«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ақтөбе облысындағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ақтөбе облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, облыстың тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау органдары қызметінің негізгі басымдықтары — халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету, облыс аумағында мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру, қоғамдық денсаулық сақтау, көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын бақылау және т. б. болып табылады.

«Департамент пен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының арқасында былтыр облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты сақталды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда А вирустық гепатитімен 17 жағдай тіркеліп, ауру 4 есеге азайғаны байқалады, ал менингококтық инфекция ауруы 4-тен 1-ге дейін төмендеді», — деген департамент басшысы жүргізілген профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде карантиндік және аса қауіпті инфекциялардың эпидемиологиялық жағдайы тұрақты болып, облыс аумағында сырттан әкелінген жағдайлар тіркелмегенін айтты.

Сондай-ақ аталмыш қызмет мамандары жыл бойы санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу үшін өнімді сатып алу жолымен оның қауіпсіздігіне мониторинг жүргізді. Өткен жылы 3364 өнім сынамалары алынып зерттелді, оның ішінде 379-ы немесе 11,3 % сынама техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейді.

«Жалпы бақылау нәтижесінде өнім сынамалары ішінде тағам өнімдерінің 2430 сынамасы сатып алынып зерттелді, 287 сынаманың техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмегендігі анықталды. Негізінен тағам өнімдерінің басты бөлігі, тағам өнімдерінің таңбалануы бойынша техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмеді, яғни өнім туралы мәліметтер мен тұтыну мерзімі тұтынушыға дұрыс жазылып көрсетілмеген немесе мемлекеттік тілде көрсетілмеу жағдайы кездесті. Сәйкес келмейтін тағам өнімдерінің басым көпшілігін құс еті мен оның өнімдері, балық, ет, аспаздық өнімдер құрады.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша жеке кәсіпкерлік субъектілеріне 111 ұйғарым берілді. Мамандар құқық қорғау органдарына медициналық қызметтерді сапасыз көрсету, кәсіби міндеттерін тиісінше орындамау дерегі бойынша жеке және заңды тұлғалардың шағымдары мен мемлекеттік органдардың хаттары бойынша жүргізілген тексеру нәтижелері туралы 12 акті жіберді. Қазіргі уақытта барлық жағдайлар бойынша тергеуге дейінгі тексеру жүргізілуде», — деп қорытындылады спикер.

Тексерістер кезінде анықталған санитариялық талаптарды бұзғаны үшін облыс бойынша 104 млн теңге көлемінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы 1188 қаулы шығарылып, 1187 тәртіп бұзушылықты жою туралы ұйғарым берілді, сот-тергеу органдарына 126 іс жолданған, 270 адам жұмыстан уақытша шеттетілген және 5 нысанның қызметі тоқтатылды.

Ұқсас ақпараттар

Биыл Ақтөбеде 2 мың пәтер беріледі

admin_mugalzhar

АУЫЛҒА ЖАРЫҚ ШАМДАРЫ ОРНАТЫЛДЫ

admin_mugalzhar

ЖАС МАМАНДАР АПТАЛЫҒЫ ӨТТІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.