«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖАСӨСПІРІМ: 220 ХАТТАМА ТОЛТЫРЫЛЫП, 6 ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ТІРКЕЛГЕН

Бүгінде оқу жылы аяқталып, жазғы демалыс уақыты да басталып кетті. Енді жасөспірімдердің тәртібін қадағалайтын құқық қорғау органдарының жұмысы екі есе көбейетіні сөзсіз. Себебі, жасөспірімдердің қолымен жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жаз мезгілінде көп тіркеледі екен. Тәртіп сақшылары мен мектеп мұғалімдері «қиын балалармен» қанша жерден жүйелі жұмыс істесе де, жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Осыны ескерген газет тілшілері аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлерімен бірге түнгі рейдке шығып, көшеде заңды өкілінсіз жүрген балалар көп шоғырланатын нысандарды аралап, «түнгі қаланың жасөспірімдерін» көздерімен көріп қайтты. Сондай-ақ балалардың тәрбиесіне жауапты тараптармен де тілдесті.

Қылмыстың алдын алу – маңызды

Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуға бағытталған түнгі рейд тобына біз де ілесіп, ымырт түйіле қала көшелерін араладық. Мұғалжар ауданы полиция бөлімінің ювеналдық полиция тобының аға учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Мұратбек Дүйсембаев бастаған топ алдымен орталық саябақты шолып шықты. Саябақта адам қарасы көп. Ол жерден күннің ыстығында үйіне сыймай, таза ауамен тыныстауға шыққан жасты да, қартты да кездестіруге болады. Топ мүшелері бірқатар жасөспірімдерді тоқтатып, аты-жөнін анықтап, көшеге шығуға тыйым салынған уақыттың таяп қалғанын ескертіп, үйлеріне қайту керектігін айтты.

Жастардың көп шоғырланатын жері-ойын-сауық орындарына қарай беттегеніміз сол еді, телефон шыр ете қалды. Арғы жағынан «Жастық» мөлтек ауданында көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің ауласында бір топ бала шулап, тұрғындардың мазасын алып жатқандығы жөнінде хабар түсті. Дереу сол жерге қарай бет алдық. Полиция қызметкерлерінің келгенін байқап қалған бір топ бала тым-тырақай қаша жөнелді. Арасында қашып үлгермеген екі қыз баланы тоқтатып, жөн сұрадық. Тексере келе, олардың жастары әлі 18-ге толмағаны анықталды. Бірі орта мектепте оқыса, екіншісі колледждің студенті екен. Атааналарына хабарласып, жағдайдың мән-жайы түсіндірілді. Біреуін үйіне апарып, ата-анасына табыстап, ескерту беріліп, хаттама толтырылды. Ал екінші қыздың анасы телефон тұтқасын көтермеді. Бұл қыз бала сан түрлі сылтау айтып, салдары белгісіз себептерді жаудырып, жауапкершіліктен жалтарғысы келді. Соңында аудандық полиция бөліміне апарылып, әкесіне қоңырау соғылып, сол жерден алып кету қажеттігі айтылды. Анықтай келе әлгі қыздың анасы вахталық ауысыммен жұмыс жасайтыны, әкесінен бөлек тұратыны, үйінде өзінен кіші екі інісінің бары белгілі болды. Біраздан соң полиция бөліміне қыздың әкесі келіп, алып кетті.

Ювеналдық полиция тобының аға учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Мұратбек Дүйсембаев бұндай жағдайдың күн сайын кездесетінін, көптеген ата-аналардың балаларына жауапкершілікпен қарамайтынын тілге тиек етті.

Инспекторлар үнемі атааналар және оқушылармен жүйелі түрде кездесулер өткізіп, еліміздегі заң нормаларын түсіндіреді. Әрі түнгі мезгілде жүретін жеткіншектерді бақылауға алып, олармен жұмыс жүргізеді. Осы жылдың 6 айының ішінде түнгі мезгілде көшеде жүрген 220 баланың ата-анасынан үстінен 442 бабының 2/3 бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды. Ал өткен жылы 345 хаттама толтырылған болатын. Салыстырмалы түрде тәртіп бұзушы балалар санының артқанын байқауға болады. Жасөспірімдер арасында қылмыстық оқиғалар да азаймай отыр. Айталық, 2022 жылы бір жылдың ішінде балалардың араласуымен 6 қылмыстық іс тіркелсе, осы жылдың 6 айында 6 қылмыстық іс орын алып отыр. Бұл әрине, кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың көбейіп тұрғанын көрсетеді. Көбіне жеткіншектер арасында кездесетін қылмысқа ұрлық пен төбелес себеп болады. Бір қуанарлығы, бүгінгі таңда аудан бойынша түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқан жасөспірім жоқ, — деді Мұратбек Темірұлы.

