ЕЛІМІЗДЕ ЖЫЛ САЙЫН ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫ КӨБЕЙІП БАРАДЫ. СОНЫҢ САЛДАРЫНАН ҚАНШАМА АДАМ ЗАРДАП ШЕГІП, АРТЫ ОРНЫ ТОЛМАС ҚАЙҒЫҒА ҰЛАСУДА. ОНЫҢ ІШІНДЕ БАЛАЛАРДЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ОРЫН АЛАТЫН ОҚЫС ОҚИҒАЛАР ДА ЖЕТЕРЛІК. ӨТКЕН ЖЫЛЫ ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНДА 11ЖАСАР ҚЫЗ БАЛАНЫ КӨЛІК ҚАҒЫП, ЖАЗЫМ ҚЫЛА ЖАЗДАҒАН ЕДІ. БҰЛ БАСЫ ЕМЕС, БІРАҚ, СОҢЫ ОСЫ БОЛАР ДЕП ҮМІТТЕНЕЙІК… ҚАУІПТІҢ АЛДЫН АЛУ ҮШІН БАЛАЛАРҒА ЕРТЕ БАСТАН ЖОЛ-ҚОЗҒАЛЫС ЕРЕЖЕСІН ҮЙРЕТУ МАҢЫЗДЫ. АЛ БҰЛ ЖҰМЫСТАР АУДАН АУМАҒЫНДАҒЫ ҚАЛА МЕКТЕПТЕРІНДЕ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛУДЕ? ОЛ ТУРАЛЫ ТӨМЕНДЕ ТАРҚАТАМЫЗ…
БАЛАЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ — БАСТЫ НАЗАРДА
Жол-көлік оқиғаларына байланысты түрлі жазатайым жағдайлардың орын алуына тек көлік тізгіндеген азаматтар ғана емес, жаяу жүргіншілер де себепші болып жатады. Өйткені, құқық қорғау қызметкерлерінің айтуынша, тұрғындардың басым бөлігі белгіленген жолақтан өтпей, жолды кез келген жерден кесіп өтеді екен. Белгіленген ережені сақтамау, әсіресе мектеп жасындағы балаларға өте қауіпті. Жолдың қалыпты қозғалысы көбінесе балалардың жол бойында қалай болса солай жүріп, доп қуалайтыны, қалтарыстан жолға шыға келетіні, жолда велосипедпен жүру салдарынан бұзылады. Бір сөзбен айтқанда, жеткіншектердің жол ережесі туралы білімдерінің әлі де аздығын білдіреді.
Осындай олқылықтар орын алмас үшін аудандық полиция бөлімінің мамандары 15-31 мамыр аралығында «Абайлаңыз, балалар!» атты жедел профилактикалық іс-шарасын өткізуде. Олар аталған шара аясында аудан аумағындағы мектептерді аралап, оқушыларға жол жүру ережелері мен жол белгілерін таныстырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Мұғалжар аудандық полиция бөлімінің жол техникалық инспекциясының мемлекеттік аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Қайырғали Әжіғұлов аталған шараның мақсаты — жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол апаттарының алдын алу, жасөспірімдер арасында жарақаттануды азайту және балаларға жол-қозғалыс ережесін насихаттау екенін айтады.
—Балалардың қауіпсіздігі мен жол-көлік оқиғаларының алдын алу бәріміздің ортақ мәселеміз. Сондықтан балаларға жол ережесіне үйрету ерте жастан басталуы керек. Осыны ескеріп, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері аудан аумағындағы мектептерді аралап оқушылармен және атааналармен кездесіп, балалардың қауіпсіздігі туралы түсіндіруде. Кездесу барысында балаларға барынша көлік жүргізушілерінен сақ болулары, жол ережелерін қатаң сақтаулары айтылады. Ата-аналар балаларын жауапкершілікке, сергектікке, жол ере -жес i н бұл -жыт — пай сақтауға тәрбиелегені абзал. Сондай-ақ мектеп мұғалімдері де сабақ барысында бастауыш сынып оқушыларына жол белгiлерiн үнемі қайталатып, балаларды сақтыққа шақырып отыруы маңызды, — деді ол.
Оның сөзінше, 2021 жылы ауданда жалпы саны 34 көлік оқиғасы тіркеліп, 47 адам түрлі дене жарақатын алып, 11 адам жол үстінде өмірімен қоштасқан. 2022 жылы көліктердің қатысуымен 34 оқиға орын алып, 12 адам қайтыс болған. Ал 2023 жылдың 5 айында 8 көлік оқиғасы болып, 1 адам қайтыс болып, 14 адам түрлі деңгейде жарақаттанып, дәрігерге жүгініп, ауруханадан ем-дом қабылдаған.
