«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Макура СЕЙСОВА, Желтоқсан оқиғасына қатысушы: ЖЕЛТОҚСАН ЖАҚЫНДАҒАНДА АЛАЙ-ДҮЛЕЙ КҮЙ КЕШЕМІН

-Мен Алматы қаласындағы ветеринарлық институтында 3-ші курста оқып жүрген кезім. Топтық лекция кезінде екі адам кіріп келіп, «Кешірерсіздер, сіздерді алаңға шақырамыз. Барлықтарыңыз баруларыңыз керек», — деді. Мұғалімдер сабақтан босатып, алаңға бардық, алаң адамға лық толы. Не болып жатқанынан хабарсызбыз. «Барыңдар», дегесін келіп тұрмыз. Студенттер бір бірін итеріп, алаңға кіріп жатты. Бір мезгілде бізге қысым жасалып, полицейлер қуып жатты. Біз сол күні қашып шықтық. Ертеңіне бізді жатақханадан шығарған жоқ. Бірақ ішке екі жігіт басып кіріп, кезекші мұғалімдерді тыңдамай, біздің тағы да алаңға шығуымызды сұрады. «Қыздар, есікті ашыңдар! Қазақтың намысын бірге қорғаймыз» деді. Бәріміз алаңғабардық. Полицейлер жиналғандарды қуып, күш көрсетіп жатыр екен. Қашып жүргендердің арасында жүрген мені бір милиционер желкемнен ұстап алды да итеріп жіберді. Сол кезде шұңқырға құладым. Ұшып тұрып, қашып бара жатқаным сол еді, аяғымнан дубинкамен қойып қалды. Қайтадан құладым. Тағы желкелеп алып, екі жағымнан ұстап, алаңға қарай апара жатты. «Жіберіңдер мені, жіберіңдер» деп айқайлап жатқан мені белімнен ұрып, тағы құлатты. Сүйрелеп алаңға апарды, қанжоса болып жатқан қыз жігіттердің арасына апарып, лақтырып жіберді. Ыңырсып төмен қарап, жатыр едім, тырқылдап келіп біреу күледі.
Қарасам, өзімнің Алтынай есімді құрбым екен. «Неге күлесің қасқа-ау, қазір бізді алып кетеді» деймін. Басымызды көтерсек, қанжоса болып, бастары жарылып, көздері шыққандар. Қыздардың шаштарынан сүйреп, бір жерге жинап жатыр. Содан бізді тұрғызып, сырты тор секілді автобусқа қойша қамады. Полицейлер келіп, атыжөнімізді, қайда оқитынымызды сұрады. Мен атымды жасырып, Гүлнара Сәрсенбаева дедім. Құрбым да өтірік айта салды. Себебі шынымызды айтсақ, бізді оқудан шығарып жіберетінін сездік. Бір уақытта тағы екі миллиционер кірді, соның біреуі бізді танитын, бұрын бізбен оқыған Сабыр есімді жігіт екен. Соны көріп, әкімізді көргендей қуанғаным әлі есімнен кетпейді. Олқасымызға жақындап, сыбырлап, «қазір жайлаптұрып, есіккеқарайжүріңдер, түсіріп жіберемін» деді. Бір мезетте жүргізушіге тоқтауын өтініп, бізді түсіріп жіберді. Екеуміз құтылғанымызға қуанып, бірбірімізді құшақтап, еңіреп жыладық. Енді қайда барамыз деп жан-жағымызға қарасақ, айдала. Әйтеуір қасқарайған шақта жатақханамызға оралдық.
Біраз уақыт жатақханадан шықпай, сабаққа да бармадық. Киімдерімізді ауыстырып киіп, танытпаудың айласын жасадық. Уақыт өте келе белім қатты ауырып, емханаға бардым. Емханадағы дәрігер мені қарап, «Сен алаңға шыққансың. Құзырлы мекемелерге айтып, сені ұстатып жіберемін» дейді. Мен болсам шырылдап, бармағанымды айтып жатырмын. Ол адамды сендіре алдым ба, білмеймін әйтеуір мен туралы хабарламады. Оқуымды аман-есен бітіріп, ауылға келіп, еңбек жолымды жалғастырдым. Міне, еліміз осылай тәуелсіздігін алды. Бүгінде «Желтоқсаншылар» қауымдастығы жұмыс жасайды. «Желтоқсан ардагері» деген төсбелгіміз де бар. Жыл сайын 16 желтоқсан жақындаған сайын жаным құлазып, жүрегім сыздап, түсініксіз күй кешемін. Сол кездегі қорқынышты сәттер есіме түседі. Бейнежазбаларды көргенде көзіме жас келеді.

Ұқсас ақпараттар

ПОЛИЦИЯНЫҢ БІР КҮНІ

admin_mugalzhar

ҚЫС – 2024: ЖОЛ ТАЗАРТУ, ҚАР АРШУ һәм ТАЗАЛЫҚ

admin_mugalzhar

«КАЗГЕОРУДТАН» БАЛАЛАРҒА – БАЗАРЛЫҚ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.