Оның сөзінше, жасөспірімдердің арасындағы қылмыстың алдын алу үшін мектептерде, колледждерде ата аналар жиналысын өткізіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ аудандық білім бөлімінің мамандарымен бірлесіп, «Түнгі қаладағы балалар» «Жасөспірім», «Каникул», «Абайлаңыз, балалар!» атты профилактикалық жедел іс-шаралар өткізіліп тұрады.

26 қолайсыз отбасы есепке алынған

Аудан әкімдігінде Мұғалжар ауданы әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия жұмыс жасайды. Комиссия жұмысы кәмелетке толмағандар арасында қылмыстық құқықбұзушылықтардың, олардың қараусыз және панасыз қалуының алдын алу және олардың құқығын қорғауға бағытталған. Аталған комиссияға аудан әкімінің орынбасары Рустам Ахметов төрағалық етеді. Оның айтуынша, аудан бойынша 26 қолайсыз отбасы есепке алынған. Бұл отбасылар ішімдікке әуес және бала тәрбиесімен айналыспайды екен. Әр отбасын комиссия мүшелері үнемі қадағалап, рейдтік іс-шаралар жүргізіп, тұрғын жайларын тексеріп отырады.

Ағымдағы жыл бойынша комиссия мүшелері жоспарлы түрде он отырыс өткізсек, Ембі қаласында кезектен тыс бір отырыс өткіздік. Комиссия отырыстарында аудандық полиция бөлімінен және білім беру мекемелерінен түскен материалдар қаралып, шешімдер шығарылды. Комиссия отырысында істері қаралған балалардың барлығы спорттық үйірмелеріне тартылып, жазғы мектепішілік лагерьмен қамтылды. Ал бір ата-ана жұмысқа орналастырылды. Осы жылы өзінің міндеттерін орындамаған бір ата-ананың құжаттарын ата-аналық құқығынан айыру үшін сотқа жолданды. Соттың процесі аяқталғанша кәмелетке толмаған қызы «Аяла» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына орналастырылды, — деді комиссия төрағасы Рустам Ахметов.

Комиссия мүшелері полиция бөлімімен бірлесіп үнемі рейдтік іс-шаралар өткізіп тұрады. Жазғы каникул кезінде кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың және түнгі уақытта жұмыс жасаудың алдын алу мақсатында комиссия төрағасының бекітуімен жұмысшы топ құрылған. Топ құрамына комиссия хатшысы, мектеп директорлары, аудандық полиция және аудандық білім бөлімінің қызметкерлері бар. Жұмысшы топ жаз мезгілінің түнгі уақыттарында қоғамдық орындарды, парктерді, тамақтану орындарын аралап рейдтік іс-шаралар жүргізеді.

Бірлескен жұмыс — тәрбиенің бастауы

Бала тәрбиесінде өз ата-анасынан кейін ұстаздардың алатын орны ерекше. Ертеңгі болашақтың іргетасы ұстаздардың тағылымды тәрбиесінің негізінде қаланады. Өйткені, ұстаздардың ең басты негізгі міндеті — оқушыларды біліммен сусындатып қана қоймай, оларды ізденуге, еңбек ете білуге, баланы тұлға етіп қалыптастыруға, оның қабілеттерін айқындап, әрі қарай дамытуға үлес қосу. Осы орайда Қандыағаш қалалық №3 мектеп гимназиясы директорының орынбасары Әсел Абитова мектепішілік есепке алынған оқушылармен сынып жетекшісі, әлеуметтік педагог пен психолог бірлесіп жұмыс жасайтынын жеткізді. Оқушылардың сабаққа қатысымы мен тәртібі сынып жетекшілері мен мектеп әкімшілігі тарапынан қатаң бақылауға алынып, оқушылардың тұрмыстық жағдайларына зерделі зерттеу жүргізілетінін де айтты.

