан хабардар екенін айтқан мәслихат депутаты Иляш Ниязова да саябақ жұмысын аяқтау үшін мердігер мекемемен байланыс орнатылғанын және бақылаудың жасалғанын мәлімдеді.
— Саябақтың құрылыс жұмыстары 2023 жылы желтоқсанда аяқталып, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі қабылдап алды. Оған дейін депутаттық бақылау жүргізілді. Аудандық «AMANAT» партиясының бақылауына ұсынылды. Қала әкімдігімен де кездесу өткізілді. Жаз айында арамшөптерді ору, суару жұмысы жүргізілді. Десе де, әлі қала әкімдігінің баланстық иелігіне өткен жоқ. Саябақ құрылысы ұзақ мерзімде жүргізілген, соның салдарынан тоқ желісі және өзге де шешуді талап ететін сұрақтары актуальды болып тұр. Жағдайды сессия отырысында көтеріп, өз тарапымнан аудан әкімінің назарына депутаттық сауал ретінде жолдадым. Алдағы уақытта шешімі табылады деп ойлаймын, — деді Иляш Ниязова.
Мәслихат депутаты Иляш Еркінқызы өз сөзінде аталған парктің құрылыс жұмыстары «AMANAT» партиясының бақылауында болғанын айтқан еді. Мақала дайындау барысында атқарушы партияның аудандағы хатшысы Роза Мүсеноваға да хабарластық. Ол бұл саябақты салуға жауапты мердігер мекеменің басшылары жауапсыздық танытқанын жеткізді.
— Бұл саябақтың құрылысы 2019 жылы басталып, 2023 жылы аяқталды. Дегенмен аталған саябақ халық игілігіне беруге жарамсыз. Бірінші кезекте тоқ көздерінің жер бетіне шығып, жарықшам бағаналарының сынып тұруы демалушы тұрғындардың өміріне қауіп төндіреді. Бұдан да өзге мәселелер жетерлік. Мердігер мекеменің саябаққа берген кепілдік мерзімі екі жыл. Жауапты мекемелер аталған олқылықтарды қалпына келтіріп, мәселені шешуге жұмыстануы керек, — деді Роза Мүсенова.
Түйін
Түсінгеніміз, саябақ тапсырылса да, толық аяқталмаған. Саябақты күтіп ұстау мәселесі де нақты шешілмеген. Десе де, салынған саябаққа салғырттық танытып, бар нәрсені де қиратып, тіпті жоғарыда айтылғандай бәлкім өртеп кететін кейбір тұрғындардың барын да жоққа шығара алмаймыз. Мақала жазу барысында саябақты көзімізден көрдік, тиісті мекемелер мен жауапты деген адамдарға да сауал жолдадық. Жауап жоғарыдағыдай… Айтарымыз, бұл мәселені алдағы уақытта да назарда ұстап, әлде де тақырыпты көтеретін боламыз…
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