Балалар арасында көліктердің қатысуымен орын алатын оқиғаларды азайту мақсатында қалалық жерлердегі мектептер мен бөбекжай-бақшалардың алдына жергілікті әкімшілікпен бірлесе отырып, жасанды жол кедергілері орнатылды. Айталық, Қандыағаш қаласында 9 жерге жасанды жол кедергілері, 3 жерге ақылды бағдаршам қойылды, — деді Қайырғали Әжіғұлов.
ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАСЫНА СЕБЕП КӨП
Балалар жол қозғалысына қатысушылардың ең осал топтарына жатады. Полиция қызметкерлері балалардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының көптеп орын алуының негізгі себептерін атады. Олардың айтуынша, балалар көбіне жол жүрісі қағидаларын білмей немесе оларға немқұрайлы қарайды. Жолдың бойында ойнап жүріп, белгіленбеген жерлерден көшені кесіп өтіп, жол апатына себепші болып жатады.
—Қыс мезгілінде бірінші кезеңде оқитындар сабаққа ерте барып, екінші кезеңде оқитындар кеш тарайды. Оқыс оқиғалар көп жағдайда кешкілік уақытта орын алып жатады. Осындай сәттерде ата-аналар ескеріп, балаларға барынша ашық түсті киім кигізіп, жарыққа шағылысып, жарқырайтын заттар тағып қоюы қажет. Қараңғы уақытта бұл белгілер көлік жүргізушісінің назарын аудартады. Бүгінде жасөспірімдер көбісі қай жерге барса да құлаққап киіп, музыка тыңдап жүреді. Бұның салдарынан жанына келген көліктің дауысын естімей қалады. Ал арты жол жиегінен қағып кету оқиғасына алып келеді. Сондай-ақ, балалар велосипед теуіп жүрген сәтте жаяу жүргіншілер жолымен өтетін болса, велосипедтен түсіп жаяу алып жүруі қажет, — деді Қайырғали Қайыржанұлы.
Оның сөзінше, жол-көлік оқиғаларының орын алуына кей кездерде ата-аналардың тарапынан жасалатын қателіктер де себеп болады екен. Кейбір атааналар 12 жасқа толмаған балаларды көліктің алдына отырғызып, мектепке не болмаса, балабақшаға тасымалдайды. Бұл әрекеті жол жүру ережесін бұзып қана қоймай, баланың өміріне қауіп төндіреді. Алдыңғы орындағы қауіпсіздік белдігі балаларға арнайы жасалмағандықтан, оқыс оқиға кезінде өмірін қорғай алмайды. Баланы алдыңғы орынға алып отыру үшін арнайы балалар креслосы болуы шарт.
ЖОЛ ЕРЕЖЕЛЕРІН ЕРТЕ ЖАСТАН БІЛГЕН ЖӨН
Қоғам үшін баланың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігі маңызды. Осыған орай, мектепке дейінгі ұйымдар мен жалпы білім беретін мектептерде жолда жүру ережелеріне үлкен көңіл бөлінуде. Аудандық білім бөлімінің мамандары балалар өмірінің қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру үшін аудан мектептерін-де осы тақырыпта тәрбие сағаттарының өткізіліп тұратынын жеткізді.
Қандыағаш қалалық №3 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әсел Абитова оқушылар арасында жол ережелерін үйрету, қауіпсіздікті сақтау мақсатында бастауыш сыныптардан бастап, жоғары сынып оқушылары арасында түрлі шаралардың жиі өткізілетінін айтады. Сондай-ақ «Жолда жүру ережесі» деп аталатын арнайы бағдарламаның тәрбие сағаттарына кіріктіріліп оқытылатынын жеткізді.
—Мектебімізде бірнеше жыл бұрын 5,6,7-сыныптар арасында «Жас сарбаздар» сыныбы жасақталды. Аталған сынып оқушылары жол ережелерін өздері біліп қана қоймай, өзге балаларға үйретеді. Жол полиция қызметкерлерімен бірлесіп, түрлі акция аясында көшеге шығып, патрульдік қызмет атқарып, тақырыптық жадынамалар таратады. Мақсатымыз балаларды ерте жастан жол қауіпсіздігіне үйрету. Оқушыларға АӘД пәнінің мұғалімі Дәурен Сүйіндіков жетекшілік етеді, — деді Әсел Абитова.
Аудандық полиция бөлімінің ұйымдастырып жатқан «Абайлаңыз, балақай!» атты іс шара аясында аталған мектеп ұжымы «Жас жол инспекторы» сайысын өткізді. Сайысқа «Жас сарбаз» сыныбынан 2 топ қатысып, ережелерді жатқа айтып, реттеуші сигналдармен жұмыс жасап, саптық ән орындады. Жарыс барысында оқушылар жас санитар болып, оқыс оқиға орын алған сәтте алғашқы көмектің қалай көрсетілуі қажет екеніндігін де көрсетті. Бұл шараға аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қатысып, балаларды жол ережелерін біліп жүруге шақырып, жол бойында тәртіпті болуға шақырды.
