«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ӨЗ ОРНЫН ТАПҚАН АСПАЗШЫ

ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ АЯСЫНДА БІЗ ҚОҒАМДА АСА ҚАЖЕТ, БІРАҚ КӨП ЕЛЕНЕ БЕРМЕЙТІН КӘСІП ИЕЛЕРІ ТУРАЛЫ КЕҢІРЕК ЖАЗЫП ЖҮРМІЗ. БҰЛ ЖОЛЫ ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНДАҒЫ «CARAMEL» КАФЕСІНЕ БАРЫП, АСПАЗДЫҚ КӘСІПТІҢ ҚЫР-СЫРЫН МЕҢГЕРІП, СҮЙІКТІ ІСІМЕН АЙНАЛЫСЫП ЖҮРГЕН БАС АСПАЗ АЗАМАТ КУБАТАЕВПЕН ТІЛДЕСТІК. ОЛ АСПАЗ МАМАНДЫҒЫНА БАР ЖАН-ТӘНІМЕН БЕРІЛГЕН, КӘСІБІНІҢ ШЫНАЙЫ ЖАНАШЫРЫ.
Әдетте дәмханаға барып тамақ ішкенде ол жердегі асхананың ішіне үңілмейміз, аспаздың кім екеніне де аса мән бере бермейтініміз де жасырын емес. Біз барған кезде Азамат осы өзі үшін маңызы ерекше жерде-асханада қызу жұмыс жасап жатыр екен. Қолы-қолына жұқпай, ет пен көкөніс турап, арасында қазандағы асты араластырып, айналасындағы көмекшілеріне де тапсырма беріп, бәріне үлгеріп-ақ жатыр.
Аспаздық жолға келгеніме небәрі сегіз ай ғана болды. Бірақ осы салаға аяқ басуыма өмірлік жарым мен қазіргі жұмыс орнымдағы басшы Дәулет ағам үлкен себепші болды. Негізі тамақ пісіруге бала кезімнен әуеспін. Үйде анама көмектесіп, түрлі тағамдар әзірлейтінмін. Кейін келіншегім де қолдап, «сенің тағамдарың ерекше дәмді, неге кәсіби аспаз болып көрмейсің» деген ұсыныс айтты. Содан бастап «неге байқап көрмеске?!» деген ой келді, — дейді өзі.
Азамат мейрамхана бизнесінен, жалпы ішкі жұмыстарынан хабарсыз адам емес. «Caramel» кафесінде 7 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның алғашқы алты жылында сатып алу жөніндегі маман болып, осы аралықта ас үйдің тіршілігіне етене араласып, аспаздықтың бүге-шігесін бақылап жүріпті.
Қарап жүріп, дайындалып жатқан тағамдардың пісірілу ретін, қоспаларының үйлесімін, пісіру ерекшеліктерін меңгеріп алдым. Үйде де қолым қалт етсе, түрлі тағамдар пісіріп жүретінмін. Сондықтан бұл жұмыс мен үшін тосын жаңалық болмады. Тек кәсіби деңгейге шығу үшін көп еңбектену керек болды, — дейді ол.
Азамат бүгінде кафедегі бас аспазшы. Ол Еуропа асханасының тағамдарын әзірлеуге маманданған. Бірақ тапсырысқа байланысты барлық ас түрін дайындап береді. Әңгіме арасында бұл бағыттағы қызықты жайттармен де бөлісті.
Еуропа асханасының ерекшелігі — етті соңына дейін пісірмейді. Бірақ көпшілік мұны түсіне бермейді. «Шикі ет әкелдіңіздер» деп қайтарып жатады. Мұндай сәтте барып, тағамның табиғатын, әзірлену әдісін түсіндіруге тура келеді. Бірі тыңдайды, бірі түсінгісі келмейді. Бірақ бұл біздің жұмысымыздың бір бөлігі. Адамдармен қарым-қатынас орнату да аспаздың жауапкершілігіне кіреді, — дейді кейіпкеріміз.