«Қиын оқушы» деп сабаққа себепсіз келмейтін, ата-ана тарапынан бақылаусыз, қадағалаусыз жүретін, қаңғыбастыққа бейім, мектепішілік тәртіп ережесіне бағынбау, төбелес, дөрекіліктерге бейім, т.б. девиантты мінез-құлық танытатын оқушыларды айтамыз. Сынып жетекшілері оларға жеке бақылау күнделіктерін арнап, ата-анасымен тығыз байланыс орнатады. Оқушылардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастырып, үйірмелерге, сыныптан тыс шараларға тартады. Қазіргі таңда тиімді іс-шаралардың бірі өзін-өзі басқару оқушылар ұйымынан құрылған «Qosyl kenes» жобасы жүзеге асырылуда. Тәртібі қиын оқушыларды белсенді оқушылардың қатарына қосып, оқушылардың мүмкіндіктері мен дарындарын ашуға жағдай жасаудамыз. Сонымен қатар, «MOVIE MAKING» атты жас мобилографтар тобының жұмысы да оқушылардың қызығушылығын арттыруда. Тәртібі қиын оқушылардың көпшілігі ұялы телефондағы ойынды көп ойнайтындығы анықталды. Сол бағытта дұрыс пайдалану, пайдасына жарату мақсатында мектептішілік шараларды түсіру, монтаждау арқылы оқушыларды баулу жұмыстары жүргізілуде. Тәртібі қиын оқушыларды «JAS PATRIOT» жобасына, «Жас Сарбаз» әскери патриоттық клубына тартамыз, — деді ол.

Оның сөзінше, «қиын оқушыларды» есепке алу және шығару туралы шешім Құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша кеңес отырысында қабылданады екен. Сондай-ақ аудандық білім бөлімінен берілген қатынас хат негізінде ай сайын оқушылардың түнгі беймезгіл уақытта заңды өкілінсіз жүруіне жол бермеу, өмір қауіпсіз-дігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында АІІБ-нің қызметкерлерімен бір-лескен мұғалімдер мен ата-аналардан құралған кеш-кілік рейдтер жүргізіледі. Рейд барысында мектепке қарасты «Жастық», «Достық», «Самал», «Газшылар», «Болашақ» мөлтек аудандары, ойынсауық мекемелері араланып, кафе, мейрамханаларда жұмыс жасау мәселесі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Ембі қаласының мектеп жанындағы интернаты бар №7 жалпы білім беретін орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әсел Илясова баланың бәрі жақсы екенін, «жамансың» дей бергеннен жақсы баланың шықпайтынын айтады.

Үнемі балаларды жігерлендіріп, қолдарынан келетіндеріне сендіріп, алға қарай ұмтылдырып отыру маңызды. Біз барлық баланың дегенін тыңдаймыз. Біздің басты мақсат — ұстазынан озатын шәкірт тәрбиелеп шығару. Біздің мектепте аудандық ішкі істер бөлімінде есепте тұрған оқушы жоқ. Бір оқушы ғана мектепішілік есепте тұр. Оны қатаң бақылауда ұстаймыз. Спорттық үйірмелерге қатыстырып, ортаға бейімдеп, жақсы балалармен араласуына жағдай жасаймыз. Мектепте қолайсыз отбасы ретінде тіркелген отбасылардың балаларын да бақылаймыз. Айталық, анасы ішкілікке салынған бір отбасының балаларына үнемі хабарласып, жағдайын сұрап отырамыз. Кейде үйлеріне барып, көзімізбен көріп, тұрмысымен танысып отырамыз. Ембі қаласындағы жастар арасында басты мәселе — аймақ-аймақ болып төбелесу. Осыған орай, ата-аналар жиналысын өткізіп, түрлі тақырыпта тәрбие сағаттарын жиі өткізіп, түсіндерме жұмыстарын жүргіземіз, — деді Әсел Илясова.

Біле жүріңіз!