Ембі қалалық №1 орта мектебінің ұйымдастырушы-педагогі Шынар Мұрзағали балаларды жолда жүру ережелерімен таныстырумақсатында ойындар , әңгімелер, серуен кезіндегі ойын түрлері , конкурстар өткізіп тұратынын тілге тиек етті. Мектепте жолда жүру ережесінің қауіпсіздігі туралы жазылған үлкен баннер ілінгенін айтып, жазылған ережелерге байланысты сұрақ-жауаптарды да кеңінен қолдану балалардың жол ережесі туралы түсініктерінің қалыптасуы мен білімдерінің жетілуіне көмектесетінін жеткізді.
—Балалар жолда жүру заңын сіз бен бізден үйренеді. Балалар үлкендердің жүріс-тұрысының жақсы жағын да, жаман жағын да қабылдайды. Көп жағдайда балалар жолда жарақат алып, түрлі жағдайға ұшырап жататыны көлік жүргізушілерінің ғана кінәсінен емес, ол көбінесе балалардың жол жүру ережесін білмегендіктен болады. Балаларға жолда жүру ережелерін үйретіп, үнемі оған үлгі көрсетіп және жүріс-тұрысын қадағалап, балаларды көшеде болатын қауіпті жағдайлардан сақтандыру мұғалімдер мен қатар әрбір ата-ананың міндеті. Ембі қалалық полициясының қызметкерлері үнемі «Абайлаңыз балалар!» атты жедел профилактикалық іс-шаралар өткізіп тұрады, — деді Шынар Олжасқызы.
АТА-АНА ДА ЖАУАПТЫ
Ақкүміс АСҚАРҚЫЗЫ, ата-ана:
— Қазіргі таңда қалада көлік нөпірі көп. Сабаққа жіберген сайын қорқып отырамыз. Бала болғасын шалалығы да болады. Барымызша жол ережелерін сақтап жүруін айтып, құлақтарына құямыз. Көлікті адам жүргізіп отырғанымен, темірдің аты темір. Қажет болған жағдайда тежегіші істен шығып, оқыс АТА-АНА ДА ЖАУАПТЫ оқиғаға тап болуы әбден мүмкін. Сондықтан балаларыма арнайы белгіленген жерден өту қажеттігін үнемі ескертемін.- Үйде отырғанда жол ережелері туралы сұрақтар қойып, білмегендерін үйретіп жүрмін.
Ақсалқын САПАРҒАЛИ, ата-ана:
— Үнемі балаларымызға жолда абайлап жүруін ескертеміз. Бірақ бала болғаннан кейін атқанымызды ескермей жататын кездері көп болады. Жақында ғана кіші қызым қосымша сабақтан қайтып келе жатып, автобустан түскен. Автобустың алдын кесіп өтіп, жолдан өтпек болғанда, артқы жағынан келген көлікті байқамай, оқыс оқиға тап болған. Абырой болғанда, көліктің жылдамдығы баяу болып, тежегішті басып үлгерген. Егерде жылдамдығы жоғары болған жағдайда қандай оқиғаның орын алатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Қазір осы оқиғадан сабақ алып, балаларымызға жолда жүру ережесін үйретіп отырмыз.
ЖОЛ ЕРЕЖЕСІН БІЛЕСІҢ БЕ?
Айдария ІЗБАСХАНҚЫЗЫ, оқушы:
— Біздің мектептің алдында ақылды бағдаршам бар. Мен жолдан өткенде соны басамын. Сосын жасыл түс жанғанша күтіп тұрамын. Әкем үнемі жолдың жиегімен жүрмеу қажет екенін айтып отырады. Сол үшін адамдар жүретін жолмен жүремін. Машиналар өтіп жатқанда жолды кесіп өтуге болмайды. Арнайы белгі қойылған жермен жүру қажет.
Мирасулла БЕРІК, оқушы:
— Бізге мектепте жол жүру ережесі бойынша сабақ өткізеді. Апайым да үнемі жолда абайлап жүру қажет екенін айтып отырады. Жолдан өткен сәтте бірінші сол жағыма, сосын оң жағыма қарап өтемін. Жаяу жүргіншілер жолына келгенде, бағдаршамның қызыл түсі жанған сәтте тоқтап, күтемін. Ал жасыл түсі жанғанда жүремін.
Түйін
Балаларды жол жүру ережелеріне үйрету — ата-ана мен үлкендердің тұрақты, үздіксіз жұмысы. Балалар өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды жол жарақаттарынан сақтау үшін алдымен жолда, көшеде жүру ережелерін, жолда жүру тәртібін үйретуіміз керек. Үйде ата-ана, мектепте мектеп мұғалімдері бірлесіп, балаларға жол ережелері туралы үйретер болсақ, балаларымыздың өміріне төнетін қауіптің азаяры анық…
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