Аспаздық біліктілігін арттыру мақсатында ол Қазан қаласынан арнайы келген Александр есімді кәсіби аспаздан екі ай бойы арнайы дәріс алған. Бұл тәжірибе оның маман ретінде шыңдала түсуіне үлкен әсер еткен. Азамат пен жұбайының төрт ұлы мен бір қызы бар. Әрине, жұмыстан тыс уақытта балаларымен бірге уақыт өткізуге тырысады. Спортпен тұрақты түрде айналысып, салауатты өмір салтын ұстанатын ол үлкен ұлдарын да спортқа баулып, ер азаматқа тән жауапкершілікті бала жастан дарытуды мақсат етіп отыр.
Демалыс күндері міндетті түрде отбасыма өзім тамақ дайындап беремін. Үйдегілер менің тағамдарымды күтіп отырады. Балаларымның «әке, бүгін не дайындайсың?» деп сұрағаны мен үшін үлкен қуаныш. Бұл менің мамандығымды одан әрі жақсы көруге себеп болады, — дейді бас азпаз.
Оның айтуынша, кәсіби асханада жұмыс істеу үйдегі ас әзірлеуден мүлде өзгеше. Бұл жерде бәрі нақты тәртіпке бағынады. Тағамның сапасы ғана емес, өнімнің балғындығы, тіпті дайындау уақыты та маңызды.
Ас үйде бәрі тәртіпке бағынышты. Әр қызметкердің өз міндеті бар. Таңертең жұмысқа келгенде ең алдымен асүйді тексереміз. Құрал-жабдықтардың дайындығын қараймыз. Сосын мәзірге сәйкес қандай өнімдер жеткізілгенін тексеріп, мәзір бойынша күннің жоспарын жасаймыз, — дейді ол.
Тағам дайындалатын әр бұрыштың тазалығы, санитарлық талаптарға сай болуы — басты назарда. Әрбір кесу тақтайшасының, пышақтың, ыдыстың арнайы мақсаты бар. Аспаздықта мұндай ұсақ-түйекке де үлкен мән беріледі.
Біздің асханамызда ұлттық тағамдарымыз, Еуропа, шығыс тағамдары, бургерлер, стейктер, паста түрлері, салаттар, десерттер — бәрі дайындалады. Әр тағамның өзіндік дайындау уақыты мен технологиясы бар. Кейбір тағамның тұздығы 2-3 сағат дайындалуы мүмкін. Бір қарағанда оңай көрінетін істердің артында үлкен еңбек жатыр. Сонымен қатар қонақтың алдына шыққан әр тағам біздің бет-бейнеміз. Ол дәмі ғана емес, сыртқы келбетімен де адамды баурап алуы керек. Сол үшін әр тамаққа жауапкершілікпен қарап, тағамды безендіруге де ерекше көңіл бөлеміз, — дейді Азамат.
Кейіпкеріміздің мамандығы теміржол саласына қатысты. Бірақ бұл салада бір күн де жұмыс істемеген. Сауда саласында, вахталық режимде, байланыс операторлығында түрлі жұмыстар істеп көрген. Бірақ ақыры өзінің жүрек қалауы — аспаздыққа келгенін өміріндегі үлкен және дұрыс шешім деп санайды.
Адам өзіне ұнайтын істі табу үшін өмірдің түрлі жолынан өтуі мүмкін. Мен де түрлі салада еңбек еттім, жаным қалаған жұмысты іздедім десем де болады. Бірақ бірде-бір жұмыс маған аспаздық сияқты жақын болмады. Қазір ойласам, менің жолым осы екен, бұл мүлде бөлек әлем. Әр адам өзіне ұнаған іспен айналысуы керек деп есептеймін. Мен өз орнымды таптым, — деді аспазшы Азамат сөз соңында.
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

МҰҒАЛЖАРЛЫҚТАР ӨЗ ТАҢДАУЛАРЫН ЖАСАУДА

admin_mugalzhar

ӘКІМ АРДАГЕРЛЕРДІ ЖАҢА ЖЫЛМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

admin_mugalzhar

НАУҚАНҒА ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ҚАТЫСУҒА ШАҚЫРДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.