«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖАСТАРҒА ҚОЛДАУ КӨП

Биыл «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға толықтырулар мен өзгертулер енген болатын. Жастар санатына кіретіндердің жасы 29-дан 35-ке дейін ұзартылуы да сол өзгерістің бірі. Бұл яғни, жасы 29-дан асқан жастар үшін қосалқы мүмкіндіктер ашты. Енді орда бұзар отызды орталағандар жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларға және жастар орталықтарының жобалары мен іс-шараларына қатыса алады.

Мұғалжар ауданында бүгінде 14 пен 35 жас аралығында 14 865 жас бар. Мұғалжарлық жастармен жұмыс жүргізуді мойнына алып, жоғын жоқтап, барын сүйіншілейтін аудандық жастар ресурстық орталығы бірнеше бағыт бойынша жұмыс жасап келеді.

Қазіргі қоғам дертіне айналған, әсіресе, жастарды шырмаған ойынқұмарлықтың алдын алу, лудоманиямен күрес орталықтың жұмыс жоспарына енгізілді. Алайда, нақты жұмыстың «Үлгілік ережесі» әлі министірлікте бекітілмеді. Сол себептен әзірге жастар арасында анкета толтырылып, сауалнама жүргізіліп, мониторинг жасалып отыр. Бұндағы мақсат — адамның жақыны, досы, туысы, әріптестері арқылы ауданда қаншалықты ойын құмарлық белең алып отырғанын анықтау.

Орталық жұмысының негізгі бағыты — NEET санатындағы жастарға көңіл бөлу. Себебі бұл санат ресми түрде заңнамаға, терминологияға енгізілді. «Яғни NEET дегеніміз — оқымаған, жұмыссыз жастар. Бірінші кезекте ол жастарды анықтау, мемлекеттік бағдарламаларға тарту, консультативтік көмек көрсету қажет. Бүгінгі таңда жұмыспен қамту орталығымен мекенжай жұмыстар жүргізілудің нәтижесінде 14-35 жас аралығында 503 NEET санатындағы жандар анықталып отыр. Оның 9-ы мүмкіндігі шектеулі жандар болса, дипломдары бола тұра жұмыс жасамай отырғандар саны 134, ал 24-і абсолюттік NEET қатарына кіреді, ол дегеніміз оқымаған сонымен қатар жұмыссыздарды айтады. 503-тің 86-сы ер адам, 417-сі әйел адам. «Әйел адамның саны неге көп?» деген сұраққа келер болсақ, көрсетілген санның 336-сы 1 жасқа дейін бала күтімімен отырған аналар болып есептеледі. Сондай-ақ осы санаттағы жастарға арнайы облыстан делегация келіп, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп кетті, — дейді Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Дәуренбек Сираж.

Маманның айтуынша, «Жасыл ел» бағдарламасына биыл 70 мұғалжарлық жас тартылған. Бағдарламаның былтырдан биылғы ерекшелігі «Жасыл ел» жасақтары абаттандыру, көше тазалау секілді жұмыстарға емес, орман шаруашылығына жіберілді. Жастар осы айда Ембі қаласы мен Орқаш елді мекеніне жіберілсе, келесі айда Жұрын ауылдық округінің маңайында ағаш отырғызу жұмыстарына жұмылдырылатын болады.

Одан бөлек, орталық Мұғалжар аудандық қорғаныс істер бөлімі, аудандық кітапхана және пробация секілді мекемелермен бірлескен жұмыс жоспары бекітілген меморандумға қол қойылды. Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Жас келсе, іске» жобасы жүзеге асуда. Мемлекеттік мекемелер, ірі кәсіпорындар мен кәсіпкерлік нысандарды аралау және хат алмасу барысында бос жұмыс орындары анықталып, оны «екі қолға бір күрек» іздеген жастарға әлеуметтік желі арқылы ұсынуды көздеп отырмыз. Жалпы қорыта келе айтарым, заңға енген өзгерістердің артында үлкен жобалар мен бағдарламалар күтілуде. Жыл соңында нәтижесі белгілі болмақ, — деді Дәуренбек Сираж.

А.МАНАСБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

ТАЗАЛЫҚ СІЗ БЕН БІЗ ДЕН БАСТАЛАДЫ…

admin_mugalzhar

ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ — БАСТЫ МІНДЕТ

admin_mugalzhar

Елімізде 4 мыңнан астам науқас ағза ауыстыруға мұқтаж

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.