Егер бала ата-анасының немесе заңды өкілдерінің ертіп жүруінсіз тиісті емес уақытта жүрсе, онда ол полиция бөліміне түсуі мүмкін. Баланың заңды өкілдерінің ертіп жүруінсіз түнгі уақытта (сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін) ойын-сауық мекемелерінде болуына, сол сияқты онда жіберілуіне тыйым салынады. Айталық, жасы 18-ге толмаған балалардың ойын мекемелерінде, түнгі клубтарда, кафе-барларда, мейрамханаларда, интернет кафеде, компьютерде, бильярд бөлмелерінде, кинотеатрларда, театр және ойын-сауық нысандары және басқа ғимараттарда, ойын-сауық, театр және ойын-сауық, спорттық, мәдени және демалыс қызметтері ұсынылатын үй-жайларда сағат кешкі 23.00-ден таңертеңгі 6.00-ге көшеде болуына тыйым салынады. Ата-аналарға, заңды өкілдерге кәмелетке толмаған балалардың заңды өкілдерінсіз түнде ойын-сауық мекемелерінде немесе үйден тыс жерлерде жүргені үшін: кешкі 22.00-ден таңғы 6.00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде болса — 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады; түнгі 23.00- ден таңғы 6.00-ге дейін үйден тыс жүретін болса – ескерту жасалынады. Егер ұқсас факт жыл ішінде қайталанса, 7 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Баланы тиісті емес уақытта болғаны үшін ойынсауық мекемесінің иелеріне де айыппұл салынады. Егер атааналары уақытша қалада болмаса, онда туыстары немесе өкілдері тиісті құжатты немесе нотариалды куәландырылған сенімхатты ұсынуы керек.

Балаңыздың қайда жүргенін білесіз бе?

Лаура, 14-тегі жасөспірімнің анасы:

Менің балам бір мәрте түнделетіп көшеде жүргені үшін полициядан ескерту алғанымыз бар. Әрине, ол ата-ана үшін үлкен мәселе. Ұяттан жерге кіріп кете жаздағанымесімде. Баламыздыңжаман болғанын қаламайтынымыз анық. Десе де, кейде қиылып сұранғасын кешкілік жүріп келуге жібереміз, соның аяғы кештетіп келетіні бар. Барынша түсіндіріп, ұғындырып-ақ жатырмыз. Әйтсе де, балалықпен сол дегенімізге ден қоймай жататыны жасырын емес. Сол бір рет болған оқиғадан кейін, ондай жағдай қайталанбады, қайталанбайды да деп сенеміз. Баламыз өзіне сабақ ала білді деп ойлаймын. Балаға бастысы ненің жақсы, ненің жаман екенін ұрыспай, ұрмай, үлкен адамша түсіндіре білу керек деп ойлаймын. «Болмайды» деген сөздің мағынасын бала ұғып өсуі қажет. Біз, ата-аналар, жауапкершіліктен жалтара алмаймыз. Сол себептен «баланы жастан» деген сөзді естен шығармауға тырысыпақ жүрміз. Қазір баламыздың қайда жүргенін бақылап отырамыз. Әрбір жарты сағат сайын хабардамыз. Әкесіне кәдімгідей есеп беруге де үйреттік. Айналасындағы достарын да жақсы білеміз. Бұл — қандай да бір қауіптің алдын алуға көмектеседі де сенеміз.

Айгерім, Ембі қаласының тұрғыны:

Тәрбие отбасынан басталады. Егер атаана отбасындағы үлкендерді сыйлап, құрметтесе, кішілерге қамқор болса, бала да сондай болуға ұмтылады. Біз өз баламыздың айнасымыз. Олар бізге қарап бой түзейді. Балаларыма үнемі ата-анаңның атына кір келтірме, «көргенсіздің баласы» деген сөзді естіртпеуге тырыс деп айтып отырамын. Бала болғасын шалалығы да болады. Өткен жылы сағат кешкі 11-ден кейін жүргені үшін баламызды тәртіп сақшылары ұстап алып, бізді ішкі істер бөліміне шақыртты. Естіген сәтте қатты қорқып кеттім. Уайымдағанымды жасыра алмаймын. Содан кейін қадағалауды екі есеге көбейттік. Таныстарымыздың балалары бірнеше мәрте ұсталып, ата-аналарына айыппұл салған екен.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

АЭС АСА ҚАЖЕТ, ҚАУІПСІЗДІК ТЕ – МАҢЫЗДЫ

admin_mugalzhar

«AMANAT» ПАРТИЯСЫ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТКІЗДІ

admin_mugalzhar

Мұғалжарлық Батыр ана 12-ші сәбиін дүниеге әкелді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.